Апостиль дегеніміз – бұл құжатқа қол қойған лауазымды тұлғаның қолын, оны растайтын мөр мен мөртаңбаны куәландыратын арнайы мөртаңба болып табылады.

Гаага конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдар берген құжаттарда арнайы мөртабан(апостиль) қойылады. Конвенцияның 5-бабына сәйкес, апостиль қолдардың түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған адамның кiм екендiгiн және тиiстi жағдайларда бұл құжат бекiтiлген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын куәландырады. Апостильге қойылған қол, мөр немесе мөртаңба ешқандай растауды немесе заңдастыруды талап етпейдi және бұл құжатты Гаага конвенцияға қосылған барлық мемлекеттерде пайдалануға болады.

Құжаттар түпнұсқа түрінде де, сондай-ақ нотариалдық куәландырылған түрде де заңдастыру үшiн қабылданады. Егер шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктегi немесе шет елдік мекемедегi заңдастыру құжаттың мемлекеттiк тiлден немесе орыс тiлiнен шет тiлiне аудармасын берудi қажет етсе, консулдық қызмет департаментiндегi нотариалдық куәландырылған көшiрменi заңдастыру оның аудармасымен бiрге жүргiзiледi.

2001 жылғы 24 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің N 545 қаулысына сәйкес, апостиль қою бойынша өкілеттікке ие ұйымдар ретінде мына мемлекеттік органдар белгіленді:

  • Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;
  • Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;
  • Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Ақпарат және мұрағат комитетi;
  • Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеті;
  • Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі;
  • Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
  • Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;
  • Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Консулдық легализация немесе апостиль керек екенін қалай білуге болады деген сұрақ туындауы әбден мүмкін:

Егер ел 1961 жылғы Гаага конвенциясының қатысушысы болып табылса –»апостиль» мөртабаны қажет. Немесе – консулдық заңдастыру қажет. Шынайы ақпарат көзі болып заңдастырылған құжат ұсынылатын ұйым табылады, себебі бір мемлекет шеңберінде түрлі органдар шетел құжаттарын заңдастыруға түрлі талаптар қояды. Сондықтан заңдастырылған құжат тапсырылатын органда заңдастыру түріне қойылатын талаптарды нақтылау қажет болады.

Егер сіз құжатты дайындаған ел Гаага конвенциясына қатыспаса, оны консулдық заңдастыру қажет болады. Бұл айтарлықтай күрделі рәсім, ол құжатты ҚР Әділет министрлігінде, ҚР СІМ органдарында, бұдан кейін ҚР баратын елдің консулдығында куәландыруды талап етеді. Бұл жерде құжат консулдық белгісі бар елдің аумағында ғана заңды күшіне ие болады.

Сондай-ақ заңдастыру рәсімі құжат типіне негізделуі мүмкін, себебі консулдық заңдастыруға да, сондай-ақ апостильдеуге де жатпайтын құжаттар бар. Бұл негізінен коммерциялық құжаттарға қатысты: шарттар, инвойстар, коносаменттер, түрлі тауарды таратушы құжаттар және сыртқы экономикалық қызметке байланысты өзге құжаттар, олар үшін жекелеген рәсім бар – құжат ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасында (жуырда Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының құрамына кірді), бұдан кейін баратын елдің консулдығында заңдастырылады.

Жылкелді Әлібек Қанатұлы
Қызылорда қаласы №2 сотының бас маман сот-отырысының хатшысы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған