Бірінші хикаят

1

 Байшұбар мен Шертай Саратанға сапар шегердің алдында Сырдарияның бір иінін мекен еткен он жеті үйлі Ұзынарық ауылында біреулерді күлдіріп, біреулерді күрсінткен екі түрлі оқиға болды.

Біріншісі – өздеріне үшінші атадан қосылатын Сағынжан деген ағаларының бір жыл бұрын қайтыс болған әкесі Жұрқа жайлы еді. Жұрқаның өлгенін бұл ауылда білмейтін жан жоқ. Он жеті үйлі Ұзынарықтың үлкен-кішілі еркек кіндіктілері жиналып барып, ауыл шетіндегі молаға көмген. Құран оқылып, соңынан алақандарымен беттерін сипаған… Сосын Жұрқаның үйіне қайта келіп, жамыраса сөйлесе отырып, асын жеген. Одан кейін де жетісі деп бір, қырқы деп екі, жүзі деп үшінші рет… Сағынжанның қоржын тамына дүмеп жиналып, тағы да әрқайсысы әр жерден жамыраса сөйлесіп отырып, қарындарын тойғызып қайтқандары естерінде. Басқасы басқа… ауылдың шалақұрсақ адамдары қарындары шіреп тойған күндерді ұмыта қоймайды. Оның үстіне соңғы жылдары кісі өлімі, әлде той-томалақ болмаса маңайдағы ауыл адамдары да ат басын бұрып жинала бермейтіні тағы бар. Ал оңаша ауылдың адамдарына алыс ағайын -жекжаттарын осындайда көріп қалып, шүйіркелесіп, сөйлескендері де көпке дейін ұмытылмай, өзара айта жүретін көп сыр, көл-көсір әңгіме…

Жағдайы келмегендіктен Сағынжан әкесінің жылын кешіктіріңкіреп алғанда да, әншейінде «бәріміз ағайынбыз» деп, бірінің бірі намысын шапқан болып отырып-ақ: «Әй, әкесінің жылы болып қалды ғой… болып қалды деймін, … тіпті өтіп барады екен-ау?!». «Е, батырыңыздың жағдайы келмей жатыр ма, немене?» десісіп, күңкілдескендері, мысқылдағандары да бар.

Не керек, Жұрқаның жылы деп берген асты да жеп болып, енді ұмыта бастаған шақта, оқыс оқиға сол шалды қайта естеріне түсірмесе бар ма… Естеріне түскені сол, жаз, күз бойы Ұзынарықтан өзге ауылдардың да, тіпті аудан орталығының да әңгімесі – марқұм Жұрқа болды.

Мәселе – бір жыл бұрын өлген әкесінің зейнетақысын Сағынжанның әлі алып жүруінде еді. Ауыл бір жақта, ауылсовет бір жақта болған соң, ешкімнің ескермегендігі болар, аудандық газетке «Жұрқаның зейнетақысы» деген фельетон жарқ етіп шыға келгенде барып, жұрт ду-у ете қалмады ма? Бәлкім, әңгіме мұнша асқынбас па еді, сыбыс сөз жетіп, ауыл советтің бір өкілі тексере келгенде, Сағынжан сасқанынан Пірәлі деген шалды төргі бөлмесіне жетелеп апарып, төсекке жатқызып: «Әкем осы. Әлі тірі жатыр» -деп масқара болды емес пе?

Әлгі өкіл ауызғы бөлмеден ас жеп, шай ішіп, «әкесі тірі екен» деген бекем пікірмен аттанбақ болып отырғанда, Пірәлі шал төрдегі бөлмеден жөтеледі. Шалдың мұнысына үй иесі түгілі, өкілдің өзі де қуанғандай болып: – Шалға суық тиіп қалған екен-ау, -дейді.

Сонда Сағынжан да қостай кетіп: – Ия дәл таптыңыз. Суық тиді, -дейді. Осы кезде Пірәлі тағы жөтеледі.

– Суық тигенде де, оңбай тиген екен-ау, – дейді өкіл шалға жаны ашу білдіріп.

– Тағы да дәл айтып отырсыз. Суық оңбай тигені ақиқат, – дейді Сағынжан.

– Дәрі ішкізу керек болар.

– Өзіміз де солай қорытып отырмыз. Қалай да дәрі ішкізетін шығармыз… Бүгін ертең…

Кезінде Жұрқа жантәсілім еткен төсекте Пірәлі әрі бір аунап, бері бір аунап жатады да, ауызғы бөлмедегі Сағынжанға:

– Әй Сағынжан, сен ғой маған Жұрқа бол дейсің… Ол не дегенің, а-а? Жұрқаға ұқсап өліп қал дегенің бе? Сөйдегенің ғой. Ал менің өлгім келмейді, – деп айқайлапты.

