Қызылорда қаласында көктем мезгілінің келуімен бірге қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары белсенді түрде қолға алынды. Бұл игі бастама қала келбетін көркейтіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Жасыл Қызылорда мемлекеттік мекемесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аясында қала көшелеріне, демалыс орындары мен тарихи ескерткіш маңына гүл егу ісі қызу жүріп жатыр. Аталған мекеме директорының міндетін атқарушы Адай Мұстафаевтың айтуынша, көгалдандыру жұмыстары биылғы жылы наурыз айының 30-ынан бастап қолға алынған.
– Қазіргі таңда қала бойынша 5 түрлі гүл отырғызылды. Олардың барлығы Қызылорда облысының климаттық ерекшеліктеріне бейімделіп таңдалған. Гүл егуге 60 адам арнайы жұмысқа тартылды. Бүгінгі күнге дейін 100 мың дана гүл егілді. Нақтылап айтқанда, мәңгілік алау алаңы, вокзал аумағы, қалалық саябақтың алды, сондай-ақ Амангелді Иманов ескерткішінің жанына гүл егілді, – деді Адай Мұстафаев.
Гүлдердің сапасы мен түр-түріне де ерекше көңіл бөлінген. Түрлі-түсті, ерекше күтімді қажет етпейтін, әрі ұзақ уақыт бойы көздің жауын алатын гүлдер таңдалып алынған. Бұл гүлдер қаланың сән-салтанатын арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайды да жақсартуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары тек гүл егуімен шектелмейді. Қала көшелеріндегі көгалдарға күтім жасау, ағаш отырғызу, орындықтар мен жарық шамдарын орнату, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу сияқты кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар қаланың тазалығы мен эстетикалық келбетіне оң әсерін тигізуде.
Жалпы алғанда, Қызылорда қаласы соңғы жылдары абаттандыру бағытында ауқымды өзгерістерге бет бұрып келеді. Тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Абаттандырылған алаңдар мен гүлге толы көшелер – қала мәдениетінің айнасы. Сондықтан да бұл бағыттағы жүйелі жұмыс – әкімдік пен тиісті мекемелердің басты назарында.
