Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте лауазымды орындарға тағайындалған жаңа басшыларды таныстырды. Өзінің де облыс әкімі болғанына көп уақыт бола қоймаған М.Ергешбаев дереу ауыс-түйіс жасап, өз командасын жасақтап жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда тағайындалған жаңа басшылардың бәрі дерлік Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының «шекпенінен» шыққандар. Мәселен балалардың құқығын қорғайтын Е.Бәкіров осы уақытқа дейін бірнеше жыл әкім аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Сол сияқты туризмді дамытатын Д.Ермеков те бір уақыттары басқарма басқарды, одан күні бүгінге дейін ол да аппарат басшысының тағы бір орынбасары болды.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы болып тағайындалған К.Бағбанұлы да 5 жылға таяу осы департамент басшысының орынбасары болды. Үш жылға жуық облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары болып қызмет еткен Н.Бимұрзаев та департамент басшысы зейнетке шыққаннан кейін ретімен осы департамент басшысы болып тағайындалды.
Басшысы жаңарған «ҚазақГазАймақ» өндірістік Қызылорда филиалына директор болып тағайындалған Н.Шаухаманов та бұл қызметке төтеннен келген бөтен адам емес. Өмір тарихында жазылғанындай әр жылдары осы газ айналасында басшылық етіп келеді. Тіпті осы филиал ашылғанда оның алғашқы директоры да болды.
Ендеше әзірге Ергешбаевқа еріп келген ешкім жоқ…
БАСШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЛЫҒЫНАН БАСШЫ БОЛДЫ
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы лауазымына Кенесары Бағбанұлы тағайындалды.

Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндет жүктеді.
– «Департамент алдында Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі орындау, заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, қоғам мен бизнестің заңды мүдделерін қорғау, өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі саладағы Кенесары Бағбанұлының терең білімі мен мол тәжірибесі экономикалық қылмыстарды анықтауға зор үлес қосады деп сенеміз!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кенесары Бағбанұлы 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2015 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Алматы қаласының прокуратурасында түрлі жауапты қызметтер атқарған.
2021 жылдан осы уақытқа дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары лауазымында абыройлы қызмет атқарып келді.
БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙДЫ
Қызылорда облысында жаңадан құрылған балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып Бәкіров Ерлан Әмірханұлы тағайындалды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын реформалау туралы тапсырмасын орындау мақсатында балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылғанын атап өтті. Жаңа салаға, оның басшысына бірқатар маңызды міндет жүктеді.
- «Балалардың мүдделерін қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруда тиісті шараларды қабылдаудытапсырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Ерлан Әмірханұлы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетінде «заңтану», «Болашақ» университетінде «экономика және құрылыс» мамандықтары бойынша білім алған.
Әр жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты кадр жұмысы бөлімінің басшысы, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары болған.
2021 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімі аппаратыбасшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келді.
ТУРИЗМДІ ДАМЫТАДЫ
Қызылорда облысында жаңадан құрылған туризм басқармасының басшысы болып Ермеков Дінмұхамед Жандарбекұлы тағайындалды.

Жаңа басшыға өңірдегі туризм саласын дамытуға қатысты маңызды міндеттер жүктелді.
– «Мемлекет басшысының шетелдік инвесторлардан ел экономикасына қосымша қаржы тарту, отандық туризмді дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыстық туризм басқармасы құрылды. Жаңа басқармаға өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмысты үйлестіруді тапсырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Дінмұхамед Жандарбекұлы 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құқықтану және қаржы мамандықтары бойынша білім алған. Швейцария бизнес мектебінің «Іскерлік әкімшілік» докторы.
Әр жылдары Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде, Премьер-министр кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған.
2023-2025 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық дін істері басқармасының басшысы болған.
2025 жылдан бүгінгі күнге дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келді.
«ҚАЗАҚГАЗ АЙМАҚҚА» ҚАЙТЫП КЕЛДІ
«ҚАЗАҚГАЗ АЙМАҚ» акционерлік қоғамы Қызылорда өндірістік филиалының директоры болып Шаухаманов Нұрлан Сейілбекұлы тағайындалды.

Облыс әкімі жаңа басшыға өңірді табиғи газбен тұрақты қамтамасыз етуді және газдандырудың жаңа жобаларын жүзеге асыруды тапсырды.
Нұрлан Сейілбекұлы 1968 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында «Инженер-гидротехник» мамандығы бойынша білім алған.
Әр жылдары «Тұран-Петролеум», «Харрикейн Құмкөл мұнай» компанияларында түрлі лауазымдарда болған. 2004-2020 жылдары «Қызылорда Қаз Транс Газ», «Қызылорда газ шаруашылығы басқармасы», «Қаз Транс Газ Аймақ», «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» газ тарату мекемелерінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.
2022 жылдан осы кезге дейін «Қызылорда газ тарату жүйесі» мемлекеттік кәсіпорнының директоры лауазымында абыройлы еңбек етті.
БАҒАНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫНА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ
Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып Нұрлыбек Бимұрзаев тағайындалды. Бұған дейін

басшы болып келген Сүлейменов Ерқасым Жайбергенұлына зейнетке шығуына орай, облыстың Құрмет грамотасы табысталды.
Облыс әкімі жаңа басшыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақты бақылау жүргізуді, негізсіз қымбаттауына жол бермеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Нұрлыбек Шонжарұлы 1970 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтында «Есеп және аудит», «Болашақ» университетінде «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде инспектор қызметінен бастап, әр жылдары түрлі лауазымдарда еңбек етті.
2018–2023 жылдары Қызылорда, Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болған.
2023 жылдан осы уақытқа дейін Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.