Пірәлінің осы айқайынан кейін, бар құпияның беті ашылған.

… Жұрт Жұрқаның осы жырын жамыраса айтып, тауыса алмай жүргенде Тоқашбай деген ағаларының үйінде аяқ астынан тағы бір оқиға болғаны.

Совхоздар жаппай тараған кезде бір бензовозды иемденіп қалған Серқара деген жігіт алыс ауылдарға бензин сатып, нәпақа табатын әдетімен Тоқашбай жездесінің үйіне келе қалады. «Ауылға май сататын келді» деген хабар үріккен малдай бытырап, әрқайсысы әр жерде отырған он жеті үйге түгел тараймын дегенше, Серқара Сырға апасы қайнатқан шайды ішеді. Шайдан соң қазан көтеріледі. Апасы қазан көтерген соң-ақ, Серқара асықпай жайғасып, төрдегі қызыл көрпешенің үстіне ұзынынан түскен күйі ұйқыға кетеді.

Май сатып алатын ақшасы бол маған дықтан Тоқаш байдың «қай ным ғой» деп ойнағансып, әрі бері қатынап, аяғын артып жүрген екі аяқты мотоцикліне жететін бір шелек, жарым шелек май алып қалатын айласы болатын. Бұл айласы – бетіне көн жамап тұрып сұрау немесе ұрлау. Сұрай-сұрай қайнысын ығыр еткенін іші білетін Тоқашбай бұл жолы ұрлауға бел байлайды.

Шу бастан жұртта қалған ескі машинадан алып, мал қораның ішіне көмген багі бар болатын. Сол бакты толтырмаса да, орталап алуды көздеген ол қараңғылық үйіріле бере-ақ іске кіріседі. Әйелі де оның теріс пиғылын түсінеді.

Бірақ түсінсе де ештеңе аңдамағандай қазан-ошағымен бола береді.

Ескі шелекпен бензовоз бен мал қораның арасына Тоқашбай жеті қатынады ма, әлде сегіз қатынады ма, қалған бөлігі жерге көміліп, аузы ғана үңірейген багінің толған-толмағанын қараңғыда анық біле алмай, есебінен жаңылысып тұрып, алас қапаста қайдан есіне түсе кеткенін… оттық жаққаны. Содан лап еткен от май толы багіне қосып, мал қорасын түгел алып кеткен. Жаз бойы тырбанып, кейде есек арбамен, кейде мотоциклімен тасып жинаған шөбі, май ұрлардың алдынды ғана қораға қамалған бес-он қой-ешкісі түгел қызыл жалын оранып, құдай сақтағанда, өзі мал қораның есігінен сыртқа қарай шалқасынан құлап, екі аунап, үш аунап, әйтеуір, аман қалғаны.

Айнала жыңғылмен, шеңгелмен қоршалған отыны мен шөбі де қой ешкілерімен бірге әпсәтте-ақ от ортасында қалды… Өртеніп кетті.

Жұрт Жұрқаның жырынан Тоқаш байдың өртенген мал қорасына енді ауысып, бірі күліп, бірі аяп, екеу ара, үшеу ара, кейде тіпті, бір қауым ел болып, жоқ жерден ермек тауып, күндізді қойып, түнде де әңгімелеп, бітіре алмай жүргенде «Ералы тағы да үйіне бес жүз мың теңге ақша салып жіберіпті» деген хабар ыбыр-сыбыр, ырқ-жырқ көп әңгіменің бәрін жаншып жібергендей болды. Бұл жайды үшінші оқиға десе де жарасқандай еді. Енді марқұм Жұрқа да, айдың күні аманында бар жиған-тергенінен айырылған Тоқашбай да жайына қалды.

Ендігі әңгіме – Ералының әйелі Сиякүлдің бес шақырым жердегі темір жол станциясындағы почтаға барып, бес жүз мың теңгені қалай санап алғаны… дүкенге кіріп сауданы қалай жасағаны жайлы еді.

Зейнетақы алатын үш кемпір, төрт шалынан өзге теңгені қолдарына ұстапта көре бермейтін бұл ауылдың адамдары үшін осыдан асқан байлық та, мәртебе де болуы мүмкін емес сияқты.

Ералыдан ақша жазда да келген… Өткен қыста да келген… Ол жолғыларының көлемі екі жүз мың, үш жүз мың теңге көлемінде еді. Ауылдағылар соның өзіне де тамсанып, таңдай қағып: «Ойпырмайдың жолының болғышын-ай… Жалақысы көп жұмыстың өзіне оп-оңай табыла кетуін қарашы…» десісіп, қуанудан гөрі қызғанып қалғандар көбірек болған. Қызғанғандары көздерінен көрініп, бет-ауыздарынан білініп тұрған сол ағайындарға ендігі жерде «бес жүз мың сом…» деген сөз сойылмен соғып қалғаннан кем болмады ау шамасы… Естіген бойда солардың қай қайсысы да таңданыстарын айта алмай, әйелдері еріндері түртиіп, еркектері үнсіз төмен қарасып, үрпиісіп қалғаны.

Ералының әйелі Сиякүл мен Байшұбардың әйелі Шырай бір ауылдың қатар өскен қыздары болғандықтан да, екі үйдің бір-біріне тілектестігі мен қыбыр жыбыр араластары үзіліп көрген емес. Байшұбардың үй-іші Ералыдан келген әлгі ақшалардың санын былай қойғанда, Сиякүлдің ол қаражатқа не сатып алғанынан да хабардар еді.

Алғаш екі жүз мың теңге келген тұста ақ, оныншыны бітіргеніне жыл толса да, не оқуға түсе алмай, не қандай да бір жұмысқа кірісіп те кете алмай, қарадай іші пысып, ауылға сыймай жүрген інісі Шертай: «Аға, сол жаққа біз де барайықшы… Ералыны тауып алайықшы… Бәлкім біз де орналасып, жолымыз болып кетер…» – деп Байшұбарға қыңқылдап біткен.

Байшұбар әуелде інісінің сөзіне елп етпеді. Елп етпегені «Ұзынарық ауылын бір бай сатып алады екен. Сол бай Ұзынарықтан сиыр фермасын ашады-мыс» деген қауесет сол шақта ауылда да, аудан орталығында да желдей гулеп жүрген шағы еді. Оның үстіне «Оу, ол Ералы хат жазып, мені өзі неге шақырмайды, таусылмайтын қазына-байлыққа жолыққаны рас болса… ағайындығымызды былай қойғанда, көңіліміздің жақындығы бар емес пе еді? Түскі асты біздікінен, кешкі асты ол үйден жеген араластығымыз ше?» деген базына өкпесі де жоқ емес-ті.

«Ералыдан тағы бес жүз мың теңге келіпті» деген хабарды алғаш естігенде Байшұбар мен Шертай есік алдындағы сәкінің үстінде кешеден қалған қатқан нанды сүтке жібітіп жеп, қант орнына құрт қажап шай ішіп отырған.

Сатушыдан «арзан шайың бар ма?» деп сұрап алған соң-ақ, шай да не оңсын, әйтеуір, түсі қызыл бірдеңе.

Хабарды болғандықтан айта келген әңгіменің Шырай растығына екеуінің де шүбәсі болған жоқ. Сондықтан болар жұмыссыздық пен үй ішіндегі жетіспеушіліктен қорланып жүрген Шертай бірден бұрқ ете сөйледі.

– Кетейікші, аға-а!

– Кеткенде аяқ астынан қайда… кімге? – деп Байшұбар әңгімені үйреншікті кібіртік аяңына сала беріп еді, ағасының осы марғаулығынан да жалыққанын аңдатып: – Ой, осы әдетіңіз-ай! Үлкен болып бастамайсыз да, қостамайсыз да… Әне, Ералы ешкім шақырмаса да кетті ғой. Жұмысты да тапты ғой, -деп Шертай түтіге сөйледі.

– Әлгі сиыр фермасы болады-мыс деген сөз-з…

– Өй, аға, соны да сөз деп малданып… Ол бай бұл ауылды қашан сатып алады? Сосын қашан сиыр қора салады? Оған сиырларды айдап әкеліп, қашан қамайды деп жүргенде… үй-ішімізбен аштан қатпаймыз ба?

– Солайына, солай ғой…

– Ендеше, көктен ақша жауады деп күтіп отырсыз ба? Әлде үкімет азық түлік пен киім-кешекті үйіп әкеліп, тегін таратады деп ойлайсыз ба?

Байшұбарға інісімен сөз таластыру мүмкін болмай қалды. Өрекпіп тұр. Әншейінде бетіне келмейтін жуас баланың осылай бұрқырап сөйлеп отыруының өзі – оның кәдімгідей сағын сындырды.

