Banner

Жаңа Конституция күшіне енеді.  2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция толық көлемде күшіне енеді. Осыған байланысты елдің саяси институттары мен заңнамасында түбегейлі өзгерістер басталады.

Парламент орнына – Құрылтай: екі палаталы Парламент өз қызметін тоқтатып, оның орнына жоғары заң шығарушы орган ретінде бір палаталы кәсіби Құрылтай құрылады. Оның құрамына 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді;

Сондай – ақ Заң нормаларындағы «Парла­мент» сөзі «Құрылтай» деп, ал «республикалық референдум» термині «жалпыхалықтық референдум» болып түзетіледі;

Саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңадан вице-президент лауазымы енгізіледі.

Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.Елде жаңа консультативтік-кеңесші орган  Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды. Оның құрамына 126 адам мүше болады. Таратып айтар болсақ:

42 өкіл этномәдени бірлестіктерден;

42 өкіл  қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан;

42 өкіл мәслихаттар мен қоғамдық кеңес­терден болады.

Жаңа Конституция бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауда да жаңалықтар бар. Құқық қорғау органдары азаматты ұстаған сәтте оған үнсіз қалу, адвокат жалдау, телефонмен қоңырау шалу құқықтарын және қандай бап бойынша ұсталғанын бірден түсіндіруге міндетті болатын «Миранда» қағидасы жүзеге аса бастайды.

Адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіліп, олар сот процесіне прокурорлармен тең жағдайда қатысу мүмкін­дігін алады.

Жаңа Конституцияда Қазақстан халық­аралық аренада ең алдымен өзінің ұлттық мүддесін толық қорғауға басымдық береді.

Сонымен қатар азаматтарға берілетін құқықтық кепілдіктер кеңейтіледі. Атап айтқанда, бір құқықбұзушылық үшін бір адамды екі рет жауапқа тартуға конституциялық деңгейде тыйым салынады. Кінәсіздік презумпциясының тұжырымы күшейтіледі. Бұдан бөлек, адамның өзіне, жақын туыстарына, сондай-ақ өзіне сырын сеніп айтқан дін қызметкерлеріне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеуге тыйым салу аясы кеңейтіледі.

Конституцияның жаңа редакциясында әр азаматқа өз құқықтарын барлық заңды тәсілмен, соның ішінде қажетті қорғану арқылы қорғау құқығы кепілдендіріледі.

Тұрғын үйге қол сұқпаушылық мәселесі де жеке көрсетіледі. Құжатта адамды тұрғын үйінен айыруға және оны тиісті сот шешімінсіз үйінен шығаруға мүлде жол берілмейтіні нақты жазылған.

Өзгерістер митингілерді реттеуге де қатысты. Бейбіт жиналыстар мен демонстрациялар өткізу құқығы сақталады, бірақ тұжырымдар қатаңдай түседі. Рұқсат етілетін нысандар тізімі қысқарады: мәтіннен «шерулер» мен «пикеттеу» терминдері алынып тасталған. Сонымен қатар мұндай жиналыстарды шектеудің заңды негіздері кеңейтілген.

Жаңа Конституцияда цифрлық орта­дағы құқықтарды қорғауға да ерекше назар аударылған. Құжатта цифрландыру жағдайын­да азаматтардың құқықтарын қорғау мен дербес деректердің қауіпсіздігін күшейтуге басымдық беріледі.

Қаржы және банк саласында жаңа ережелер қалыптасады. Салық кодексіндегі терминологиялық түзетулерге сәйкес ұлттық валютаның атауы ресми құжаттарда мемлекет­тік тіл емлесімен теңге деп жазылады, бұрынғы тенге сөзі толықтай алмастырылады. Бұл ақша реформасын немесе валюта ауыстыруды білдірмейді, тек жазу  өзгереді. Бұл тарапта бұрын берілген құжаттарды қайта өзгерту талап етілмейді.

Банк қосымшаларында шот ашу қиындайды. 12 шілдеден бастап банк қосым­шаларында тек есім мен телефон нөмірі арқылы тіркелу мүмкін болмайды. Қашықтан тіркелу кезінде банк бет-әлпетті мемлекеттік базамен салыстыру арқылы биометриялық тексеріс жүргізеді;

Телефон нөмірінің мемлекеттік мобильді азаматтар базасында нақты ЖСН-ге тіркелгенін тексереді, немесе ЭЦП талап етеді.

Биылғы жылдың  19 шілдесіне дейін банктер банкаралық бірыңғай QR жүйесіне қосылады;

Осы уақыттан бастап кәсіпкер­лердің үлкен тобы тек белгілі бір банктердің QR-кодымен ғана төлем қабылдау құқығынан айырылады. Олар төлемнің барлық форматын – пластикалық карталар мен бірыңғай банкаралық мобильді төлем жүйесін қолдайтын POS-терминалдар орна­туға міндетті.

19 шілдеден бастап қазақстан­дықтар қай банктің мобильді қосым­шасын пайдаланатынына қара­мас­тан, бір ғана QR-код арқылы төлем жасай алады.

Шетелдік интернет-дүкендерден сатып алу ережесі өзгереді. Үшінші елдерден келетін сәлемдемелер үшін жаңа фискалдық тетіктер енгізіліп, олар «электрондық сауда тауарлары» санатына бөлінеді:

Барлық тауарға 16% көлеміндегі өтпелі ҚҚС қолданылады, оны шетел­дік алаңдар бірден өнім құнына қосады;

200 еуроға немесе 31 келіге дейінгі жеңілдік лимиті сақталады. Егер тауар бұл межеден асса, 5% бірыңғай баж (бірақ келісіне кемінде 1 еуро) артық сомадан емес, тауардың жалпы құнынан және ұлттық ҚҚС-пен бірге алынады;

Temu, Taobao, Pinduoduo, Amazon, AliExpress-тен келетін барлық сәлемдеме міндетті түрде деклара­цияланады. Тек ЕАЭО кедендік аумағында орналасқан Wildberries және Ozon тапсырыстары ғана бұл рәсімнен босатылады;

Электромобильдер, мотоциклдер мен яхталарға 15% бекітілген баж енгізіледі. Жеңіл көліктердің баж ескі ережемен, яғни шыққан жылы мен қозғалтқыш көлеміне қарай есептеледі. Коммерциялық тауарлар – солярий, іштен жану қозғалт­қыштары, медициналық жиһаз, ойын автоматтары, қару-жарақ, қауіпті қалдықтар, алкоголь, темекі және қолма-қол ақшаға жеңілдетілген тәртіппен әкелуге тыйым салынады;

Сауда және өндіріс кәсіпкерлері өз өнімдерін (фотосуреті, сипаттамасы, шыққан тегі, көлемі мен мақсаты көрсетілген) бірыңғай каталогқа енгізуге міндеттеледі. Тұтынушылар ақпаратты QR-код арқылы көре алады.  Маркетплейстерге қойылатын талаптар да күшейтіледі.

Ішкі Істер Министрлігінің цифр­лық реформасы жүзеге аса бастайды.Шілденің 12-сінен бастап емтиханды автомат қорапты көлікпен тапсырған қазақстандықтар енді заңды түрде, қайта емтихан тапсырмай-ақ механика айдауға көше алады;

Автокөлікті сатып алу-сату мәмілесін ЭЦП көмегімен электрондық үкімет порталында немесе банк қосымшаларында қашықтан ресімдеу мүмкіндігі пайда болады;

Көліктерді полицияның тексеру процессі цифрландырылады. Инспек­тор­лар VIN-кодтарды фотоға түсіреді, ал электронды тексеру актісі 14 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.

Шілденің алғашқы күнінен бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжат құрылыс талаптарын қатайтады: Сейсмотұрақтылыққа міндетті сынақ­тар енгізіледі, eGov-та жоқ құрылыс компанияларының реестрі пайда болады және инженерлердің жеке жауапкершілігі бекітіледі. Тұрғын үйлердің минималды кепілдік мерзімі 5 жылға дейін, ал іргетасы мен жүк көтергіш конструкцияларына кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылады. Нысаналы құрылыс шектеліп, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын 2 жылда бір реттен жиі өзгертуге тыйым салынады.

Жаңа кодекске сәйкес, лицен­зиясы бар құрылыс компа­нияларының элек­трондық тізілімі жасалады. Соны­мен қатар жосықсыз құрылыс компанияларының реестрі eGov порталында ашық жарияланып, азаматтар құрылыс салушы туралы ақпаратты алдын ала тексере алады.

1 шілдеден бастап күшіне енетін ережелер: Іргелес аумақ: ғимараттан, қоршаудан немесе сауда нысанынан сыртқа қарай 5 метрлік радиустағы аумақты үй иелері мен жалға алушылар өз қаражаты есебінен тазалап, тәртіпте ұстауға міндетті. Тексерісті жергілікті органдар жүргізеді, әсіресе жеке сектордағы үйлер мен қоршаулардың сыртқы келбеті бақыланады. Ережені бұзғандарға алдымен ескерту беріледі, ал талап орындалмаса 20 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады;

Үй жануарларының нәжістерін иелері тазалауға міндетті. Тек арнайы тақтайшасы бар аумақтарда ғана серуендеуге рұқсат етіледі;

Аулада көлік қоюға тыйым салынады, тротуарларға, балалар мен спорт алаңдарына, жасыл желектер мен газондарға, қоқыс контейнерлері алаңына және арнайы тұраққа арналмаған орындарға көлік қоюға тыйым салынады. Айыппұл көлемі 1,2 млн. теңгеге дейін жетуі мүмкін;

Қар жауа бастағаннан кейін жолдарды тазалау бірден басталуы керек және қар тоқтаған соң 48 сағат ішінде толық аяқталуы тиіс. Шатырлар мен қалқалар айына кемінде 1 рет қар мен мұздан тазаланады. Көшелердегі жұмыс істемейтін шамдар саны 10 пайыздан аспауы керек және олар қатар орналаспауы тиіс.

Тарифтер мен бағаларда өзгерістер барПойыздардың үстіңгі және астыңғы орындарына бөлек тариф: шілдеден бастап жолаушылар пойызы билеттерінің құны орналасқан сөресіне байланысты бөлек есептеледі. Бұл тарифтік икемділікті арттыру үшін енгізілуде;

Газ саласына инвестиция тарту мақсатында көтерме тауарлық газ бағасын 3 жыл ішінде жыл сайын 33 пайызға кезең-кезеңімен өсіру жоспарлануда. Бұл инфляцияны 0,16% арттырады. Сұйытылған мұнай газының бағасы бұрынғы деңгейде қалады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған