Талап қоюшы Г. өзінің талап қоюында 2024 жылы жауапкер Б.-ға тиесілі киім дүкенінен 30 000 теңгеге сыртқы киім сатып алғанын, аталған киім ұнамай қалып, 2 сағаттан кейін қайтып алып барғанын, алайда, жауапкер оны қабылдамай, дөрекілік танытып, ақшасын қайтарудан бас тартқанын көрсетіп, жауапкерден тауар құнына төленген ақшаны және моральдық зиян өндіруді сұраған.
Жауапкер Б. 2020 жылғы 12 маусымда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, қызмет түрі тауарларды бөлшек саудада сату болып табылады.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қаулысымен талап қоюшыға бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін бермеуіне байланысты, жауапкер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 284-бабы 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылған.
Жауапкер сотқа берген пікірінде талап қоюмен келіспейтінін, 2025 жылғы 10 ақпанда 30 000 теңгені талап қоюшының банк картасына аударып жібергенін, талап қоюшы моральдық зиян шеккені жөнінде дәлелдеме ұсынбағанын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот отырысында талап қоюшы және өкілі сотқа ұсынған талаптарын қуаттап, жауапкер куртка құнын сотқа жүгінгеннен кейін қайтарғандықтан, моральдық зиян ретінде 200 000 теңге өндіруді сұраған.
Үшінші тұлға Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жауапкерге қатысты бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін бермеуі бойынша ӘҚБтК-нің 284-бабы 3-тармағы бойынша «ескерту» түрінде әкімшілік шара қолданғандарын, іс бойынша шешім қабылдауды соттың қарауына қалдыратындарын көрсеткен.
Сот іс құжаттарын зерделей келе, талап қоюды ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімімен талап қоюшының пайдасына жауапкерден 50 000 теңге моральдық зиян өндірілді.
Қызылорда қалалық соты