Әркімнің бақыты әрқалай. Бәлкім сол әркімнің бақыт туралы түсінігіне орай…

Күні кеше Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына және жыл сайынғы дәстүрлі қала күніне арналған көптеген іс-шара өтті. Осы іс-шаралар ауқымы өзгеше зор болды. Бір Сыр бойы аймағының, немесе бір Қызылорда қаласының тойы ғана емес, бүкілхалықтық сипат алды. Мәселен, мереке қарсаңында еліміздегі барлық қалалық, облыстық мәслихат хатшылары, депутаттары Қызылордада қонақ болды. Абай облысының әкімі Б.Уәли бастаған аймақ өкілдері салтанатты шараларға қатысып, сырбойылықтар қуанышын бөлісті. Оған дейін де мезгіл-мезгіл басқа облыстардан келгендердің астана болғалы бергі жүз жыл ішіндегі ескі қаланың жаңарған келбетін көріп кетіп жүргенін бұл жолы жазып отырғанымыз жоқ.

Қай кезде қай өңірден, қай қаладан келсе де, келгендердің Қызылорда көшелеріне қарап айтатыны “шынымен де таза қала” екен дейді.

Соңғы үш жылда салынған өзіміз де, өзгелер де айта беретін “Анаға тағзым”, “Отбасы орталығы”, “Өнер орталығы”, “Теннис орталығы”, су жаңа 11 мың орындық Стадион, Қан орталығы, Музыкалық колледж, Физика-математика мектебі, Автовокзал, “Сыр дидары” базары сияқты санасаң екі қолыңдағы саусағың жетпейтін нысандарды көріп, “ғажап қала” екен деп, таңданысын жасырмайды…

Нұрлыбек Мәшбекұлының бағына мемлекет және қоғам қайраткері, сөзге шешен, іске мығым М.Құл-Мұхаммедтің сенімімен Шиелі ауданының, елге елеулі мықты идеолог, қажырлы басшы Қ.Көшербаевтың қалауымен Қызылорда қаласының әкімі болып, Адырбеков, Құл-Мұхаммед, Көшербаевтардың ел басқару мектебінен өту бағы бұйырды. Үш бірдей тұлғаның жақсы жақтарын бойға сіңірген, олардан көргендерін, естігендерін ойға тоқыған Нұрлыбек Мәшбекұлы да алымды, шалымды, сөзге шешен, саясатқа жетік болмаса тарих та, уақыт та кешірмес еді…

Осы “тазалыққа”, осы “ғажайыпқа” қалай келдік дегенде, әрине, облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаевқа барып тірелеміз.

Жалпы Нұрлыбек Мәшбекұлының өмірбаянындағы еңбек жолына қарағанда мемлекеттік қызметке бизнестен пісіп, жетіліп келді десе де болады.

Ол 1997-ші жылы “Қазақойл-коммерция” ЖШС-і мұнай өңдеу бойынша сарапшысы, одан кейін 1998 жылдан “Бұлақ” ЖШС директорының орынбасары, 1999 жылдан “Стандарт Ойл Бейс” ЖШС директоры, 2001 жылдың наурызынан “Стандарт Ойл” ЖШС директоры, 2001 жылдың қыркүйегінен “Стандарт Ойл Трейдинг” ЖШС директоры, 2002 жылдан “Харрикейн Ойл Продактс” ЖАҚ Қызылорда филиалының директоры, 2002 жылдың қазанынан “Қызылорда Мұнай Сервис” ЖШС бас директоры деңгейіне дейін көтерілген.

2005-ші жылдың тамызынан Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып лауазымды қызметке келгені мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамы десек, онда биыл мемлекеттік қызметке келгеніне – 20 жыл толып отыр екен. Келер жылы, дәл осы мезгілде елу жасты еңсергелі отырған Нұрлыбек Мәшбекұлының жарты өміріне жуығы осы елге қызмет етуге кетті деуге де келеді. Жиырма жылға жуық мемлекеттік қызметте келе жатқан ол осы Қызылордадан қара үзбеді десе де болады. Тек 2021-ші жылдың сәуірінен бастап 2022-ші жылдың сәуіріне дейін Үкімет басшысы кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып, тура бір жыл Астанада тәжірибе жинақтап қайтты.

2005-ші жылы елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері И.Адырбеков облыс әкімі болып тұрған тұста қала әкімі А.Көшербаев Н.Нәлібаевты өзіне орын­басар етіп тағайындап, Н.Мәшбек­ұлының мемлекеттік қызметтегі тұсауын кесті.

Айта кететін жәйт: әкім Нәлібаевтың бұрынғы әкім Икрам Адырбековпен ұқсас тұстары көп. Жалпы Икрам Адырбекұлының тәлімгерлігі туралы Н.Нәлібаевтың өзі “Тағылым” кітабында былай деп жазыпты:

“Біздің Сыр еліне Икрам Адырбекұлы 2004 жылы сәуір айының басында облыс басшысы болып келді. Ол кезде мен бизнес саласында, мұнай өндіруші “ПетроҚазақстан” компаниясының Қызылордадағы филиалының директоры қызметін атқарып жүргенмін.

Икрам Адырбекұлы келгеннен кейін жастарға қолдау көрсете бастады. Қолынан іс келер-ау деген білімді жастарды жұмыс­қа тартты. Елімізде кадр саясаты жөнінде жариялылықты қолға алып, жаңа тәртіпті орнатты. Бұдан бұрын, жасырып не керек, түрлі алыпқашпа әңгімелер болатын-ды. Яғни жайлы орынға біліктілігі мен қабілетіне қарамастан туыстарын қою, басқа да жағдайлармен кадр тағайындау дегендей. Икрам Адырбекұлы ондай мәселелерге келгеннен қатаң тыйым салды.

– Таза болыңдар, аяғы былыққа бастайтын, болашағыңа кесір келтіретін нәрсеге араласпаңдар! – деп шегелейтін.

Бізді де қызметке тағайындаған кезде айтты:

– Ертең тендер өткізесіңдер (тендер дегеннің енді шығып жатқан кезі), оған жөнсіз араласатын болсаңдар, онда қызметтен бірден кетуге тура келеді!

Бұл 2005 жылдың тамыз айы еді, облыс басшысының келісімімен мен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым.

Біз Икрам Адырбекұлының сенімін ақтауға тырыстық. Сол кезде қала әкімі Айтбай Көшербайұлы Көшербаев еді. Ол кісімен бес-алты ай жұмыс жасадық. Одан кейін қала әкімі болып Имамадин Зәкірұлы Оңғарбаев тағайындалды. Ол кісі оған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған болатын.

Жалпы алғанда Икрам Адырбекұлының қоятын талабы өте жоғары еді. Өйткені бұл кісі дипломат ретінде Еуропаның бірнеше елінде жұмыс жасап, ондағы тазалық пен реттілікті көріп, әбден көзі үйреніп кеткеннен кейін, біздің қаланың сол кездегі көрінісі тіпті сүреңсіз көрінген болар. Мысалы, ол кісіге дейін біз бордюрлерді қара, сары, ақ, көкпен бояй беретінбіз. Қызылорда көшелерінің мұндай қалпын көрген Икрам Адырбекұлының:

– Жоқ, бұл жарамайды. Бордюрлер не ақ, не сұр, яғни бір түсті болуы керек. Адамның көзі демалатындай түс болуы тиіс қой! – дегені бар.

Икрам Адырбекұлы өте талапшыл болатын. Әсіресе қаланы өзі аралап, күнде таңертең және кешке тапсырма беретін. Біз ол кісі кеңсесінен шығып, үйіне барғанға дейін бақылап, дайын отыратынбыз: “Икрам Адырбекұлы қандай ескерту жасар екен, не деп қалады екен?” деп ойлаймыз ғой. Жолда тазалық болмаса, қоңырау шалады. Бір тал сынып жатса да қоңырау соғады: “Мынау жер неге мынандай, неге тазаланбаған?” деп ескертеді.

Икрам Адырбекұлы тұрғындардан келіп түскен арызға да жіті мән беретін. Бір күні есімде “Шанхай” деген әр қалада бар ғой, сол біздің “Шанхайдың”, теміржолдың арғы бетіндегі “Коммунизм” деген шет аумағының бір тұрғыны “Үйімде көптен бері жарық жоқ” деп арыз жазған екен. Арыз бойынша Икрам Адырбекұлы бізді ертіп, әлгі аумаққа өзі барды. Сонда:

– Неге мына кісінің үйінде жарық жоқ? Неге тұрақты бақыламайсыңдар? Осындай мәселені уақытылы шешсеңдер, бұл кісі маған арызданбайтын еді ғой. Енді бұл кісі амалсыз осыған барып отыр! – дегені бар.

Орталық “Айтбай” мешітінің ғимараты шағындау, әрі ескі екені белгілі болатын. Жерлесіміз Болат Жәмитұлы Өтемұратовқа Икрам Адырбекұлы ұсыныс айтып, елге қолдау ретінде орталық мешіт салып беруін сұраған. Ол кісіге де мың да бір рахмет, қаланың орталығына үлкен ақ мешіт салынды. Соған негізі ұйытқы болған, барлық тиісті мәселелерді шешкен Икрам Адырбекұлы еді.

Икрам Адырбекұлының тұсында ауылдарға да көп мән берілді. Ауылдарда көп жерде көпір жоқ болатын. Паром қатынайтын, әсіресе адамдарға қыста қиын. Менің ауылым да сол Сырдың арғы бетінде. Икрам Адырбекұлы облыс басшысы болып тұрғанда Жаңақорғанның тұсынан жаңа көпірді салдырды, тез бітті. Ол өзі көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе еді. Қазір халық өткен сайын рахметін айтып, игілігін көріп жүр.

Жалпы, мұндай кісілігі мол, іскер басшыдан не үйренуге болады? Мен ол кісіден нені үйрендім?

Бізге, сөзімнің басындағыдай, ол кісінің үйреткені – тазалық.

– Жігіттер таза болыңдар! Жаман аттан аулақ болу керек, болашақтарың алда. Оның үстіне сендер бұрын кәсіпте болдыңдар. Жағдайларың жаман емес. Өздеріңе жететін тұрмыстарың бар. Біреу­дің ала жібін аттамаңдар, тендердің әңгіме­сіне мүлде араласпаңдар, араласты деген­ді естісем, онда ренжімеңдер, – дейтін».

“Болмасаң да, ұқсап бақ”. Н.Мәшбекұлы Икрам Адырбекұлынан үйренген тәлімімен Қызылорданы еліміздегі ең таза қалаға айналдырды. Аймақтағы кәсіпкерлерді, бизнес өкілдерін туған жерге тағзым етуге тартып, нәтижесінде халық игілігіне қаншама нысан салынды, халық тайқазанына миллиардтаған қаржы түсті. Бұрынғы әкім Икрам Адырбеков тұсында басталған газдандыру ісі жанданып, қазір ауылдықтардың өзі көгілдір отын игілігін көріп отыр. Көпір дегеннен шығады, тұрғындарға жол жүру қолайлығы үшін аудандарды айтпағанда қаланың өзінде бірнеше көпір салынды, әлі салынуда. Тағысын тағы дегендей Н.Нәлібаев әкім болып келгелі бері жасалып жатқан, біткен игі істер тізбегінде И.Адырбековтың тәлімі текке кетпегені байқалады.

2007-ші жылы Адырбековтың орнына әкім болып келген Мұхтар Абрарұлы да жастардан жаңа кадрлар іріктеп, жергі­лікті басшылардың жаңа толқынын қалып­тастарды. Сол уақыттардағы ел пікіріне сүйеніп жасақталған жас басшылар ара­сын­да Н.Мәшбекұлының жұлдызы жарқырады, небары 33 жасында аймақтағы іргелі аудандардың бірі Шиеліге әкім болған оны жұрт “жұлдызды бала” атай бастады. Өйткені сол кездегі талап бойынша басшы  тағайындауы ел сенімі болатын. Ал, қамал алатын қырыққа келмесең, ел сеніміне кіру оңай болмайтын.

Өзі әкім болған 5 жыл ішінде Шиеліні ширықтырған оның ширақ қалпына қызық­қан болар 2013-ші жылы Қ.Елеуұлы Көшер­баев облысқа әкім болып келгеннен кейін Н.Мәшбекұлын Қызылорда қаласына әкім етіп тағайындады.

Қайсыбір басшы болмасын жұрт жақ­тама­ған, ел мақтамаған адамды ұзақ ұстамайды. Құтылғанша асығады, тақа құтыла алмаса жоғарыға өсіріп жібереді. Н.Мәшбекұлы қала басқарған әкімдер арасында ең ұзақ “отырғаны” болды.

Күні кеше болып өткен мереке аясындағы “Мерейлі мерекеңмен Қызылорда” атты гала концертте сөйлеген сөзінде облыс әкімі Н.Нәлібаев:

– “Жүз жылда бірнеше кезеңді басынан өткерген Қызылорда бүгінгі күні Прези­денті­міздің ерекше қолдауымен сәулетті де әсем қалаға айналып келеді. Сыр өңірі жасарып-жаңарып, өсіп-өркендеуде. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңгеге жуық инвес­­тиция тартылды. Облыс бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселеле­рін шешуге, тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталды” дей келе, “Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері. Баршаңызды бақыт құшағына алған Қызылорда – біздің мақтанышымыз” деп сөзін аяқтады.

P.S. Расында да Қызылорда – ғажап қала.

С.БИХОЖАЕВА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған