Қызылорда

Қалалық мәдениет және демалыс паркі аумағында «Наурызнама» онкүндігінің «16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай ұйымдастырылған «Санамызды сергіткен салт-дәстүрім – Наурыз» атты мерекелік концерт өтті.

Шарада ұлттық өнеріміз дәріптеліп, әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан салт-дәстүрлері насихатталып, ұлттық құндылықтардың маңызы кеңінен дәріптелді.

Бірлік пен берекені арттыратын осындай игі шаралар жалғаса береді. Ұлыс оң, Ақ мол болсын!

Сырдария

Нағи Ілиясов ауылында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Нау­рызнама онкүнгінің «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай «Салт-дәстүр – асыл қазына» атты ауыл­дық клуб және мәдениет үйлері арасын­дағы аудандық фестиваль өтті. Мере­келік шараға ардагер әкелер мен ақ жаулықты аналар, ауыл тұрғындары қатысты.

Фестиваль басында аудан басшысы мәдениет үйінің фойесіндегі «Қолөнер – халқымыздың асыл мұрасы» атты қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесімен танысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің салт-дәстүріміз – халқымыздың рухани мұрасы. Оны сақтау және дамыту – елдігімізді нығайтудың маңызды шарты» деп атап көрсетті. Президент айтқандай, біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз – халықтың өмір сүру салтының, дүниетанымының, тәрбиесінің айқын көрінісі. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық, ынтымақ пен бірлікке негізделген дәстүрлеріміз қоға­мы­мыздың берекесін арттырып келеді. Салт-дәстүрді сақтау – тек өт­кен­ді құрметтеу ғана емес, ол – бола­шаққа бағдар. Өскелең ұрпақ ата-баба мұрасын танып, ұлттық мәде­ниетке құрметпен қарағанда ғана елдің рухы биік болады. Жастарды ұлт­тық құндылықтарымызды қадір­леуге, мәдени мұрамызды дәріптеуге тәрбиелеу – баршамыздың басты мін­детіміз. Мәдениет – халықтың руха­ни тірегі. Ол елдің өткені мен бүгінін жалғап, болашаққа бағыт-бағдар бере­ді. Театр, музыка, әдебиет, ұлт­тық өнер мен қолөнер – бәрі де халқы­мыз­дың бай рухани әлемін таны­татын асыл мұралар. Осындай құнды­лықтарды сақтау, дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Кеше ғана елімізде респуб­ли­калық референдум өтті. Саяси нау­қанда халқымыз жаңа Ата Заң жобасын қолдайтындарын білдірді. Оның ішінде, Сыр елі халқы бұл жолы да ауызбірлік танытып, республикада ең жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – аймақ халқының бекем бірлігінің айқын көрінісі. Референ­думда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтың үлгісін көрсеткен Сіздерге аймақ басшысы Өзінің шынайы ризашылығын жеткізді, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Фестиваль барысында қазақ хал­қының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы­ның мәнін ұғындыратын қойы­лымдар сахналанып, жиналған жұрт­шылыққа ерекше рухани әсер сыйлады. «Ақ боса­ға» тобы белгі салу рәсімін, «Шаңырақ» тобы ұрын бару рәсімін, «Қазына» тобы тыйым салу рәсімін, «Ақ әжелер» тобы өңір салу салтын сахналық қойылым арқылы қалың көрерменге жеткізе білді.

Жалағаш

Орталық алаңда Көрісу күні, Амал мерекесіне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысып, аудан тұрғындарын бауырмалдық пен бірлікті дәріптейтін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

– «Амал мерекесі – Әз-Наурыздың жарқын бастауы, көктемнің келіп, табиғаттың қайта түлеп, тіршілік­тің жаңаруын айшықтайтын ерекше күн. Бұл – халқымыз­дың бір-біріне амандық тілеп, өкпе-ренішті ұмытып, бауырмалдықты дәріптейтін тағылымы терең мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді!» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұрт төс қағысып көріскен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын бұл мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі», – деп атап өткен болатын.

Осы шуақты мерекеде әр шаңыраққа амандық, құт-береке, молшылық тілеймін. Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз берік болсын! Ел іргесі тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Амал мерекесі құтты болсын!», – деді А.Ибраимов.

Мерекелік шара барысында үлкендер жағы дәстүрге сай төс қағысып, көрісіп, жастар алтыбақан теуіп, жиналған қауымға Наурыз көжеден дәм ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, аудан әкімі тұрғындармен бірге көрмені аралап көрді.

Мереке аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты.

Қазалы

«Руханият» орталығындағы аудандық орталық кітапханада халқымыздың бай мәдени мұрасы мен ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында тағылымды шара өтті.

Шараның мазмұнын айшықтай түскен тағылымды дәстүрдің бірі – тұсаукесер рәсімі болды. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кішкентай бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, балақайларға жарқын болашақ тілеп, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күніндегі Наурызнама онкүндігі аясындағы әрбір атаулы күннің маңызы жайында айтып өтті.

Ұлыстың ұлы күнімен ұштастырылған бұл шарада аудан басшысы мен қонақтар арнайы ұйымдастырылған этноауыл көрмесін тамашалап, қазақтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұлттық дәстүрлермен танысты. Бағдарлама аясында әже мен бала диалогы, Қыдыр атаның батасы, әжелер ансамблінің ән шашуы ұсынылып, келсап түю, диірмен тарту, ұршық иіру, жүн түту, күбі пісу сияқты ұлттық тұрмыстық дәстүрлердің көріністері көрсетілді. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Шаңырақ» ойыны ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталған мерекелік кеш соңында қонақтар Наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.

Шиелі

Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты маңызды саяси науқанға Шиелі ауданының тұрғындары белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап, ел болашағына қатысты шешім қабылдауға үлес қосты. Халық арасында көтеріңкі көңіл-күй байқалып, жұртшылық бұл күнді ел тағдыры үшін маңызды тарихи сәт ретінде қабылдады.

Референдум күні ауданда ерекше мерекелік көңіл-күй қалыптасты. Аудан бойынша орналасқан референдум учаскелері ұлттық нақышта безендіріліп, Наурыз мейрамының рухын айшықтай түсті. Учаскелердің маңына киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүріміз кеңінен насихатталды. Келушілер үшін қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізіліп, көрермендер мен қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Арал

Орталық алаңда Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Шаңырақ күніне, сондай-ақ Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай халқымыздың бай мұрасын дәріптеуге арналған «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке» атты салт-дәстүрлік қойылым-концерт өтті.

Мерекелік шара барысында ұлттық тағамдар мен кітап көрмесі, сондай-ақ тұсау кесу, сырға салу сынды дәстүрлер көрініс тапты. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған кеште өнерпаздар ән шырқап, күмбірлеген күйлер орындалып, ұлттық нақыштағы билер қойылды.

Көктемнің шуақты мерекесі – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен бұл мәдени кеш түс ауа «Ұлт мұрасы – ұрпаққа аманат» ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге арналған спорттық сайыстар, ұлттық ойындарға ұласты.

Жаңақорған

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай қазақ халқының көне дәстүрлерін дәріптеу мақсатында «Ұрын бару», «Бастаңғы», «Ұйқыашар» дәстүрлерінен сахналық көрініс қойылды.

Көріністе қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәні мен мазмұны кеңінен насихатталды. Бастаңғы – үлкендер үйде болмаған кезде жастардың бас қосып, ән айтып, ойын ойнап, көңілді отырыс жасауы болса, ұрын бару – күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесуге жасырын келу дәстүрі. Ал ұйқыашар – қыздардың жігіттерге арнайы дайындайтын дәмі, сыйластық пен ілтипаттың белгісі.

Қармақшы

Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай аудандық «Руханият» орталығында тағылымы мол шара ұйымдастырылды.

Халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың бойына ұлттық дәстүрге деген құрметті қалыптастыру мақсатында өткізілген тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысты.

Бағдарлама аясында қазақ халқының өмір салты мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін «Қыз ұзату», «Беташар», «Бесікке салу», «Бәдік жыры» және «Арқаластыру» секілді ұлттық дәстүрлер ерекше сахналанды.

Сонымен қатар Тұрымбет Салқын­бай­ұлы атындағы өнер мектебінің ұстаздары мен жергілікті өнерпаздар ән шырқап, кештің сәнін арттырды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған