Banner

– Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін.

– Әсіресе, Парламенттің қазіргі құра­мына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар.

– Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы.

***

Әлгінде айтып өткенімдей, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруы­мен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды бол­маған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар. Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тіке­лей қатысқанмын» деп еш ұялмай айта алады.

Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті. Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұр­патын өзгертетін, экономикалық әлеу­етін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсін­діріп бердіңіздер.

Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мем­лекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіз­діңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады. Нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды инс­титуционалдық мәнге ие болды.

***

Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты.

***

Сіздерді тыңнан түрен салып, цифрлық дәуірге жол ашқан депутаттар деуге болады. Біздің елімізде болсын, әлемде болсын – жалпы еш жерде жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болған жоқ. Соған қарамастан, сіздер еліміздің осы саладағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қостыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жоғары бағалаймын.

***

Сонымен қатар қоғамға қызмет ету жолын таңдағандардың алаңсыз еңбек етуіне лайықты жағдай жасап жатырмыз. Нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыра береміз. Мұғалімдердің, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты.

***

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің көп деңгейлі жүйесі жолға қойылған. Бұл көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Көмек «Отбасының цифрлық картасы» технологиялық шешімі арқылы көрсетіледі.

***

Парламент депутаттарының табанды­лығы арқасында зиянды өндірісте еңбек ететіндердің мәселесі шешілді. Бұл жиі көтеріліп, әбден жауыр болған түйткіл еді. Енді өндіріс еңбеккерлері арнайы әлеуметтік төлем алуға, 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін жеңілірек жұмысқа ауысуға заң жүзінде қақылы.

***

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға, ойынқұмарлыққа, есірткі қылмысына және кибералаяқтыққа қарсы күрес шараларына қатысты қабылданған заңнамалық шешімдеріңіз жұртшылықтың кең қолдауына ие болды.

***

Жалпы, мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Бұл тағылымды іске депутаттар корпусы – сіздер де зор үлес қостыңыздар. Әрине, сіздер атқарған ауқымды жұмыстың мән-маңызын бір ғана жиынның аясында жеткізу мүмкін емес.

***

Парламент мен атап өткен заңнамалық жұмыстан бөлек, көптеген өзекті мәселені айрықша назарда ұстады. Сегізінші шақырылым депутаттары Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдады. Сондай-ақ 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізді. Қос палатаның коми­теттері белсенді әрі жемісті жұмыс істеді.

***

Бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкен соң заң шығарушы органның коми­теттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып, құрылғаны жөн. Осы жылдар ішінде депутаттық корпус азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс жүйесін қалыптастырды. Атап айтқанда, партия жобаларын табысты жүзеге асырды. Сондай-ақ тұрақты түрде аймақтарға барып, жұртшылықпен кез­десіп отырды. Қоғамдық қабылдаулар кезінде азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, өзекті мәселелердің шешім табуына ықпал етті.

***

Парламент беделді ғалымдарды, байыпты сарапшыларды және қоғам белсенділерін ортақ мүддеге біріктірген орталыққа айналды. Сенат жанындағы сарапшылар клубы мен Мәжіліс жанын­дағы қоғамдық палата осы бірегей зияткерлік экожүйенің берік тірегі болды. Бұл құрылымдар сындарлы диалогті дамытып, заң жобаларын жан-жақты талдауға жол ашты.

***

«Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды. Депутаттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты. Парламенттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орнығып, ұлт болмысының ажырамас бөлі­гіне айнала бастады.

***

Сонымен қатар Парламент депутаттары Қазақстанның халықаралық беделін нығай­туға елеулі үлес қосты. Сол арқылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті. Депутаттар парламентаралық ассамблеялардың, шетелдік сапарлар мен форум­дар аясында шетелдік әріптестерімен және жаһандық институттармен сенімді әрі нәтижелі байланыс орната білді. Осы тұста Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жұмысын айрықша атап өту қажет. Беделді диалог алаңының хатшылығы ұзақ жыл бойы Сенат аясында табысты жұмыс істеп келді.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінен ықшамдалды

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған