Қызылордада Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы өтті. Форум жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов қатысты.

Басқосуда аймақ­тың жауапты сала басшылары, агенттік қызметкерлері, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің, қала, аудан әкімі аппараттарының, облыстағы мем­лекеттік органдардың Әдеп жөнін­дегі уәкілдері, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері де болды.

​Н.Нәлібаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер­ді атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

​– «Аймақтың әлеуметтік-эконо­мика­лық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өңіріміз негізгі макро­эконо­микалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарда.

Мемлекет басшымыз «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызмет­шінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды», – деп атап өткен болатын.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жобаларды жүзеге асыруда, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуде мемлекеттік қызметшілер институты маңызды рөл атқаруда.

Агенттік мемлекеттік қызметтің сервистілік, клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру, кәсібилендіру, билік институттарын дамыту бағытындағы жұмыстарға бастамашы болып келеді. Бүгінгі жиынның маңыздылығын еске­ріп, форум барысында тиімді ұсы­ныстар мен байыпты бастамалар талқыланатынына сенімдімін», – деді Н.Нәлібаев.

Д.Жазықбай мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет екенін айтып, маңызды бастамаларға тоқталды.

​– «Барлық құзырлы органдар ара­сында ортақ көзқарас пен ұстаным болуға тиіс. Бұл – ешқандай құқық бұзу­шылыққа жол бермеу, яғни, кез-кел­ген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным.

Мемлекет басшысының бастамала­рын сапалы жүзеге асыруда мемле­кет­тік қызметшілер шешуші рөл атқарады», – деді Агенттік төрағасы.

​Жиында сенатор Н.Байқадамов «Мемлекеттік қызметшілерді адамдар­дың құқыққа қайшы әрекеттерінен қорғау», А.Жолманов «Мемлекеттік қызметтің құндылықтары: Антқа адал­дық» тақырыбында баяндама жасады.

​Сондай-ақ аймақтың өркендеуі жолында елеулі еңбек еткен мемлекет­тік қызметкерлер Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуші» грамотасымен, Агенттік төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.

Форумның екінші бөлімінде мемле­кеттік қызметшілердің ​Әдеп кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, профилактика қызметі туралы талқыланған панель­дік сессия өтіп, Әдеп жөніндегі уәкіл­дердің өткен жылғы және биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс нәтижелеріне жасалған талдау қорытын­дыланды.

Бүгінде аймағымызда 3 300-ден астам мемлекеттік қызметші бар. Оның 1800-ден астамы жергілікті атқарушы органдарда қызмет етуде. Биыл 700-ге жуық азаматтың мәселелері тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді. Бірінші жартыжылдықта 3 млн-нан астам мемлекеттік қызметтің 99,3 пайызы электронды түрде көрсетілген.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған