Биылғы жылғы жаздың шілдесінің тағы бір күні өтіп барады. Уақыт не деген жүйрік. Осыдан біршама уақыт бұрын Жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өткізіп, 1 шілдеден бастап Жаңа Конституция өмірге еніп, Парламент тарап, Құрылтайға сайлау өтеді. Жаңа заңға орай жаңа ережелер еніп, өмір сүру дағдымызға бірқатар өзгерістер болады дегенде әлі біраз уақыт бар дейтінбіз…
Бүгін 1-ші шілде. Кеше қос Палаталы Парламент тарады. Ештеңесі де жоқ, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының біріккен отырысында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Парламент депутаттарына жемісті жұмыстары үшін рахмет айтты. Енді құрылатын Құрылтайдың партиялық тізім бойынша сайланатын жаңа депутаттарына сәттілік тіледі.
Қ.Тоқаев парламентте сөйлеген өз сөзінде “Қазақ мемлекеттілігінің ғимаратына жөндеу жүргізу көзделуде” деп, қоғамға біраз жайдан белгі берді. Бұған дейін Мемлекеттік хатшы болып келген Е.Карин Президент әкімшілігінің басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Кариннің қызметтен бұдан да жоғары көтерілуінен үмітті болып жүрген кейбіреулер бұл тағайындауды төмендеу деп ұққанымен, дәл осы Ерлан Тынымбайұлы Президент айтқан “мемлекеттілігіміздің ғимаратын жөндеу жұмыстарын” жүзеге асыратын Бас сәулетші, немесе бас прораб ретінде осы қызметке келді – ау деген жорамалдар да жоқ емес.
Әр күз, әр көктем Үкімет үшін бір күмән, бір үміт. Кетіп қалмас па екенбіз деген күмәнді бәлкім әлі де қалармыз деген үміттің жеңіп келе жатқаны белгілі жай. Бұл жылғы жазда Үкімет үмітіне селкеу түсіп тұрғандай. Мемлекет басшысының да сөз басын үкіметтен бастауы тек болмаса керек. Тоқаевтың “инфляцияны тежеп, мейлінше төмен деңгейге жеткізгені жөн. Экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет» деген тапсырмасы қазіргі үкімет үшін оңай емес екені рас. Президент тапсырмасынан кейін осы Үкімет сонда осы уақытқа дейін не істеп отыр деген сұрақ туындайтыны да анық. Үкімет беделі таразысының бір басындағы инфляцияның төмендеу деңгейі мен екінші басындағы экономикалық көрсеткіштердің ұлғаюы үкіметтің бар күшін сарқып болған сияқты…
Президент сөзін тыңдап бірі үмітті, бірі мұңлы болса да үндемей ғана тарап, кетіп бара жатқан Парламент депутаттарында бір дәме бары анық. Өз сөзінде “Құрылтайға ең үздіктер барады” деп елді үздіктіріп алған Мемлекет басшысы сөз соңында “Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді» деп тарап жатқандарды бір жұбатып қойды. Бұдан бөлек “Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек” деп тағы бір үміт беріп, тараған депутаттарға тағы бір төрорынның шетін шығарды.
Президент өз сөзінде жаңа кезеңде басымдық берер 5 бағытты атап айтты. Алайда жұрт үшін 5 бағыттан гөрі вице-президент пен Құрылтай депутаттарының кім болары қызықтау болып, қазір қоғам соны қызу талқыға салып жатыр…
С.Бихожаева