Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында Қызылорда облысындағы су тап­шылығы мәселелерін кешенді шешудің және аграрлық саладағы ғылыми зерттеулерді қолдаудың қажеттілігіне назар аударды. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі мен су ресурс­тарының қысқаруы жағдайында өнім­ділікті сақтаудың жалғыз кепілді тәсілі – су мен ресурс­тарды үнемдейтін технологияларды енгізу.

– «Күріш институты суармалы егіншілік жағдайында күріш, мал азықтық және басқа дақылдарды өсірудің ғылыми практикалық негіздемелерін жасап, дақылдардың алғашқы тұқым шаруашылығымен айналысып келеді. Алайда, институттың материалдық-техникалық базасы талапқа сай емес және осы мәселені бұған дейінгі депутаттық сауалдарда да жолдағанбыз», -деп атап өтті сенатор.

Сонымен қатар ол  су тапшылығы мәселесін шешуге жәрдемдесу тек қаржылай қолдауды ғана емес, өңірдің аграрлық саясатында стратегиялық таңдау жасауды да талап ететінін айтты.

– «Арал өңірінің күрделі климаттық және экологиялық жағдайларына бейімделген, нақты ғылыми шешімдерге негізделген кешенді бастаманы жүзеге асыру мақсатында күріш институты әзірлеген ғылыми-техникалық тапсырма негізінде бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша мега-жоба дайындау үшін конкурс жариялауды; ғылыми жұмыстарды нәтижелі жүргізу және ғылыми кадрларды қалыптастыру үшін бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру жобаларының мерзімін 3 жылдан 5 жылға созуды сұраймыз», – деді Руслан Рүстемов.

Сенатор бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасын әзірлеуге конкурс жариялауды, институттың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды, сондай-ақ селекционерлер мен жас ғалымдарға арналған ынталандыру жүйесін құруды ұсынды. Ол аграрлық саладағы ғылыми бастамаларды қолдау жүйелі әрі ұзақ мерзімді болуы тиіс екенін, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және суармалы егіншілікті дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған