Қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
2013–2022 жылдары мекеме жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде қызмет атқарып, 2022 жылы Қызылорда су жүйесі құрамына қосылды.
2023 жылғы 26 қаңтардан бастап қайта құрылып, ШЖҚ «Қызылорда тазалығы» КМК ретінде жұмысын жалғастыруда.
Қызылорда тазалығы кәсіпорнының басты мақсаты – қала тазалығын қамтамасыз ету және тұрмыстық қатты қалдықтарды жүйелі шығару. Қала көшелерін арнайы техникалармен сыпыру, жаз мезгілінде жолдарға су себу, қыс кезінде қар тазалау, көктайғаққа қарсы құм-тұз қоспасын себу, жол жиектерін жуу, арам шөптерді отау, қаладағы ағаштарды әктеу, көппәтерлі және жеке сектор тұрғындарының тұрмыстық қатты қалдықтарын шығару. Мекемеде 500-ден астам адам жұмыс істейді. Мекеме базасында 178 техника бар. Оның 129-ы арнайы техника, 19-ы жеңіл автокөлік, 30-ы тозығы жеткен техника. 2022–2024 жылдары облыстық және қалалық бюджеттен 2 млрд. 257,8 млн. теңге бөлініп, 67 арнайы техника сатып алынды. Нәтижесінде техникалық парк 80%-ға жаңартылды.

Өткен жылы мекемеге 3 млрд. 329,9 млн. теңге кіріс кірді. Санитарлық тазалық қызметтеріне 500 көше қамтылған. Одан 2 млрд. 292,9 млн. теңге кіріс кірді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарудан 1 млрд. 37 млн. теңге түсті.
2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында полигонға 96 713 тонна қоқыс шығарылды. Күнделікті 268 тонна қоқыс шығады. Төлемдерді уақытылы өндіріп алу мақсатында заң бөлімі тиісті шаралар жүргізуде.
Мобильдік топ пен полициямен бірлескен рейдтер барысында 21,3 млн. теңгеге 1359 айыппұл салынды.
Қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 59 арнайы техника тәулік бойы кезекшілікке жұмылдырылды. Қоймада 1157 тонна құм және 223 тонна тұз қоры бар. 270 қызметкер қысқы тазалық жұмыстарына тартылды.
2026 жылға лизинг арқылы 2 млрд. 843 млн. теңгеге 32 техника сатып алу жоспарланған.
Сондай-ақ, қаланың қалдықтарды басқару жүйесін цифрландыру мақсатында
Shalkar Innovations әзірлеген «Waste Management» ақпараттық жүйесін енгізу көзделуде. Бұл жүйе арқылы қалдық тасымалдау маршруттарын GPS арқылы бақылау, абоненттік база мен төлемдерді толық цифрландыру, арнайы техниканың қозғалысын бақылау арқылы тиімділікті арттыру, жанар-жағармай шығынын азайту, автоматты есеп қалыптастыру жүзеге асады.
Қала тазалығын сақтау – ортақ жауапкершілік.