2025 жылдан бастап еліміздің сот саласына жаңашылдық енізіліп, кассациялық сот құру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында кассациялық сот құру мәселелері қарастырылды.

Жалпы, кассациялық соттардың құрылуы кезінде олардың тиімді жұмыс істеуі, судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету, судьялық лауазымдарға ашық және жария түрде іріктеу қажеттілігі мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екендігі қарастырылды.

Атап айтқанда, кассациялық сотты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға мүмкіндік болады. Мемлекетбасшысының кассациялық сот құру туралы ұсынысы қазір қоғам тарапынан талқыланған. Ең бастысы, бұл кассациялық орган толық тәуелсіз болғаны жөн деген пікірлер айтылуда. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2023 жылғы 12 қыркүйекте бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесуде дербес кассациялық сатыдағы сот құру мәселесін құқықтық және кәсіпкерлік қауымдастықтармен талқылау қажеттігіне назар аударды. Бұл қадам азаматтар мен бизнестің құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етіп, құқықтық жүйенің дамуына ықпал етіп, заңдылық пен құқықтың үстемдігін нығайтуға көмектеседі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 5 шілдедегі №109-VIII Заңымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына өзгерістер енгізілген болатын.

Осыған сәйкес, елімізде осы жылы 1 шілдеден бастап Кассациялық соттар құрылатын болады. Кассациялық соттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтап, олардың құқықтарын қорғауға оң ықпал етеді.

Кассациялық соттардың басты міндеті – сот шешімдерінің заңдылығын тексеру. Олар апелляциялық соттардың шешімдеріне құқықтық баға беріп, олардың заң талаптарына сәйкестігін қадағалайды. Бұл жаңа инстанция сот қателіктерін түзетуге және заңнаманы біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Кассациялық орган толығымен тәуелсіз болады. Бұл ретте барлық санаттағы істер үшін кассациялық сатыда шағымдарды алдын ала қарау сатысының күшін жою өзекті мәселе болып табылады.

Жаңа заңға сәйкес кассациялық шағымдарды қараудағы Жоғарғы Соттың рөлі де өзгермек. Жоғарғы Соттың мұндағы негізгі мақсаты сот практикасының біркелкілігін түсіндіру және қамтамасыз етумен байланыстырылып отыр. Осыған байланысты Жоғарғы Сот судьясының бастамасы бойынша Жоғарғы сот органы жергілікті соттардың шешімдерін ерекше жағдайларда ғана, яғни сот практикасына қайшы келетін және құқықты дамыту мүддесінде қайта қарауды талап ететін шешімдер қабылданған жағдайда ғана қайта қарай алады.

Ж.Жәкеева

Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған