Қала тіршілігі тоқтаусыз, есесіне жұмыс ырғағы өнімді. Бірін жөндейді, бірін сырлайды, бірін абаттандырып, бірін көгалдандырады. Ал, тазалық пен тәртіп бәрінен де басым.

Құрылыс алаңдары қашан да қызу қолға алынған нысанның бірі. Оның жанында саябақтар мен аллея, демалыс орындары қайта жаңғыртудан өтуде. Қысқасы, қарбаласқа толы қыруар шаруа атқарылып, шаһардың шырайлы бейнесін қалыптастыру мақсатында елге қуат, жанға шуақ сыйлар серпінді іс жетерлік.

Әрине, жауапты жұмыс уақытпен санаспайды. Ауа райы­ның қолайсыздығына қарамастан, коммуналдық сала мамандарына тәуліктің қай мезгілі де маңызды. Себебі, халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі осы саламен тығыз байланысты. Бұған сала қыз­меткерлері жаттыққан, сын сағат­та сыр бермеу үшін шаруаны ширатып әкетеді.

Айтуға жеңіл болғанмен, тұр­ғындарға сапалы коммуналдық қыз­мет көрсету – оңай шаруа емес. Бұл – үлкен жауапкершілікті, төзім­ділікті және кәсіби шеберлікті талап етеді. Қала көлемінде қай жұмыс бітсе, оны сала жұмысшыларының маңдай тері және тынымсыз еңбегі деп бағалай біліңіз.

«ҮЗДІК АУЛА-2025” байқауының қатысушысы З.Шүкіров көшесі, №100 Г үйдің ауласы жасыл-желекке оранған. Тазалық жұмыстарына ерекше ден қойып, тал егуді қолға алған тұрғындар қаламыз ең таза, жасыл орталыққа айналсын деп тілек білдіреді.

«Сүйікті қаламыздың жасыл желекке оранып, табиғаты әсем орталыққа айналуына үлес қосуға барша қала тұрғындарын шақырамын», – дейді «Үздік аула-2025» байқауына қатысушы Шұғыла мөлтек ауданы, №30 үй тұрғыны Гүлсім Идришева.

Санитарлық тазалық пен заңсыз құрылыс фактілерін анықтауға бағытталған тексеру шаралары жалғасуда.

Аралауда қаланың абаттандыру қағидаларын бұзу, рұқсатсыз құрылыс жүргізу және тазалық талаптарын сақтамау деректері анықталды.

Анықталған заң бұзушылықтар негізінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес (Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу), бірнеше тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды.

Қала тұрғындарын қолданыстағы заң талаптарын сақтауға, ортақ тазалық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақырамыз!

Қызылорда – бәрімізге ортақ мекен. Қала мәдениеті әр тұрғынның саналы әрекетінен басталады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған