Әрекет түбі – берекет

Міне, ақпан айында қар қалың жауды да, сонарлатып дарияның арғы бетіне шығып қайтпақшы болдым. Аңшы “түскі ас тәңірден” деп шығады үйінен. Демалыс күні. Таң енді атып келе жатыр. Жинала бергенімде, қоңырау шыр ете қалды. Телефонды көтерсем, орынбасарым Жеткерген Оразбаев.

– Жәке, аманшылық па? – деймін.

– Аманшылық. Тек № 6 жылу орталығының төбесіндегі плита құлап кетіпті. Соны айтып қояйын деп…

– Төбесі құласа, басшылары бар емес пе? Қайтадан қалпына келтірсін. Солардың құлағына сал. Бұлай деуімнің өзекті шындығын айтпасқа болмайды. Мен бұрын-соңды жылу орталығы деген алып құрылыстың технологиясын толық білмеймін. Мамандығымның да оған қатысы шамалы, жылу жүйесін зерттейтін сала бөлек қой. Сол тұрғанда ‘’плита құлап кетті” дегенді жеңіл түсініп қалыппын. Құласа, қайтадан орнына қою қиын ба деген ой келген болу керек. Жеткерген осыны сезіп қалды.

– Бәке, құлап түскен жай плита емес, бұл үлкен апат, ТЭЦ-тің төбесі опырылып ортасына түсті деген сөз. Бұдан кейін орталық өз жұмысын тоқтатады.

Не дейді? – Шошып түстім. “Жұмысын тоқтатады” деген не сөз? Қыстың күні мынау, терезеге дейін боз қырау басып, көшені көре алмайсың. Далада қақаған аяз, түһ деген түкірігің жерге түспейді. Қала халқы көптен кимеген тон-пальтосын қабаттап, қарды шықырлата басып, жұмысқа кетіп барады. Сондай аласат табиғат мінезіне қоса, мына жақтан ТЭЦ жылу бермесе, апат болмаған несі қалды? Дереу жиналып, табан астында жылу орталығына тартып кеттім. Апатты көру үшін де көз керек, қарауға дәтің жетпейді. Алып ғимарат Сталинград соғысындағы бомба түскен биік үйлердей опырылып жатыр. Айналасында адамдар топырлап жүр. Жеткергеннің “плита құлап кетті” дегені тосыннан шошып түспесін деп жұмсартып айтқан әңгіме екен. Орталық ғимараттың 600 шаршы метрлік төбесі түгелімен жерге түсіп,жылу жүйесінің барлық аппаратын, құбырын, бұрандасын, бөлмелерін дымын шығармастай басып қалған. Адам аман секілді. Осыдан 30 жыл бұрын жобадан шығып, кейін жобаға қайта түсіріп салған қарапайым құрылыс еді. Күндіз-түні дүңкілдеп кетіп жатқан пойыз, жүріп жатқан машина, үздіксіз лапылдап, жанып жатқан от, көмірге шыдас бере алмай жеткен жері осы болыпты. Көптеген мамандар ғимарат ескіріп, сапасыздықтан құлады дейді. Жалғыз себеп бұл емес. Негізгісі сапасыз көмір жағудан болатын.

Сапасыз көмірден күлдің көп шығатыны, оның сол мұржа мен пеш қабырғасына қатып қалатыны белгілі. Жылда жылу жүйесінің басшылары аудан-ауылдан адам алдырып, ғимараттың күлін екі ай сыртқа тасытып, әуреге түсіп жатады. Сол жылы да күл төбеге көп жиналған, ылғалданған, су тартқан. “Өзі қашайын деп тұрған қоянға айт деген соң не оңсын” демекші, ғимарат сол салмақты көтере алмаған. Апаттың негізгі себебі осы. Демек, біз сырттан келетін көмірдің сапасына қарауымыз керек. Сөйтіп, ақпан айының ішінде қала халқына жылу беру табан астында тоқтады. Егер сталиндік дәуірде осындай апатты жағдай болса, облыс, қала, кәсіпорын басшыларын түп-түгел аттырып жіберетіні ақиқат. Халық алдындағы кінәсін осылай жуады. Ал менің әкім болып келгеніме небәрі бір жылдан асты, ТЭЦ ғимараты қабырғасының қаншалықты берік екенін есептеп көрген жоқпын. Төбесін де білмеймін, білу мүмкін де емес. Оны заманында салған құрылысшылар біледі. Ақырында біз жаманатын арқалап, тауқыметін тартып, көптің алдында ұятқа қалдық. Халықтың аузына қақпақ қоя аласың ба? Ертең:

– Досманбетов келді де ТЭЦ-ті қиратты, – десе, қайсысының соңынан жүгіріп дәлелдеймін, кімге түсіндіремін.

Апатты жағдайды Бердібек те естіді. Бұл дабыл қағатын мәселе. Хабар ҚР Президентіне дейін жетіп, Үкімет қазандықтарды қалпына келтіруге қаржылай көмек беретінін білдіріпті. Ал, тап қазір тығырықтан жол тауып шығу керек-ті. Не дегенде, 200 мың халқы бар қаланың жылу жүйесін қатырып қойып отыра алмаймыз. Сондықтан да Тасбөгеттегі ауданаралық жылу жүйесі арқылы батереяларға суық су айдап жатырмыз. Жедел арада қаланың жылуға аса мұқтаж деген мекемелеріне, көп қабатты тұрғын үйлерге қосалқы 7 шағын қазандық қойдық. Апатты жағдайдан шығуға бір миллиард теңге көлемінде қаржы керек. Ал, жылу орталығына қазандық қоятын, оның технологиясын білетін маман Қазақстан көлемінен таптырмай жатыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серікбай Нұрғисаев бастап штаб құрылды, жатып-тұратын жеріміз де сол ара. Коммуналдық шаруашылық жөніндегі орынбасарым да сол орталықта түнейді, әрбір іс қимыл жөнінде ақылдасып отырамыз.

Бұрын Жезқазған, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімі болған, жылу орталығы апатқа ұшыраған жылы “Казэнергосервис” жеке кәсіпорнын басқарып жүрген осы саладағы белгілі маман Қажымұрат Нағымановты шақырдық. Қазір Нағыманов ҚР Транспорт және коммуникация министрі. Барнауылдан мамандар әкелдік. Әншейінде жылу жүйесінің технологиясын оқитын қанша оқу орны бар, бірақ сол саланың механизмін меңгеріп кеткен маманымыз кем. Бұл қиын тірлік еді. Жұмыс күн-түн демей жалғаса берді. Ақыры көктем туа бу қазандықтары жөнделіп, іске қостық-ау. Сол кезеңде қаламызда жеке бу қазандықтары көптеп пайда болды. Жылу жетпегеніне ауданаралық қазандықты қостық. Соның өзінде көп қабатты үйлердің қанша жылу батареялары жарылып, орасан зор шығынға баттық. Дірдектеп, электр пешін, газын қосқан, әуреге түскен тұрғындардың тірлігіне куә болдық. Бұл бір мылтықсыз майдандай ауыр кезең. Бауырымыз сау, басымыз бүтін болып бұдан да өттік-ау.

Міне, осындай күрделі де тосын жағдай адамды шыңдай түседі екен. Қала басқару қалай, оның елді мекеннен айырмасы қанша, қала-даланың талабы бірдей ме, қала берді, қала тұрғындарының мінез ерекшелігіне дейін қанығып қалдық…

Жайшылықта, тыныш заманда мамыражай өмірде бәріміз жақсымыз, өйткені, тірлігіміз жақсы. Ертең ғайыптан тайып, біреудің біреуге ақысы желініп зорлық көріп, ақырет шексе, өзің білетін адамды да танымай қаласың. “Бұл өзі шынымен осындай ма еді?” деп таңырқап тұрасың. Бұған олардың титімдей кінәсі жоқ, қажет кезінде қолдау көрсетпеген өзіміз кінәліміз. “Ашынғаннан шығады ащы дауысым” демекші, адам баласы күйінген, ашуланған кезде табиғи болмысынан ауытқиды. Кейін арнайы экономикалық аймақ туралы кітап жазғанда, осының бәрін көріп-білгенімді әңгімеге арқау еттім.

Көп ретте достарым, әріптес ғалымдар хабар салып, қала басында болып жатқан түрлі оқиғаларға өздерінің жанашырлығын білдіріп, маған тіл жәрдемін көрсетіп жатты. Мен қала халқымен ортақ тіл табыстым деп сенімді айта аламын. Жұртпен жиі араласамыз, қолдан келген көмекті береміз, міндетті борышымызды қал-қадірімізше атқардық. Өзім рухани өмірді сүйетін болғандықтан, қызметкерлеріме өнер адамдарына бір табан жақын болуды үйреткім келді. Адам мен адамды табыстыратын өнер, Мәскеуде оқып жүрген кезімде көргенім, аты шыққан ақындар Маяковский ескерткішінің түбіне келіп өлең оқитын. Мұны ұйымдастырған “Комсомольская прявда” газеті оны “Редакция бейсенбілігі” деп атайтын. Сол өлең кешінен қалмай барушы едік. Ескерткіш басында жат та, жау да жоқ, бауырласқан ел. Ол жерде қара да, хан да тұр, бәрі бір кісінің баласындай қолтықтасып алатын. Сол кезеңде Хрущев Эрнст Неизвестный секілді суретші, Е.Евтушенкодай ақынға күн көрсетпей қудалаған еді. Ал олар ескерткіш түбіне келіп, өз пікірлерін ашық айтып, өлең оқитын. Халық соларды қолдайтын. Мен де қолдадым. Әкімшіліктегі жігіттерге сондай дәстүрді қалыптастыруды ұсыныс еттім. Бастамасын жасадық та, бірақ түрлі шаруабастылық шараны жүйелі өткізуге мүмкіндік бермеді. Оның есесіне әкімшілік аппаратындағы жігіттерді екі тілде еркін сөйлеп, жазатын, философ-ақын Әуезхан Қодар, әйгілі дін өкілі, түркиелік Халифа Алтай, ерекше болмыс иесі Сары Әулие, аты аңызға айналған әнші Роза Бағыланова, жерлес ақынымыз Иранбек Оразбаев, тағы да басқа белгілі өнер шеберлерімен сұхбаттастырып, олардың өзіміз жөніндегі ашық пікірін сұрап білдік. Ақын да, әнші де, ғалым да құдіретті тұлғалар емес пе, біздің жігіттер сол адамдармен кездесуден соң біраз әсерленіп қалушы еді. Қала көлеміндегі көптеген іс-шараларда халық қатарынан қалыс қалмауға тырысамыз. Иншалла деп айтайын, көптің ішінен: “Досманбетов, мына жұмысың дұрыс емес. Ұятқа қалдырдың” деп айтқан бір жан болған жоқ. Ал, біздің елде кемшілікті тура айту көптеген азаматтың қолынан келетін еді.

Тарихшы Николай Бердяев бірі меньшевиктік, екіншісі большевиктік көзқарасына қарамай, екі елі ажырамаған екі досты қонаққа шақырып отырып:

– Айтыңдаршы, Ресейде революция бола ма?- депті.

– Ресейдің көтерілуі үшін әлі жиырма бес жыл керек, – депті меньшевик.

– Жиырма бес жыл аз, кемі елу жыл, – депті большевик.

Осы әңгімеден үш күн өткенде, 28 қазанда көтеріліс бұрқ ете қалады. Тез арада революция болады деп ойламаған Лениннің өзі шетелде жүр екен.

Міне, көптің көңіл күйі деген.

“Шаруам жай” деуге болмайды. 1998 жыл. ҚР Министрлер Кабинетінің базаршылардың жерпұлын көтеру жөнінде Қаулысы шықты. Бұрын әрбір сатушы тұрған орнына 20 теңгеден төлесе, ол елу теңгеге өсті. Дереу телефон шалып, Бердібекпен ақылдастым.

– Беке, мынау қиын шаруа екен. Базардағы халықтың қалтасы көтермейді. Орындалуы мүмкін емес қаулы ғой, қайтеміз?- дедім.

– Қаулы шығып қойды, бізбен ешкім ақыл­дасқан жоқ, бірақ мәселені Үкіметке айтамын.

– Менікі халық толқып кете ме деген ой ғой…

– Сөйлесеміз, Үкіметке айтамыз, – деп Бердібек Астанамен байланысқа шыққан. Сөйткенше болған жоқ, Бердібек қайтып телефон шалды.

– Базардағы барлық әйелдер орталық алаңға қарай үдере көшіп келеді – дейді. Бес-алтыдан сапқа тұрып алған, әңгімеге шақырайық деп едік, “біз Досманбетовке барамыз” деп кідірер емес. Сірәсі, базар бастығы бүгінгі қаулыны бәріне көрсеткен-ау.

Тез арада далаға шығып, ереуілшілерге қарай қарсы жүрдім. Тоқмағамбетов көшесінің бойымен сап түзеп, жүздеген адам судай ағылып келеді.

– Азаматтар, тоқтаңыздар! Ақылдасайық! – деп қолымды көтердім.

– Жоқ, тоқтамаймыз! Біз Досманбетовтің өзіне барамыз. Бәріміз алаңға жиналамыз,-дейді.

Базаршылардың ішінде мені көрмеген, білмейтін жандар баршылық-ау деймін, іздеп келе жатқан әкімі мен болсам да, біреуі қайырылған жоқ. Сонымен орталық алаңда бәріміздің басымыз тоқайласты. Халық арасында алуан түрлі айқай-шу естіледі.

– Біз қалай күн көреміз? Тапқан ақшаңды түгел салыққа төле дейді. Бұл қаулыны шығарып отырған кім өзі?

– Қайда қала әкімі?

– Егер талабымыз орындалмаса, осы арадан кетпей аштық жариялап жатамыз. Бала-шағамызға құр қол барғанша, өлгеніміз жақсы.

Мезгіл наурыз айының бас шені. Күн ызғары қайтпаған, ойық-ойық мұз жатыр. Базар басынан берекесі қашып келген базаршылардың жақ жүндері үрпиіп, түстері оңып кеткен. Мен солардың арасынан мінбеге жете алмай әуремін. Ешкім елеп, жол беріп жатқан жоқ, әкім екенімді де кейбіреуі білмейді. Әрең дегенде әлдекімнің демеуімен мегафонға қолым ілікті-ау!

– Ағайындар, ешқайда кеткен жоқпыз, орталарыңыздан шыға алмай, осы араға әрең келіп тұрмын.

– Досманбетов болсаң, қайда қарап жүрсің? Қара жер үшін елу теңгеден салық салып, мына үкімет халықты қырайын деп жүр ме?

Жұрт ие бермей шулап кетті.

– Ондай салықты мен салған жоқпын, үкімет деп өздеріңіз айтып тұрсыздар ғой. Қазір облыс әкімі Сапарбаев сол үкімет басшыларымен сөйлесіп жатыр, талап-тілектеріңізді жеткізеді.

– Өзің үкіметтің осы ісін дұрыс деп ойлайсың ба?

– Үкіметтің бұл ісі өзіне ғана дұрыс. Маған сіздердің салықсыз сауда жасағандарыңыз пайдалы.

Бірте-бірте халықтың беті бұры­ла бастады. Әр базардан бір-бір адам шығып, кабинетімде кеңес құруға келісті. Жұрт менің сөзімнен соң тарай бастады. Бірақ жоғарыдан дұрыс шешім болмаса, алаңға қайта жиналатынын ескертіп кетіп жатыр.

Базаршылардан іріктелген қырық адаммен ақылдастық құрып отыр­ғаны­мызда, Бердібектен қуанышты хабар келді.

– Салық бұрынғы қалпында қалатын болды. Үкіметке айтылды. Сөйтсек, бізден басқа қалалардың базаршылары да наразылық толқуын бастап кеткен екен. Үкімет амалсыздан шегініп жатыр.

– Рахмет, Беке!

Мойнымнан ауыр жүк түскендей болды. Сол арада базаршылар өкілдері қуанып, үйді-үйлеріне тарады. Әділетті шешім жасалды. Халыққа керегі сол әділет еді ғой.

Үш жыл мерзім маған өмірдің үлкен мектебі болды десем, асыра айтқандық емес. Бұрын жыл ішінде қаланы көркейту мен көріктендіру үшін 30-40 миллион теңге жұмсалған екен, мен келгеннен бастап жылына 600-800 миллион теңге қаржы жұмсалды. Бұл бұған дейінгі көрсеткіштен жиырма есе асып түседі. Істелген жұмыс халықтың көз алдында, қалаға келген сайын өзіміз де көріп жүрміз. Көңілің өсіп қалады. Ал бастаған ісің аяқсыз қалып, ретсіз бұзылып, өзің кеткен соң ешкім ат ізін салмай қойса, еңбегің құмға құйған сумен бірдей болады екен. Одан бері қанша жыл өтті. Осы қалаға менің де сіңірген еңбегім бар деген ойдан-ақ бойың сергіп сала береді.

Табиғатымда бір жерде отыз-қырық жыл қызмет істеген азаматты түсінбеймін. Адам бәрін көру керек, білуге тиіс, әр салада бағын сынай білгені жөн деп ойлаймын. Сондықтан қала халқы алдында қолдан келген қызметімді жасадым, ендігі кезек өзімнен кейін өсіп келе жатқан жастікі деп ойладым. Сондықтан Қазақстан Республикасы Парламентінің алдағы сайлауында депутаттыққа түстім. Абыройлы болдық. Депутаттық мандат та азаматқа сеніп тапсырылатын өмірдің бір мектебі. Бұрын ауыл деп жүрдік, сосын оқу, кейін қалаға қызмет жасадық, енді өмірде жинаған тәжірибе, оқудан алған өнегеміз болса, Отан мүддесіне жұмсаймыз. Дауысқа түсер кезде де, бәсекеден абыройлы өткен шақта да, әлі күнге дейін де осындай ойдамын. Ел аман болса – біздің іздегеніміз табылады. Қазақстан деген еліміздің бір қажетіне жарап, халыққа пайдалы іс жасасақ одан өткен арман бар ма?

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған