Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазалы ауда­нында кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Оған жауапты сала, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы бұрын аудан әкімі қызметінде болған Шермағанбет Мей­рамбек Зинабдинұлына алғыс білдіріп, жаңа қызметке сайланған Есмаханов Ал­масбек Әбілқасымұлына сәттілік тіледі.

– «Бұған дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарған Шермағанбет Мей­рамбек Зинабдинұлы Президент Әкім­­шілігінің келісімі негізінде облыс әкімі­нің орынбасары ретінде қызметін жал­ғастыруда. Мейрамбек Зинабдинұлы Қаза­лы ауданында 2 жылға жуық қызмет жасап, ауданның дамуына сүбелі үлес қосты.

Сайлау жүйесін демократиялан­дыру – Президент реформаларының негізгі мін­деттерінің бірі. Өңірімізде аудан әкімде­рін сайлау 2023 жылы пилоттық негізде өткізіліп, Шиелі мен Сырдария ауданда­рының әкім­дері сайланды. Күні кеше өткен саяси науқанда Қазалы ауданының тұрғын­дары жоғары белсенділік танытты. Бекем бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады.

Алмасбек Әбілқасымұлы – басшы­лық қыз­меттегі ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсі­би деңгейде атқаратын әлеуеті жоғары кадр.

Президентіміздің, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, Өздеріңізбен бірге Қазалы ауданын одан әрі дамытуға, көркейтуге аянбай жұмыс жасайды деп сенеміз. Жаңадан сайланған аудан әкіміне Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының реформалары мен бастамаларын жүзеге асыру бойынша нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырамын.

Аудан халқы үгіт-насихат кезеңіндегі Сіздің уәделеріңізге сеніп, қолдап дауыс берді. Сол себепті сайлауалды бағдарла­маңызда көрсетілген әрбір мәселенің оң­тайлы, мерзімінде шешілуін қамтамасыз етіңіз. Біз, аудан халқы әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз.

Алдыңызда дамудың барлық макро­экономикалық көрсеткіші бойынша оң параметрлерге қол жеткізу міндеті тұр. Ауданға инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты жұмыс жүргізу қажет. Президентіміздің инвес­тиция тарту тапсырмасын орындау үшін инвесторлар­мен тиісті бағытты айқындау керек. Аудан әкімінің жұмысы инвестиция тарту индикаторының орындалуымен баға­ланады. Қазіргі жағдайда бюджеттің әрбір тиыны маңызды.

Бұған дейін де басшылық лауа­зым­дарда мол тәжірибе жинаған қызметкер ретін­де аудандағы ресурс­тарды барынша қол­да­нып, бюджет қаражатын толық әрі мерзі­мінде игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз. Құқық қорғау органдарының басшыларына аудан әкімімен бірлесіп, жұмыс жасауды қатаң тапсырамын!», – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, 28 қыркүйекте өткен Қазалы ауданы әкімі сайлауының қорытын­дысын облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов жариялап, жаңадан сайланған аудан әкіміне куәлігін табыстады.

Актив отырысынан соң, аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдары, ал­дағы жоспарлар туралы ой бөлісті. Қаза­лылықтар өздерін толғандырған сауал­дарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған