Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен кездесті. Аймақ басшысы Сыр өңіріне арнайы сапармен келген ақынға алғыс білдіріп, руханият пен мәдениетке қосқан еңбегін ерекше атап өтті.

– «Ең алдымен, Мұхтар аға, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл атақ егемен еліміздің рухани мәдени дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіңізге берілген лайықты баға деп білеміз. Сіздің қаламыңыздан туған «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» секілді тағы да басқа көптеген туындыларыңыз қалың жұртшылыққа кеңінен тарап, жүректерден өшпестей орын алды. Шығармаларыңыз 50-ден астам тілге аударылып, республикамыздың, шет елдерінің театрларында қойылып келеді. Ұлт руханиятына қосқан зор үлесіңіз үшін «Отан» ордені, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны, тағы басқа атақ пен марапаттар иелендіңіз. Өзіңізге деген Сыр халқының құрметі, ілтипаты әрқашанда ерекше. Шығармашылық сапарыңызға құтты қадам, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Ғасыр жасаңыз!», – деді аймақ басшысы.

Сыр жұртшылығы ақынның «Танакөз» шығармасының желісімен қойылған спектаклді Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахналауында тамашалады. Кездесу соңында аймақ басшысы Мұхтар Шаханов пен жұбайы Ханшайым Көкенқызына Сыр елі атынан ілтипат білдіріп, құрмет көрсетті.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған