Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде биылғы жылы аймақтың экономикалық-әлеуметтік даму барысы туралы брифинг берді.
Брифингте облыс әкіміне сұрақ қою үшін 60-тан астам журналист кезекке тұрды, әрі олардың сұрақтары аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың 30 минут уақытқа тарта жасаған баяндамасында айтылғандардан бөлек, тыс, ел ішінде көп айтылып, сұрақ болып жүрген, әлеуметтік желіде талқыланып жүрген тақырыптар аясында болды.
– Қызылорда облысын ғана емес, әлемді алаңдатқан Аралдың құрғап кеткен табанына 2025-ші жылға дейін 1 млн. гектар жерге сексеуіл егілу керек еді. Айтылған мерзім келді. Қаншасы орындалды?..
– 2024 жылға дейін 6600 гектар жерге сексеуіл отырғызылды. Биылғы жылғы да жалғасты. 1 млн. гектар толық орындалады. Мемлекеттен тиісті жұмыстар жасалуда. Бұған біз демеушілікпен де қаражат тартып жатырмыз. Мысалы «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2023 жылы 500 млн. теңге ақша бөлді. Басқа да қаржысы бар азаматтарды апарып, көрсетіп жатырмыз. 2023-ші жылы еліміздегі Еуроодақтың 20 елшісін апардық. Сондағы мақсатымыз шетелдік гранттарды тарту. Нәтижесі болып та жатыр. Әрі қарай жұмысты жалғастырамыз.
Бұл – ғалымдардың, мамандардың зерттеуі бойынша экологияның жақсаруына, құмның көшпеуіне септігі бар жоба. Оның үстіне сексеуіл өсімдігі суды аз қажет етеді.
– Өткен жылы мәдениет және демалыс паркі пайдалануға берілді. Одан кейін Қорқыт Ата сквері жаңарды. Казір Президент паркі жөндеуден өтуде. Енді бірінен соң бірі саябақтарды жөндеу, салу қаншалықты тиімді? Бюджетке шығын емес пе? Осы шешімдерді қабылдауға тұрғындардың пікірі, көзқарасы қаншалықты ескерілді?
– Бұл мәселе бұған дейін де әлеуметтік желілерде көтерілді. Негізі бұл Президент саябағы 2007-ші жылы басталған. Аумағы 20 гектар болатын. Алдындағы 2-3 гектары ғана игерілген. Қалғандары игерілмеген. Қызылордалықтар жақсы біледі, бізде өкінішкке орай демалыс орындары аздау. Табиғатымыз да қиындау. Президент паркі орналасқан жер өте жақсы жер. Дарияның жағасында. Бұрынғы саяжайлар орны. Көпшілік сұрағаннан кейін, қала тұрғындары абаттандыру керек, қалалық демалыс орнына айналу керек дегеннен соң, мамандармен ақылдасып, қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық. Қазір оның көлемі 65 гектар. Оның ішінде 40 гектарға жуығы парк болады. 10 млрд. теңгеге балаларға арналған қысы-жазы жұмыс жасайтын лагерь салынып жатыр. Жер көлемі 6 гектар құрайды. Өкінішке орай осы кезге дейін Қызылордада балаларға арналған лагерь жоқ. Балаларға өте қажет. Сондықтан біз сол жерді таңдап, дария жағасы болғаннан кейін, ертең парк болғаннан кейін бұрынғыдан да абаттандырылады, көгалдандырылады, балаларымыз жақсы жерде жүрсін, таза ауада демалсын деген ниетпен сол лагерді сол жерге орналастырдық. Соның қасында 5 гектар жерге Ботаникалық саябақ орналасуда. Ол 5 млрд. теңге . Бұл екі нысан алдағы наурыз айында ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сосын тағы өңірімізде жетіспейтіні – 5 жұлдызды қонақ үйі. Біз инвестор тауып, казір 20 млрд. теңгеге сол жерден бес жұлдызды қонақ үй салып жатырмыз. Сондай-ақ 15 заманауи, 9 қабаттан тұратын жаңа үйлер салынып жатыр. Мұның барлығы жүзеге асқан кезде ол парк біздің қызылордалықтардың әдемі демалатын орнына айналады деп сенемін. 9 млрд. теңгеге қала мен паркті байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Енді бұл паркті жаңғыртуға бөлінген қаржы әлеуметтік желіде талқыланды. Қымбат емес пе деген пікірлер болды. Парктің өзіне 14 млрд. 900 млн. теңге қаржы кетуде. Оның ішінде ойын, спорт алаңдары, «Колесо» бар, балаларға, тұрғындарға арналған жағдайдың бәрі жасалған. Ұзындығы 120 метр музыкалық фонтан да бар. Өте сапалы болады деп уәде беремін. Біткен кезде көресіздер. Парк жылдың аяғына дейін бітеді. Ал екі ғимараттың игілігін ел наурыз айында көреді.
Мемлекеттің әрбір қаражаты тиімді жұмсалады. Әрі сапалы жұмыс жасалатын болады. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Артық қаражат жобаланбаған. Сапалы жұмыс, әрине арзан тұрмайды. Ұзақ уақыт ел игілігіне жұмыс жасайтын болады. Парк ішін де көгалдандыратын боламыз. Ол да қарастырылған. Біз сапаға қатты көңіл бөлудеміз.
– Байқоңыр қаласындағы ірі кәсіпорындар мен негізгі мекемелерде Ресей азаматтары жұмыс істейтіні белгілі. Статистика бойынша соңғы жылдары олардың саны азаюда. Ресейге көшу белең алған. Ресейліктер саны азайған жағдайда Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қандай күйде болады? Сіздер осы сценарийге дайынсыздар ма?
– Әрине, біз Үкіметпен бірге, тиісті министрлік бар, Аэроғарыш комитеті бар, бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Барлығына дайын болуымыз керек.
Қазіргі таңда жаппай көшіп жатқан жағдай жоқ. Бірқалыпты жұмыс жасап жатыр. Біз Байқоңыр қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Соңғы жылдары мектеп салынуда. Тәуелсіздік жылдары салынған бес мектептің төртеуі қазақ тілінде. Біреуі аралас, орыс-қазақ тілінде. Балабақша салынды. Бұрынғы балабақшаларды қайтарып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан балабақша ретінде ашып жатырмыз.
Биыл ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл болды. Соған тарту есебінде үлкен спорт кешенін салып бердік. 12 млрд. теңгеге ауыз су жеткізу, кәріз желілерін қайта жаңғырту жобасы бойынша үкіметтен тиісті қаражат бөлінген. Қалған 10 млрд. мемлекеттік қордан бөлінді. Казір ауыз су, кәріз жүйелері қайта жаңғыртудан өтуде. Аурухана жұмысын да қадағалап отырмыз. Ресей азаматтары болады ма, өз азаматтарымыз болады ма, оларға сапалы қызмет көрсетуіміз, жайлы жағдай жасауымыз керек. Байқоңырдың қасында Ақай, Төретем кенттері бар. Олардың да дамуына көңіл бөліп отырмыз. Өйткені жанындағы ауылдар қаламен бірігіп кеткен десе де болады. Шекаралас. Оларда да спорт кешендер, мектеп салынды. Өткен жылы ғана көгілдір отын апардық. Ауыз су жаңғыртылды. Ертен ол жерде жұмыс орны азайғанның өзінде де біз Төретамды, Ақайды дамытып жатырмыз. Сол жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Байқоңырда да казір жоспарларымыз бар. Үкіметпен бірге оны пысықтап жатырмыз.
– Қазір азық-түлік мәселесі өткір болып отыр. Өңірде ет бағасы қаншадан? Жалпы өңірде азық-түлікпен қамтылуы қандай?
– Бізде 19 тауарды үнемі бақылап отырамыз. Казір баға тұрақты. Өйткені, өңір ауылшаруашылығына бейімделгендіктен мал шаруашылығы да қатар дамыған. Басқа өңірлермен салыстырар болсақ, ең қажетті деген азық-түлік бағасының (19 түрлі) төмендігі жағынан бесінші орындамыз. Бұған үнемі бақылау жасаймыз.
– Қорқыт Ата әуежайына қатысты сұрақ бар. Әуежай 21 млрд.-қа салынды. Оның 16 млрд.-тан астамы инвестор қаржысы. Алайда әуежай табысы өте аз. Былтырғы жылы бар болғаны 5 млн. теңге табыс тапқан. Биыл табысы қанша болады? Шығынға шықпайды ма? Әуежайды алғысы келетін инвестор бар ма? Жаңалықтардан естігеніміз вьетнамдық компанияның қызығушылығы бар.
– Әуежай құрылысына 21 млрд-тай қаражат кетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Б.Өтемұратов қоры 16 млрд. 700 млн. теңгедей өз қаражаттарын салды. Біз облыстық бюджеттен 4 млрд. 300 млн. теңгедей қаражат бөлдік. Инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге. Казір әуежай толық, сапалы қызмет жасап тұр. 2024 жылдың 14 қарашасында іске қосылды. Әуежайға мемлекеттен ешқандай субсидия берілмейді. Өз-өзін ақтайды. Әрине, табысы аз. Өйткені сұранысқа қарай рейстер аз. Казір Алматы, Астана қалаларына рейс қатынайды. Аптасына 29-дай рейс. Жаз айларында Стамбулға, Анталияға рейстер аштық. Ол тек мамыр айынан қыркүйек айына дейін. Алдағы уақытта да біз әуежай жұмысын күшейтеміз. Жаңа рейстер ашуға жұмыс жасаймыз. Шымкент қаласында «Оңтүстік аспаны» деген компания бар, солармен бірігіп «Шымкент-Қызылорда-Ақтөбе-Орал» қалаларына да рейстер ашқанбыз. Бірақ сұраныс жоқ. Қайта тоқтатылды. Мұның барлығы сұранысқа байланысты. Әрине әуежай мүмкіндігі мол. Жылына 2 млн.-ға дейін жолаушы қабылдап, соған қызмет көрсете алады. Вьетнам компаниясымен жұмыс жасадық. Бірақ олардың ұсыныстары бізге ұнаған жоқ. Біздің әуежайдың казір ешкімге қарызы жоқ. Өз-өзін ақтап отыр. Аз ғана болса да айына 5 млн. пайда табады. Ешқандай субсидия беріп жатқанымыз жоқ. Вьетнамдық компания алғашқы кезде қосымша қаражат, субсидия бөлуді сұрады. Ол бізге тиімсіз. Басқа да инвесторларды қарастырып жатырмыз. Бірінші мемлекет үшін тиімді болу керек. Қарызсыз жұмыс жасап тұрған әуежайды субсидиямен басқа компанияға қалай береміз?
– Қызылордада уран өндіріп жатқан аудандарда халық радиацияға алаңдайды. Өйткені жақын ауылдарда онкологиялық тыныс жолдары ауруларының өсіп отырғаны байқалады. Бұған қатысты тәуелсіз мониторинг соңғы рет қашан жүргізілді? Неге компаниялардың экологиялық есебі халық үшін толық ашық емес?
– Тәуелсіз мониторинг үнемі жүргізіледі. Бізде Шиелі мен Жаңақорғанда уран өндіріледі. Негізінен басым бөлігі Жаңақорған ауданында. «Казатомпром» компаниясы айналысып жатыр. Олар зерттеулерді жылда жүргізеді. Одан бөлек Экология министрлігі зерттеулер жүргізеді. Оның үстіне аудан орталықтарында да радиация өлшегіштер тұр.
Бұл сұрақ 2008-ші жылдарда да көтерілген. Сол кездері арнайы мамандарды жіберіп, Алматы, Шиелі, Жаңақорғанның радиациясын өлшеткенбіз. “Қазатомпром” компаниясымен бірге. Сол кездері де біздің аудандарда Алматыдан төмен болды. Сосын біз өлшегіштерді екі аудан орталығына қойдық. Көрсетіп тұр. Алаңдайтын жағдай жоқ. Онкологиямен ауыратындар тек уранға байланысты емес. Оны да Денсаулық, Экология Министрліктері қарап отыр. Біздің көрсеткіштеріміз жаман емес.
36 млрд. 400 млн. теңгеге көп салалы, онкологиялық орталығы бар үлкен аурухана құрылысы қарқынды жүруде. Қазір 20 млрд. теңгесі игерілді. Келесі жылы құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі. Одан бөлек, бізде “Қазақстан Халқына” қорымен меморандум бойынша алдағы қаңтар, ақпан айларында онкологиялық ауруларды алдын-ала анықтайтын 4 млрд. теңгеге медициналық аппарат қойылады.
Енді ол өндіріс орындарында қаншама адам жұмыс жасап жатыр. Олар салық төлеп жатыр. Әрі айналаға соншалықты радиациялық әсері жоқ деп айта аламын. Елдің арасында да “зардабын шегіп жатырмыз” деген артық әңгіме жоқ. “Осыдан ауру көбейіп кетті” деген бірде-бір әңгіме естігенім жоқ, шынын айтсам.
Ауданды жиі аралаймын, халықпен кездесемін, мұндай мәселе жоқ.
– 2025-ші жылдың 11 айында Қызылорда облысында фермерлерге тиесілі 10 млрд.-тан астам қаражат жетпей қалғанын құлағымыз шалып, көзіміз көрді. Себебі қандай?
– Фермерлерге тиісті қаражат жетпей қалған жоқ. Ауылшаруашылық саласын дамытуға, салаға инвестиция тартуға жаңа жобалар қаралған. Соған жобалар ұсынғанбыз. Бұл республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат. 10 млрд.-тың ішінде көкөніс қоймаларын салуға, сүт өнімдерін шығаратын жаңа зауыт салуға арналған қаржылар бар. Негізінен келесі жылы бөлінеді. Қазір жобалардың бәрі өтті, мақұлданған. Осы айдың өзінде бастапқы қаражаттары бөлінуде. Біз негізінен ауылшаруашылығына, өнімдеріне, суға, болмаса тыңайтқыштарға, малға бөлінетін субсидиялардың барлығын төледік.
Жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған, қаралған қаржы 10 млрд.-тың үстінде. Ол өтпелі жоба болып, келесі жылы жалғасатын болады. Өткенде шынында да әлеуметтік желіге шықты. Өзім оқыдым. Бұрыннан да білеміз. Бірақ тағы да пысықтадым. Бұл қаражат тағы да айтамын, жаңа жобаларды жүзеге асыруға арналған қаражат. Қазір қаражат қиындығына байланысты уақыты кейінге шегеріліп жатыр. Бірақ келер жылы бұл жаңа жобалар міндетті түрде қаржыландырылады.
– Қызылорда облысы аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым ауруларының табиғи ошақтары екені белгілі. Биылдың өзінде осы аурудан қайғылы жағдайлар тіркелген екен. Осы ретте аурудың алдын алу, жалпы кенеге қарсы қандай шаралар қолданылуда?
– Белгіленген, анықталған жерлер бар. Жылда залалсыздандыру жүргізіледі. Тиісті қаражат жылда жергілікті бюджеттен қаралады.
Анықталған кезде бірден медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Шынын айту керек, қайғылы жағдай да орын алып жатқаны рас. Залалсыздандырғанымен, әсері бірден кетіп қалып жатқан жоқ.
– Аралда кальцийлендірілген сода зауыты салынады деген ақпарат біраздан бері айтылып жүр.
– Келесі жылы басталады деп күтілуде. Құны 160 млрд. теңгедей. Енді көп жылдан бері айтылып келеді. Үкімет қолдауымен жүзеге асқалы жатыр.
– Батыс аймақтарда су тасқыны қатты болды. Өзім қызылордалық ретінде дарияның арнасынан тасып, халықты біраз әуре-сарсаңға салғанын білеміз. Осы тұста көктемгі жоспар қандай?
– Өкінішке орай кейінгі кездері судың тапшылығын сезініп жатқан өңірміз. Қазіргі таңда ондай қауіп жоқ. Керісінше суды үнемдеуге жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені суды көп тұтынатын өңірдің біріміз. Ауыл шаруашылық өңірі болғандықтан, негізінен күріш егеміз. Ол суды көп қажет етеді. Халқымыз күріш егуге қалыптасқандықтан суға өте тәуелдіміз. Бұрындары шынын айту керек, су тасқыны болды. Сол кездері “Көксарай” су реттегіші салынды. Кейінгі кездері су аз. Негізі көп болғаны жақсы. Көп су болып жатса, біз оған дайынбыз. Қазір көп жерлерде нығайту жұмыстарын жүргіздік. Қауіпті жерлердің барлығында дамбалар жасалды. Бетоннан. Дария жағасында 4 жолақты жолдар, жағалау салынды. Көп судан қорықпаймыз. Болса, қабылдауға дайынбыз.
– Биылғы жылы Шиелі ауданының бірнеше елді мекендері газбен қамтамасыз етілді. Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе ауылдары тұсынан газ құбыры өтті. Әр ауыл әкімдері ауысқан сайын ел газбен қамтылады деген үміт болады. Ауыл тұсынан газ құбыры өтіп тұр. Осы үш ауылға қашан газ келеді? Нақты…
– Өңіріміз 2021-ші жылға дейін газбен 67% қамтамасыз етілсе, бүгінде 83%-дан асты. Соңғы 3-4 жылда 65 млрд. 700 млн. теңге қаржы бөлініп, көп ауылдарға көгілдір отын кіргізілді. Енді барлығын қамту, әрине мүмкін емес. Бәрі қаражатқа байланысты. Бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Айтылған үш ауылдың қаражатын есептеп көреміз. Мүмкіндігі қандай? Содан кейін жазбаша жауап беремін. Мүмкіндік болса газ кіргізуге жұмыс жасаймыз.
– Облыс әкімдігі тарапынан спортшыларға берілетін шәкіртақы көлемі қандай? Тағы қандай қолдау көрсетіледі, әсіресе жасөспірім, жас спортшыларға?
– Жас спортшыларға бекітілген нормативтерге сәйкес қолдау көрсетіледі. Жыл сайын облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Әрі келешегінен үміт күтіп отырған, мәселен олимпиадаға қатысатын спортшыларға демеушілер арқылы ерекше жағдайлар жасалуда. Әралуан жарыстарда, чемпионаттарда жеңімпаз болып келіп жатқан спортшыларға пәтерге дейін беріп жатырмыз. Өткенде Айдос бауырымызға, оның жаттықтырушысына пәтер, көлік сыйладық. Әрине спортшыларды ерекше қолдаймыз. Өйткені олар еліміздің мәртебесін асырып жүр.
Алдағы уақытта да спорт инфрақұрылымына ерекше мән береміз.
– Шалқия кентіндегі тастанды үйлерде адам тұрмайды. Алайда газ құбыры жүргізілген деген ақпарат бар. Қаржыны далаға шашу емес пе?
– Шалқия кентінде негізі 10 мыңнан аса адам тұрады. Кеңес үкіметі кезінде салынған 7 көпқабатты үй бар. Соның 350-ден астам пәтерінде тұрғындар қоныстанған. Қалған пәтерлер бос. Бірақ олардың иелері бар. Кезінде жекешелендіріп алған. Аудан әкімдігі біздің тапсырмамызбен бірнеше рет ескертулер жіберді. Оларға газ кіргізіліп жатыр деп бірнеше рет ескерту жасалды. Кейбіреулері келіп, кіргізіп алды. Келмегендері де, хабарласпағандары да бар.
Бұл жерде газ тек осы 7 үйге ғана барған жоқ. Бүкіл кентке барды. Қаншама халық 300 отбасы үшін көгілдір отынсыз қалай отырады? 10 мың халық тұратын кенттің 95% көгілдір отын пайдаланып отыр. Демек, қаражат тиімді жұмсалды.
– Осыдан 13 жыл бұрын Қызылордада 660 млн. теңгеге 120 жылыжай салынған еді. Бүгінде олар тозып, пайдаланылмай тұр. Бұл жылыжайлардың алдағы тағдыры не болмақ?
– Қызылорда қаласының маңында орналасқан, 2010-шы жылдары салынған. “ҚазАгрофинанс” деген мекеме қаржыландырған. Қазір де сол мекеме балансында. Алған азаматтар қаражаттарын толық төлемеген. Қазір сол компанияны “қайтадан жаңғырту керек шығар, басқа кәсіпкерге беру керек шығар” деген ұсыныс берудеміз. Шешілу жолдары қарастырылып жатыр.
Бұдан 15 жыл бұрын іске қосылып, шамалы уақыт істеп, содан бері тоқтап тұр. Жағдайы нашар. Біздің меншігімізде емес. Өңірде болғаннан кейін жанымыз ашиды. Жауап береміз.
– Мемлекет басшысы әркез өз тапсырмасында әлеуметтік көмекті шын мұқтаж жандар алсын дейді.
– Шынында да шын мұқтаждар алуы керек. Әлеуметтік салаға терең талдау жүргіздік. Көп қаражат үнемдедік. Білім саласында да, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада да. Соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын кісілермен 2022-ші жылдан бастап жұмыс жасадық. 2022-ші жылы 63 мыңнан аса отбасы АЭК алатын болса, қазір олардың саны 19000-ға түсті. Өйткені өзіңіз айтқандай нағыз мұқтаж азаматтар осы 19000. Ал алдында алып жүргендердің көпшілігін жұмысқа орналастырдық. Қолынан жұмыс келетіндеріне жұмыс ұсындық. Ал кей бөлігі сол қаражатты заңсыз алып келген.
Бізде қазір ажырасу көбейіп кетті деп айтып жатырмыз. Білесіздер, өкінішке орай ажырасқандардың көбісі өтірік, қағаз жүзінде ажырасып, бірақ бірге тұрып жатады. Біз оның бәрін әбден зерделедік. Әрине өтірік ажырасып, қаржы алу дұрыс емес қой. Еліміздің абыройына да нұқсан келеді. Ажырасу көбейіп кеткен сияқты, бірақ шын мәнісінде ерлі-зайыптылар бірге.
8,5 млрд.-тай қаржы үнемделді. Осы бағытта заңсыз кетіп жатқан қаржы ағыны тоқтатылды. Жұмысқа жарамдыларға үш рет жұмыс ұсынғанда үш рет бас тартса, әлеуметтік көмек беру тоқтатылады.
– Қызылорда қаласындағы “Бәйтерек” мектебінде 4 оқушының тамақтан уланғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәлімет қаншалықты рас? Жекеменшік мектептер қызметін қадағалау мен бақылау қандай органдар құзырында?
– Әзірге мұндай ақпарат жоқ. Біз анық-қанығын тексеріп, жазбаша баяндаймыз.
Жекеменшік мектептерге байланысты әңгіме көп. Қазір терең талдау жүріп жатыр. Бұрын жеке мектептермен Министрлік жанындағы қаржы орталығы айналысып келді. Үкімет шешімімен биылғы жылдың қараша айынан бастап бізге берілді. Жақында ғана конкурс жарияладық. Қызылорда облысында 39 жеке мектеп болса, соның ішінде екеуі ғана өтті. Өкінішке орай 37-сі өте алмады. Неге? Талаптарға сай келмеуіне байланысты.
Алдағы уақытта да жеке мектептердегі білім мен тәрбиеге қатты мән беретін боламыз. Өйткені оқушыларға сапалы білім, тәрбие беруіміз керек. Жеке мектептердің де жауапкершілігі мемлекеттік мектеппен бірдей болуы керек. Мемлекет оларға барлық жағдай жасап жатыр.
Кезінде жер берді, инфрақұрылыммен қамтамасыз етті. Мектеп құрылысына қажетті қаражаттарды төлеп жатыр. Кеше анализ жасап көрдік. Мысалы 8 жыл бойы мектепке қаражат төленеді. Көбінесе, басқа өңірлерге жауап бере алмаймын, Қызылорда өңірінде басым бөлігі, 80-90% деп айтайын, 3-4 жылда мектеп құрылысына кеткен қаражаттарын қайтарып алады. Одан бөлек бала басына төлеп жатырмыз. Осындай қолдау болғаннан кейін, жеке мектептер де жауапкершілікті сезініп, өте жақсы жұмыс жасауы керек.
Мемлекеттік мектептерде орын жеткілікті. Жеке мектептер салған кезде Мемлекет басшымыз мемлекет қаражаты жетпей жатқан жерге салыңыздар деп айтқан. Өкінішке орай мектеп бар жерге де салынып кеткен. Біздің облысымызда 36 мың бала қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Жеке мектептерде 14000 бала оқиды. Мемлекеттік мектептерге осы 14000-нан бөлек тағы да 22000 оқушы қабылдай аламыз. Сондықтан алдағы уақытта да өңірде, ашығын айтамын, қатаң талап қойылады. Түсіністік танытып жатқандар да бар. Мысалы “Сабалақтағы” жеке мектепті осы аптаның сәрсенбісінен бастап мемлекеттік меншікке сыйға беріп жатыр. Алдағы уақытта да осындай елге көмектесемін деген азаматтар болса оған қуанамыз.
– Қызылорда қаласының Сол жағалауындағы тұрғындар саны ай сайын, күн сайын көбейіп келе жатыр. Есесіне көлік кептелісі, жүріп-тұру көп. Халыққа ыңғайсыз болып жатыр. Айналып көпірмен жүруге мәжбүр дегендей. Қосымша көпір салу жоспарда бар ма?
– Жоспар бар. Біз Қызылорда қаласында жаңа көпір салу туралы шешім қабылдадық. Қазір жоба жасалып жатыр. Негізінен арғы бет пен бергі бетті байланыстырып тұрған 2 көпір бар. Енді үшінші көпір құрылысын осы алдағы жылдың көктемінде бастаймыз деп айтқым келеді.
– Анықтап кетейік, қашан бітеді? Қаржысы қанша?
– Жоба енді жасалып жатыр. Шамамен 15 млрд. теңгедей. Алдағы наурыз айында құрылысын бастасақ, барынша тездетуге тырысамыз. Бірақ құрылыс әкеп қоя салатын контейнер емес. Кемінде бір, біржарым жылдай уақыт кетеді. Сіз Қызылорда қаласында болсаңыз, бізде физика-математика мектебі салынды ғой. Соның тұсынан салу жоспары бар.
– Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде Арал толып жатыр, Арал суы көбейді деген әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Жалпы Арал, Арал суы туралы не айтар едіңіз? Қаншалықты рас әңгіме?
– 2022-ші жылы Кіші Аралда 18 млрд. 500 млн. куб су бар еді. Қазір 23 млрд.-тан астам су бар. Соңғы 4-5 жылда біршама көбейді деп айтуға болады. Мүмкіндігінше, әсіресе қыс айларында Аралға көп су тастауға әрекет етіп жатырмыз. Биыл су, өкінішке орай өте тапшы болды. Мемлекет басшысының, Үкіметтің арқасында оның бәрін еңсердік. Еккен егініміздің бәрін сумен қамтамасыз еттік. Жаз айларында Аралға су аз кетті. Оны мойындау керек. Өйткені егінге жетпей жатты. Қыста, қазір мүмкіндігінше көп жіберуге әрекет етудеміз.
Соңғы 3-4 жылда Кіші Аралдың суы 4-5 млрд.-қа көбейді. Мамандар растайды, Министрлік қуаттайды.
– “Сабалақ”, “Эдельвейс” саяжайларында түсірілімде болған едік. Сол жер тұрғындарының қордаланған мәселелерінің бірі – жол, көктемгі-қысқы маусымда балшық болатындығын, балалардың мектепке, балабақшаға қатынауында қиындық болатынын айтқан еді. Сондай-ақ жел тұрса свет өшіп қалатынын да тілге тиек етті. Бұл мәселелер қалай реттеліп жатыр?
– “Сабалақ” саяжайы қаланың аумағында орналасқан. Қаладағы Президент паркінен 6-7 шақырым жерде. Өздеріңіз жақсы білесіздер, заңдылығына келсек, негізі саяжайға құрылыс салуға болмайды. Былтырғы Батыс аймақтарда да болған су тасқынында зардап шеккендердің үйлері, көбіне су жағасындағы саяжай орындарына салынған әдемі үйлер. Бұл саяжайларда да үлкен үйлер салуға болмайды. Бірақ, кезінде салды. Мүмкіндіктеріне қарай шығар. Біз оның бәрін түсінеміз. Үлкен түсінікпен қарап жатырмыз. Саяжай болғаннан кейін оған бюджеттен қаражат бөлуге болмайды. Заңсыз. Көп жылдан бері көп халық сонда қоныстанғаннан кейін, зерттей келе “Сабалақты” қалаға кіргіздік. Бірнеше саяжайды, оның ішінде “Эдельвейс”, тағы да басқалар бар. Бұрыннан қалып кеткен аттары ғой, ПМК-24 деген де бар.
Енді қалаға кіргеннен кейін қаражат салуға болады. Өткен жылдан бастап. Өткен жылы “Сабалаққа” ауыз су барды. Бұл мәселе шешілді. Жақында газ берілді. Газ жеткізу өткен жылы басталып, биыл газ мәселесі шешіліп тұр. Біраз көшеге демеушілікпен қиыршық тас төседік, әрі қарай да біртіндеп жол мәселесін шешеміз. Әзірге мектепке баратын, қоғамдық көлік жүретін көшелеріміз асфальтталды. “Сабалақтағы” жеке мектепті мемлекетке сыйға берген азаматтың азаматтығымен “Сабалақта” мемлекеттік мектеп мәселесі де шешілді.
Неге Мәдениет үйі, спорт кешені жоқ деген сұрақтар да бар. Қаладан 6-7 шақырым сайын Мәдениет үйін сала беруге мұқтаждық жоқ қой.
Басқа да саяжайда жұмыстар жүруде.
– Жеке мектептер мәселесін нақтылап жіберсем, қателеспесем 35 мектеп қаржыландырылмай тұр. Олардың ішінде оқу маусымы басталғалы, яғни қыркүйектен бері жалақы алмаған мұғалімдер бар көрінеді. Жеке мектептердің қанша пайызын ұстап қалуды көздейсіздер? Немесе едәуір пайызын қысқарту жоспарларыңыз бар ма?
– Конкурс өтті. 39 мектептен екеуі өтті. Екеуінің қаражаты толығымен төленді. Енді қалған 37 мектеп биыл өз қаражаттарын өздері шешеді. Біз құрылтайшыларымен, мектеп басшыларымен бірнеше рет кездестік. Сөйлестік. Олардың 99%-ы түсінікпен қарап отыр. Бұған дейін 2-3 айдың қаржысы төленбей, кешіктірілген. “Қаржы орталығы” төлеу керек болған. Мектептерді қаржыландыру бізге қарашадан бастап өтті, қазір мектеп құрылтайшылары, басшылары қыркүйек, қазан, қараша айындағы айлықтарын төледі. Бір-екі ғана кәсіпкер қалды. Еңбек инспекциясы тексерді. Нұсқамалар берді. 30-шы желтоқсанға дейін толығымен мұғалімдердің, техникалық қызметкерлердің жалақысын толық төлеп береді. Өйткені ол – олардың міндеті. Келісім шартқа мемлекет емес, жеке мектеп иелері, басшылары отырды. Мұғалімдерге келісім шарт бойынша жалақыларын талап етуді түсіндірдік.
Жеке мектептерге мектеп құрылысына да, бала басына да жақсы ақша төлеп келеміз. Мектептердің көп салынған себебі де осы. Алдағы уақытта тағы да конкурс жарияланады. Сол кемшіліктер тағы да жеке мектептерде анықталатын болса, әрине конкурстан өте алмайды.
Біз жеке мектептер құрылтайшыларының мүддесін емес, оқушыға сапалы білім, тәлімді тәрбие беруді ойлауымыз керек.
– Өткен жылмен салыстырғанда аймақта оқушылар арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайы көбейгені байқалады.
– Нақты дерек бар ма? Көбейген деген жалпы сөз ғой. Қай мектепте, қай кезде орын алған? Қазір өз-өзіне қол жұмсап, қайғылы жағдай орын алды деген нақты дерек менде жоқ. Осыдан екі жыл бұрын осындай бір-екі оқиға болған. Ол бойынша зерделеу, түсіндіру жасалды. Нақты дәлел болса…
Бізді әр баланың тағдыры ойландырады.
– Аймақ тұрғындары Астана, Алматы бағытына әуе, автобус қатынасына тәуелді. Қосымша уақыт шығыны мен қаражат жүктемесін тудырады. Алдағы уақытта Қызылордадан тікелей Астанаға жолаушылар поезын жүргізу жоспары бар ма?
– Ұсынысты министрлікпен ақылдасып көрелік. Семейге, Көкшетауға баратын поездар Астана арқылы жүреді. Тікелей Астанаға баратын поезд мәселесін ойланып көрейік.
– Кеше ғана “Адырна” порталында биыл жүргізілген байқауда, сіз жүзден жүйрік болып, “Жылдың іскер әкімі” болыпсыз. Яғни өзіңізді осы орынға лайықпын деп санайсыз ба? Дәл брифингке шығар алдында бұл ұпай жинау емес пе?
– Шынын айтсам, ол портал иелерін, қызметкерлерін танымаймын. Көрген кісілерім де емес. Ал лайықпыз, лайық емеспіз, оны халық біледі. Менде ұпай жинау мақсаты, ой да болған жоқ.
– Өзіңіз көрдіңіз бе?
– Көрдім. Әрине. Ондайды бірінші жібереді ғой. Көрген кісілер. Негатив болса, жақсы хабар болса да бірінші жібереді. Әлеуметтік желіні жіті қадағалап отырамыз. Онсыз болмайды ғой. Әлеуметтік желі, қазір біздің көмекшіміз сияқты. Қай жерде не болып жатыр, шынын айтқанда түнге дейін қараймыз.
– Көктемде Арал ауданы маңындағы бірнеше елді мекенді шегіртке қаптады. Жергілікті тұрғындарға біраз қиындық әкелді. Бұл жағдай тағы қайталануы мүмкін бе? Қайталанбау үшін не істелуде?
– Өткен жылы Ақтөбемен шекаралас ауылдарда шегіртке көбейді. Бірақ дер кезінде залалсыздандыру жұмыстары жүрді. Министрдің өзі, Ауыл шаруашылығы, бірнеше рет келді, комитет төрағасы соның басында жатты, әбден залалсыздандырып болғанша. Барлық күш жұмылдырылды. Келесі жылы болмайды деп нақты айту қиын. Ошақтарын жойып жатырмыз. Алдын-алып, болдырмауға тырысамыз.
– Залалсыздандыруға қанша қаражат бөлінді?
– Қаражатты Министрлік бөледі. Жеңіл тікұшақтармен залалсыздандыру жүргізілді. Басқа да арнайы техникалар алып келді. Оған қаражат бөлініп, конкурс өткізіледі. Мысалы өткен жылы Шымкент қаласының бір компаниясы жеңімпаз болып, осы жұмыстарды жүргізді. Оны білетініміз, жұмыс барысын күнделікті қадағалап отырдық. Күніне қанша техника шықты, қанша адам келді, бәрі бақылауда болды.
– Ғарыштық мониторинг дерегі бойынша өңірде көптеген заңсыз қоқыс, қалдықтар орны анықталған. “Таза Қазақстан” неге қалдықтарды басқаруды шешпейді?
– Бұл сұрақпен келісе алмаймын. Бізде бей-берекет жатқан қоқыс алаңдары жоқ. Одан бөлек Экология министрлігі, соған қарасты бізде департамент спутник арқылы да ай сайын тексеру жүргізіп жатыр. Ондай жағдай бізде орын алған жоқ. Бірінші кезде орын алған жағдайлардың бәрін жойдық.
Корея компаниясымен 37 млрд. 800 млн. теңгеге Қызылорда қаласында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын, оны әрі қарай өңдеп, энергия шығаратын жаңа зауыт құрылысын бастадық. Алдағы жыл аяғына дейін бітіру жоспары бар. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін жобалар аудандарда да басталды.
– Қызылорда облысының экономикалық дамуының негізгі 3 көрсеткішін бағалау керек болса, әкім ретінде негізгі үш нәтижені айтып бере аласыз ба? Өзіңіздің де тағайындалғаныңызға үш жыл болды, соған байланыстырып, үш көрсеткішті сұрап отырмын.
– Бірінші, бюджет. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен біздің бюджетіміз соңғы 3 жылда едәуір өсті. 2021-ші жылдың қорытындысымен 2022-ші жылдың басында 346 млрд. теңге болса, қазір 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетті. Мұның 56%-ы әлеуметтік саланың дамуына бағытталды. Осы қаражаттың артында қаншама жұмыс, жүзеге асқан жаңа жобалар бар.
Екінші – инвестиция. 2021-ші жылдың қорытындысымен өңірге тартылған инвестиция 308 млрд. теңге болды. Сол кездері жоспар 64%-ға орындалған. Қазір 11 айдың қорытындысымен 717 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жыл қорытындысымен 750 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. 400 млрд.-тың үстінде инвестиция тартылып отыр. Артығымен. Бұл – екінші жетістік, еңбек. Мұның да артында көп жұмыс, жаңа жобалар бар. Инвестиция – тек цифр емес.
Инфрақұрылымға байланысты да айтып жатырмыз. Жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 95%-ға жетті. Халыққа ең керегі ауыз су. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық елді мекендер 100% орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 67%-дан 83%-ға дейін өсті. Соңғы 3 жылда.
Бұдан бөлек 200-ге тарта әлеуметтік нысандар салынды. Қоғамдық-саяси ахуал да едәуір жақсарды деп айтуға болады. Халықтың көңіл-күйі де дұрыс.
– Қармақшы ауданының Жосалы кентіндегі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан теміржол өткелі құрылысы қашан басталады?
– Жаңақорған, Арал аудандарында теміржол өткелдері салынып, биылғы жылы ел игілігіне табысталды. Аралда 3 млрд. 940 млн. теңгеге, ұзындығы 40 метр, Жаңақорған ауданында 40 жылдан бері бітпей тұрған теміржол өткелін аяқтауға 1 млрд. 400 млн. теңге бөлініп, ел игілігіне табыстадық. 4 млрд. 700 млн. қаржыға Қызылорда қаласында теміржол асты өткелі салынып жатыр. Наурыз айында бітеді. Оны да халық көп жылдан бері сұрап келеді.
Енді Қармақшы ауданы халқымен кездескенде олар да өзіңіз сияқты осы сұрақты қойып жүр. Сараптамадан өткіздік. Республикалық бюджетке ұсындық. Жоба құны 5 млрд. 140 млн. теңге. Келер жылы бастаймыз деген жоспар бар. Мүмкіндігінше жыл аяғына дейін аяқтауға тырысамыз.
– Шиелі ауданының “Алғабас” ауылында өткен көкпар кезінде адам өміріне қауіп төндіретін оқиғаға байланысты қандай шаралар қабылданды?
– Оқиғаға байланысты тексеру тағайындалды. Іс қозғалды. Ауыл әкімі де, сол жердегі учаскелік инспектор да бақыламағандықтан, қателіктерге жол бергендіктен қызметтен босатылды. Қазіргі таңда соны ұйымдастырған ауыл азаматтарына байланысты тергеп-тексеру жүріп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін жазбаша баяндаймыз. Бұл өзімнің қатаң бақылауымда.
– Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында кәмелетке толмаған екі қыздың зорлық көргені туралы ақпарат тарады. Алайда журналистер бұл фактілердің жергілікті билік пен органдар тарапынан жасырылғанын алға тартып отыр.
– Мұндай ақпарат маған да жеткен болатын. Полиция департаментіне тапсырма берілді. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Анықталғаннан кейін толығымен баяндаймыз. Ақпарат таратпады дегенге орай, нақты болмағаннан кейін, істің ақ-қарасына көз жетпегеннен кейін ақпарат таратпадық. Біз жалған ақпарат тарата алмаймыз.
– Мүгедектігі бар балаларды оңалту бағытында қандай жұмыстар бар?
– Бұл мәселе ерекше назарымызда. “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен Қызылорда қаласында мүгедектігі бар балаларға арналған 2 млрд. 900 млн. теңгеге үлкен спорт кешені салынуда. Қазір құрылысы аяқталып қалды. Жақын күндері ел игілігіне табысталады. Одан бөлек осы қордың қолдауымен Арал, Жаңақорған аудандарында, Қызылорда қаласында оңалту орталықтары салынды. Біз жаңа ғимараттар салып бердік. Бұрынғы ғимараттарды күрделі жөндеуден өткіздік. Ал ішін толық қажетті құрал-жабдықтармен “Қазақстан халқына” қоры жабдықтады.
Бұрын сондай ем үшін, жаттығу үшін Алматы, Астана баратын болса, қазір осы қор арқасында өңірден қажетті емді алып жатыр. Әлеуметтік төлемдер уақытылы төленуде. Материалдық көмектер, дәрігерлік көмектер көрсетілуде. Алматы, Астанаға емделуге сұранса, оған да көмектесіп жатырмыз.