Биылғы жылдың 15 наурызында өткен референдумда 8 млн-ға жуық адам қолдап, дауыс берген еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Күні кеше Ақордада өткен Конституцияны қабылдауға арналған  салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Конституцияға және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Осы Жарлық бойынша «1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне сақтауға тапсырылды».

Еліміздің Президенті туралы, Халық кеңесі, Астана мәртебесі, елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заң жобалары мәжіліс қарауына жіберілді.

Сонымен Жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясы осы кезден бастап тоқтатылады.

Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады. 

15 наурыз күні өткен референдумға дауыс беру құқығы бар 9 127 192 адам қатысқан. Оның 7 954 667-сі (87,15%-ы) жаңа Ата заңды қолдап дауыс берді. 15 наурыз Конституция күні болып белгіленеді. 

1 шілдеден бастап елдегі екі палаталы парламент те өкілеттілігін тоқтатады. Оның орнына Құрылтай құрылады. Президент шілде айында Құрылтай сайлауын жариялайды. Сайлау екі ай ішінде өткізілуге тиіс. 

Құрылтайда 145 депутат болады. Олар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.

Депутат болып 25 жасқа толған және елімізде соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.

Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.

Құрылтай депутаттары сайланғаннан кейін Қазақстан халқына ант береді.

Құрылтайдың бірінші сессиясын президент сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақырады.

Мемлекеттік кеңесші жойылады. Оның орнына Вице-президент тағайындалады.

Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде президент вице-президентті тағайындауға тиіс. Оны тағайындау үшін құрылтайдың келісімі қажет. 

Вице-президент мемлекеттік органдар­мен өзара іс-қимыл жасау кезінде прези­дент­тің тапсырмасы бойынша өкілдік етеді. Президент мерзімінен бұрын қызметінен кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, пре­зиденттің өкілеттігі вице-президентке өтеді.

Вице-президент қызметке кіріскен сәттен бастап депутат бола алмайды, өзге ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға немесе саяси партияда болуға құқығы жоқ.

• Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесі құрылады. Кеңес Қазақстан Респуб­ликасы халқының мүддесін білдіретін жоға­ры консультативтік орган болып саналады.

Халық кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;

Құрылтайға заң жобаларын енгізеді;

жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;

конституциялық заңға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Халық кеңесі Қазақстан Республика­сының 126 азаматынан құралады. Оған этномәдени орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды.

Кеңестің барлық мүшесін президент тағайындайды. Ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.

Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде бірқатар органдардың төрағалары тағайындалады.

Конституциялық сот төрағасы мен судьялары тағайындалады. 

Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері тағайындалады.

Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде:

Жоғарғы сот төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалуға тиіс.

Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғары сот кеңесінің төрағасын, Бас прокурорды және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді президент өзі тағайындайды.

Ал Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары ауди­торлық палата мүшелерін тағайндау үшін президентке Құрылтайдың келісімі қажет. 

Жоғарғы сот төрағасын Жоғары сот кеңесі ұсынады, президент тағайындайды. 

Қолданыста болатын басқа да заңдар мен нормативтік құқықтық актілер­дің, конституциялық кеңестің және конститу­циялық соттың нормативтік қаулыларының Конституцияға қайшы келмейтін бөлігі қолданыста қалады. Биылғы жылдың 1 шілдесі күнінен бастап Заңдарға өзгерістер енгізіледі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған