Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде айтқандай, расында да “Дәрігер болу – жүректің ісі”. Оған Президент айтқандай “екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс”.

Жалпы елімізде 380 мыңға жуық адам осы медицина саласында қызмет етеді. Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті, ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды десек, бұл дәрігерлердің адал еңбегінің арқасы.

Елімізде соңғы бес жыл ішінде 800-ге жуық емхана, аурухана салыныпты. Ауылдық жердегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы ұлттық жоба жүзеге асып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтеріпті. Жыл соңына дейін әлі салынып, бітетін 186-сы бар екен.

Жалпы тұрғындар денсаулығын жақсарту үшін алдымен денсаулық саласының материалдық базасын жақсарту, дәрігерлердің тұрмыс жағдайын көтеру, білімін жетілдіру бағытында бірқатар игі істер атқарылуда.

Қызылордадағы “Өнер” орталығында медицина қызметкерлері күніне арналған “Сыр медицинасының ғаламат ғасыры” атты салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Н.Нәлібаев:

– «Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Сіздер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа реформалар мен бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру жолында жауапты міндет атқарып келесіздер.

Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыстық ықыла­сы мен алғысына бөлену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздердің өлшеу­сіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшы­лығының, өзімнің атымнан алғыс айтып, зор ризашылығымызды білдіремін.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада өткен дәрігерлермен кездесуде «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйткені медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі – еліміздегі өмір сапасы­ның негізгі көрсеткіші», – деген болатын.

Аймағымызда Мемлекет басшымыздың тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен халық денсаулығын нығайтуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда салаға 441 млрд. теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.

Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынып, іске қосылды. Төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыстар, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Халық сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау мекемелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылып, мәселе түбегейлі шешімін тапты.

Жақында Қызылордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда медицина қызметкер­лерін әлеуметтік қолдау, кадрларды тұрақтандыру үшін өңіріміздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік тұрғын үй салу туралы шешім қабылдадық. Қазір құрылыс басталды, жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.

Өткен жылы 15 дәрігер Түркиядағы, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілік арттырды.

Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай, күні-түні жасаған қызметтеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіремін!

Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар!» – деп, аймақтың денсаулық саласындағы игі істерді, дәрігерлерге деген ел қолдауын атап айтты.

Ел денсаулығын сақтауда жұртшылық ризашылығына, алғысына бөленіп жүрген абзал ақ халатты жандар аз емес. Солардың бірқатары осы салтанатты шарада марапатталды. Олардың қатарында Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының кеңесші хирург дәрігері Юрий Фотиади «Құрмет» орденімен, «Қазлепрозорий» мекемесі Тасбөгет бөлімшесінің меңгерушісі Анаркүл Нұрғалиева «Шапағат» медалімен марапатталды. Былтырғы жылдан бері Президент тапсырмасымен беріле бастаған «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа табысталды.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болғандар да жетерлік.

Бүгінгі денсаулық сақтау саласына бюджеттен тыс көздер де қамқорлық танытуда. Мәселен, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылып, Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында, Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Жақын күндері Арал ауданында осындай орталық пайдалануға беріледі. Сирек кездесетін дертке шалдыққандарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды. Қор облыстық онкология орталығына құны 1 млрд. 100 млн. теңге болатын, еліміздегі 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған