Бүгінгі күні әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі істерді қарау процесі цифрландыру және роботтандыру арқылы жеңілдетілуде. Бұл цифрлық жүйе автоматтандырылған дерекқорлар, жасанды интелект негізінде жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні әкімшілік құқық бұзушылық істерді іріктеу мен сотқа жолдау жұмысын жасанды интеллект атқаруда. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай – ӘҚБтК) 610-бабы бойынша істер жасанды интеллект жүйесі негізінде жүзеге асырылуда.
Қазіргі заманғы технологиялардың қарқынды дамуы роботтандыру және жасанды интеллекттің мемлекеттік басқару жүйесіне, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық істеріне ықпал етуіне алып келді. Бұл процестер құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде және құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын-алу шараларында жаңа мүмкіндіктер ашады.
Яғни, әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарау процесіне жасанды интелект пен роботтандыру технологиялары енгізілді. Бұл жаңашылдықтар құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіріп, процестерді автоматтандыру арқылы тиімділікті арттыруға бағытталған.
Жасанды интелект мен роботтандыруды енгізудің артықшылықтары:
Жылдамдық – құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімділігі мен жылдамдығы артады. Істерді қарау уақыты қысқарады.
Ашықтық – шешімдер қабылдау процесі ашық болады, жемқорлық қаупі азаяды.
Деректердің нақтылығы – адам факторының әсерін төмендету арқылы қателіктер азаяды.
Қолжетімділік – азаматтар өз істерінің мәртебесін онлайн арқылы бақылай алады.
Сот және әкімшілік процестердің жеделдігі артады.
Құқық қорғау органдарының ресурстары оңтайландырылады.
Мысалы, жасанды интелект жүйелері әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, оларды тіркеу және талдау жұмыстарын автоматтандыруда қолданылады. Бұл технологиялар құқық бұзушылықтарды жылдам анықтап, тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, роботтандырылған жүйелер әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарау барысында құжаттарды өңдеу, мәліметтерді жинау және талдау сияқты міндеттерді атқарады. Бұл процестердің жылдамдығы мен дәлдігін арттырып, адами фактордан туындайтын қателіктерді азайтады.
ӘҚБК-нің 610-бабы жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қызметкерлерінің істі сотта дереу қарау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының дереу заңды күшіне енуі және қысқартылған қаулы алу туралы ұсынысына тараптардың келіскен жағдайда өтінішке қол қою арқылы, автоматты түрде санаулы минут ішінде толтырып, робот автоматты түрде тексеріп, тіркеп сотқа судьяның қарауына жолданылады. Сотта жедел қаралып қысқаша қаулы шығарылады.
Ескерту: Егер өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адам жасалған құқық бұзушылық үшін кінәсін мойындаса және жәбірленуші адам (көлік құралынның иесі) болған дәлелдемелерді дауламаған жағдайда, сонымен қатар, істі тараптардың қатысуынсыз қарауын өтініп қысқаша қаулы шығаруға келіскені туралы өтініш жазған жағдайда ғана, сотта дереу қаралып қысқаша қаулы шығарылады.
Жалпы, роботтандыру және жасанды интеллектті әкімшілік құқық бұзушылық істерін қарау процесіне енгізу құқық қорғау органдарының жұмысын заманауи талаптарға сай жетілдіруге және сот әкімшісі мамандарының жұмыс көлемін азайтып, судьялардың уақытын үнемдеуге, сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғауды
қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
С.Б.Утегенова
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы