Алаяқтардың құрығына түсіп жатқан азаматтар азаймай отыр
Қазіргі заманда интернет пен цифрлы технологиялардың мүмкіндіктері біз ойлағаннан да алға дамып кеткен. Интернеттің дамуымен қатар алаяқ қылмыскерлер де уақыт талабынан қалмай, азаматтардан ақша жымқырудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Демек телефоны бар кез-келген адам, интернет-алаяқтардың құрбаны болуы әбден мүмкін. Осы қылмыстардың алдын алу мақсатында, құзырлы органдар халық арасында сақтық шараларын үнемі ескертіп, нәтижелерін әлеуметтік желілерде кеңінен жариялауда. Соған қарамастан ескертулер мен түсіндірмелік жұмыстарға ден қоймай, алаяқтардың құрығына түсіп жатқан азаматтар азаймай отыр.
Ағымдағы жылдың 10 ай қорытындысымен, облыс бойынша интернет алаяқтық қылмыстарының 523 дерегі тіркелді. Былтырғы жылы мұндай қылмыстар 252 болса, бүгінгі күнге 107%-ға көбейіп отыр.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерді парақтап отырсаңыз, тоқтаусыз шыға беретін жарнамалар мен бейне үндеулер өте көп.
Жарнамаларға тоқтай қалсаңыз, мәтінін жартылай айтып, толығырақ білу үшін толығырақ батырмасын басуды ұсынады.
Одан бөлек бейнероликтерде елге белгілі тұлғалардың кейпінде, яғни олардың бейнесін пайдаланып, дауыстарын компьютер арқылы өзгертіп, инвестицияға қаражат салуды немесе оңай жолмен баю жолдарын насихаттайды, немесе алаяқтарға алданып қалған болсаңыз қаражаттарыңызды кері қайтарып алуға көмек көрсетеміз деп жалған жарнамалар жариялайды.
Мысалға айтар болсам, қазіргі таңда ең көп таралған жалған бейнероликтерде елге танымал тұлғалар, яғни ірі бизнесмен Мұхтар Жакишевтің, Каспийбанктің негізін қалаушы Михаил Ломтадзенің, халық әртісі Роза Рымбаеваның, Ішкі істер министрі
Ержан Саденовтың, немесе өзге де жалған адвокаттардың бейнелерін пайдалануда.
Бұндай бейнероликтердің барлығын алаяқтар компьютер арқылы дыбысын өзгертіп, халықты алдау үшін қолданады және бұндай жалған бейнероликтер мен жарнамалар инстаграмм, фейсбук, Ютуб әлеуметтік желілерінде өте жиі кездеседі.
Сондықтан, алаяқтарға алданып қалмас үшін, алдау тәсілдері мен сақтық шараларын айтып өтейін.
Біріншіден – интернет алаяқтар қоңырау шалғанда орыс тілінде сөйлейді, қазақ тілінде жауап берсеңіз олар сізді түсінбейді, яғни әрі қарай сөйлесуді жалғастырмай, байланысты үзген жөн. Бұл алаяқтардың құрығына түспеудің ең басты шарты десек те болады.
Қазіргі кезде болып жатқан алаяқтық қылмыстарының 70%-ы, СМС кодтан басталады. Яғни, Сіз күдіктеніп қалмауыңыз үшін, алаяқтар алдын ала SMS код жолдап, артынша Сізге қоңырау шалады. Қоңырауын қабылдап, сөйлесе бастасаңыз, орыс тілінде сізге почтамен зат келіп тұр, немесе SIM карта мерзімі өтіп тұр, немесе емханаға тіркелу қажет, немесе су-жарық жүйесіндегі қарызды төлеу, счетчиктерін ауыстыру қажет деп алдын-ала ойластырған айласын қолданады. Осы жерде ойыңызда ештеңе жоқ, Сіз СМС кодты айтып қоясыз. Артынша Сізге басқа нөмірден қоңырау шалып, өздерін Банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, Сіз алаяқтарға СМС код айтып қойыпсыз, Сіздің атыңыздан алаяқтар несие алып жатыр деп қорқытып, әр түрлі банктерден несие рәсімдетіп алады.
Осы тұста жәбірленушілердің барлығы дерлік СМС код айтып қойыпсыз дегенде қорқып кетіп, алаяқтың барлық айтқан нұсқауларын орындап, аттарына несие рәсімделуіне жол беріп жатады.
Естеріңізде болсын, СМС код арқылы ешқашан несие алынбайды, ол үшін фото-бейне верификациядан өтуіңіз керек, ал СМС код айтып қойыпсыз деген, бұл жай ғана алаяқтардың Сізді қорқыту айласы.
Айтып өтетін өзекті мәселе, осы интернет-алаяқтық қылмыстарымен байланысты «дроппер» деген жаңа ұғым пайда болды. «Дроппер» дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, интернет-алаяқтарға көмек көрсетуші, немесе интернет-алаяқтық қылмысына қатысушы деген мағынаны білдіреді. Яғни алаяқтар жәбірленушілердің шоттарындағы қаражаттарды, басқа біреудің, жаңа айтып өткен «дропперлердің» банктік карталарын немесе есепшоттарын пайдалану арқылы, шетелдік есепшоттарға аудартып алады немесе банкоматтардан қолма-қол шешкізіп алады.
Осы қылмыстардың алдын-алу мақсатында, алаяқтарға көмек көрсетуші «дропперлерге» қатысты Қылмыстық кодексте жаңа 232-де 1-бабы енгізіліп, санкциясында кінәлілерге қатысты, жүз алпыс айлық есептік көрсеткіштен бастап, яғни 160АЕК*3932тг=629120тг), жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралады.
Одан бөлек арызданушылар осы «дропперлерді» Азаматтық Кодекстің 953-бабына сәйкес сотқа беру арқылы өзіне келтірілген шығынды толықтай өндіріп алатын болады.
Дропперлерге қатысты тағы бір шектеу: олардың есепшоттарына қатысты бұғаттау енгізіліп, тергеу барысында толық мән-жайлар анықталғанға дейін бұғаттан шешілмейтін болады. Ең соңында, жеке ақпараттар анықтамасында, қылмыстық жауапкершілікке тартылған деген мәлімет қалыптасатын болады.
Сонымен қатар алаяқтарға сенген азаматтар өз аттарына сим карталарын «ватсап, телеграм» желілерінде тіркеп беріп жатады.
Мысалға айтар болсақ, әдетте алаяқтар инстаграмм, телеграмм және фейсбук әлеуметтік желілерінде жұмыс бар деген жарнамалар ұсынады, байланысып сұрасаңыз, жұмыс шарты оп-оңай, яғни Сіз банкомат карточкаңызды, немесе реквизиттерін бересіз, ал сізге әр аударымнан 5 мыңнан 50 мың теңгеге дейін ақша төлеп отыруға уәде береді. Ал, шындығына келер болсақ, қылмыскерлер Сіздің карточкаларыңызды, алданған азаматтардан немесе есіртікі қылмыстарынан түсетін заңсыз қаражаттарды, өздерінің діттеген мақсаттарына қол жеткізу үшін қолданады.
232-1-бап. Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру. Мүлкі тәркіленіп, бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке (629.120 тг) дейін айыппұл салудан, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. аталған бапта көзделген қылмысты алғаш рет жасаған, бұл туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ осы құқық бұзушылықты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
(Өңірлік коммуникациялар қызмет алаңында өткізген брифингінен)