– Сонда ай-шай жоқ, жүре береміз бе?

-Жүре береміз. Жүре бермегенде… ауылды жинап, депутатпен кездескендей жиналыс ашпақ па едіңіз?

Байшұбар көтере ұстаған кесесіндегі шайды ұрттарда әуелі нан тістеуі керектігін ұмытып қалғандай, нанды бір, құртты бір ұстап, сосын аузына апара берген кесесін қайтадан дастарқан шетіне қойып, дегбірі қашқан күйде отырып: -Е, ендеше, көрейік, -деді жуасыған үнмен. – Сондағы ойың бүгінгі пойызға шығу ма, әлде ертеңгі пойыз-з…?

– Бүгінгі пойыз-з!

Шертай жұдырығымен сәкінің тақтайын дүрс еткізді. …Осыдан кейін ақ ағайынды екеуінің арасындағы әңгіме түйінделіп те қойған еді.

Қыс кезінде Ералыдан әйелі Сиякүлге келген жалғыз хатты Байшұбар да оқыған. Қысқа жазылған хат соңындағы: «Менің адресім: Саратан қыстағы. Почта. 17-ші жәшік. Бірақ сен хат жазбай-ақ қой. Тәртіп солай. Хабар өзімнен болады, -деген сөйлемдерді оқып, «17-ші жәшік» деп те кісіге әдріс айтады екен-ау. Бәлен деген кеше, түген деген үй деп жатпаушы ма еді, осы жұрт, -деп қойған ішінен. -Тәртіп солайы несі? Әскери қызмет пе, немене? – деп те таңданды.

Ағайынды екеуінің аяқ астынан жол жүретіндіктері шешілген кезде, сол «Саратан қыстағы. Почта. 17-ші жәшіктен» өзге Ералыны табатындай амалдары да жоқ еді.

Ералыны іздеп, жолға шығатындарын да Сиякүлге ғана айтқан. Ол байғұс аяқ астынан Ералыға беріп жіберетін ет, бауырсақ пісіріп, әлек-шәлек болды. «Біз де аман-есен жүріп жатырмыз. Балалардың өзіңді өлердей сағынғаны болмаса…» -деген торкөз дәптердің бір парағына жазған хаты мен балаларымен түскен алақанның аумағындай суреті бар.

– Бүктеліп, яки шеті сынып қалмасыншы… Ералыға біреуден беріп, әлде хатқа салып жіберермін деп аудан орталығына балаларымды пойызға мінгізіп, шұбыртып барып, әдейі түсіп едік, – деп Сиякүл суретінің жайын айрықша тәптіштеді.

Шырай да күріштен ботқа пісіріп, нан көміп, бұларды тойдырып аттандырудың қамында жүр еді.

2

Теміржол бекетіне екеуі жаяулап, кештетіп жетіп, түнделетіп өтетін пойыз дың көпшілік вагонына билет алды. Біржағынан ешкімге жөн-жосықтарын айтпай, апақ-сапақта аттану өздерінің қалаулары еді. Құдай біледі, ауылдарында да қайда, неге сапар шеккендерін Шырай мен Сиякүлден өзге ешкім білмей де қалды. Байшұбардың үлкені екінші класқа енді барып, кішісі әлі мектепке де ілінбеген екі ұлы Әліқұл мен Бейсен де бұлардың ойда жоқта, зым-зия жоқ болғанына әлденеше күн аң-таң қалып жүрер-ау.

Вагонда кісі көп екен. Бекет сайын аялдайтын поездың жолсеріктері жомарт келеді. Вагонда орын бар ма, жоқ па, онымен шаруалары жоқ. Жолақысын қолма-қол бергендерді, билетпен кіргендерден де гөрі жақын тартып, есіктен алдымен кіргізіп жатты.

Қапырық вагонның жоғары төсегінде жатқандар ұзынынан түсіп ұйықтап, төменгі орындағылар бір-біріне сүйеніп қалғып отыр. Ал ешқандай орын тимегендер ортадағы жақтау қабырғаларға, жоғарғы төсектердің ернеулеріне сүйеніп тұрып-ақ қалғып кетіп, қалғып кетіп… сосын шошып оянып тұрғандары қаншама…

Отыратын орын табылар ма екен деп кимелей жылжып, вагонның түкпіріне дейін жеткен Байшұбар мен Шертайдың ақыры жолдары болды. Соңғы қуыста құстың балапандарындай шүпірлесіп отырған өңшең жас қыз-жігіттер сығылысып жыл жып, біреулері тұрып кетіп, бұларға орын тиді.

Мынадай сапырылыста құйрық басып отырар жер табудың өзі – кішігірім бақыт сияқты еді. Сондықтан Байшұбар мен Шертай вагон енді жылжи берген сәтте, қатар жай-ғасып отырып, аз-кем езу тартқан қалыптарымен бір-біріне қарас қанда, жүздерінде «бұған да шүкір» дескендей сыңай бар еді.

Сапырылысқан, тығылысқан мына халде артық-ауыс сөзге орын жоқ екенін де олар жақсы түсінді. …Таң ата Байшұбар мен Шертай қалғып-шұлғыған күйлері Сара таннан түсуге дайындалды. Жолсерік жігіт те қалғып-шұлғып жүріп вагон есігін ашты. Бұларды жаңа көргендей, ешкі көзденіп, жаратпай қарады. Әлде билетпен кіргендерді жаратпай қабылдап, көңілсіз шығарып салатын әдеті ме екен.

Саратаннан түсіп тұрып, Байшұбардың байқағаны -бұл өзі едәуір үлкен елді-мекен секілді. Оны перронда ерсілі-қарсылы сабылып жүрген көп адамның нобайынан ақ байқады.

Байшұбар Шертайды ертіп күту залына кірді. Мұнда да ерсілі-қарсылы сабылғандар мен ұзын-ұзын орындықтарда ұзынынан түсіп ұйықтап жатқандар… Қол сөмкелерін, жол сөмкелерін құшақтап қалғығандар… Жанындағы серігінің иығына басын сүйеп отырып ұйықтағандар…

Шертайды ертіп Байшұбар да бір шеттен орын алды. Шертайды ертіп дейтіндей де бар… Не дегенмен жас емес пе, таңғы ұйқының әсерінен әлі де толық арыла алмай, былқ-сылқ жүріп, былқ сылқ еріп келе жатқан інісі ендігі жерде, аға сының бастауына, соның айтқанына ғана көнген көнбіс жан секілді. Вагоннан түскенде де, күту залына енгенде де, ештеңемен ісі жоқ, қаперсіз біреу. Білетіні – қайда да болса, ағасының бастап келе жатқандығы ғана секілді.

Сөмкелерін ортаға алып, ұзын орындықтың шетіне отыра кеткенде де: «Қайда келдік… Неге отырдық…», – деп жан жағына зер де салмастан, орындықтың биік арқалығына басын сүйеген күйі қайтадан ұйқыға басты…

Інісінің қазіргі қалпына қарап отырып Байшұбардың ұққаны – қазірден басталғалы жатқан жолдарының да, істерінің де бар жауапкершілігі өз иығында ғана қалғандығы еді. Шертайдікі – еру ғана.

Басына түскен тауқыметті оқыс сезінгендей, кәдімгідей еңсесі түсіп, уайымдап отырып, оның өзі де қалғып кеткен екен: оянып, көзін ашса – күту залының іші де, сырты да жап-жарық. Әуелде: «Мен осы қайда келгенмін… Қайда отырмын» – деп таңданып әрі шошып та қалғандай еді. Сосын барып жол жүріп келе жатқаны, Ералы туысын тауып алу керектігі еміс-еміс есіне түсті. Шертай қаперсіз. Орындықтың биік арқалығына жабысқан күйі, аузы үңірейіп әлі ұйықтап жатыр.

Күту залында адамдар да көбейе түскен. Шамасы пойыз келді ме, әлде кетейін деп тұр ма, сондай бірдеңе… Өйткені оянуының өзі сондай бір самбырлаған қатты дауыстың әсерінен еді.

ІІІеткі бұрышта кафе де жұмыс істей бастаған екен. Жұрт оны-мұны сатып алып, бөлек-бөлек қойылған дөңгелек столдарда шұқырласып, ішіп-жеп жатыр.

Байшұбар да сабырмен орнынан тұрып, сол маңайға беттеді. Жаңадан пісірілген самсаның исі мұрнын жарып, сосиска, колбасалармен бірге әртүрлі тәтті нандар көз жауын алып, солардың бәрінен алғысы келіп, аңсары ауып біраз тұрды да, тағы да ақылға келді. «Ералыны бүгін таба аламыз ба, әлде таба алмай бірнеше күн сандалып қаламыз ба?.. Жұмыс та бола қоя ма, әлде қайтадан пойызға мініп, ауылға қайтып жүреміз бе? Қанша рет тамақты сатып жеуімізге тура келетінін Алла білсін…»

Байшұбардың басында дәл қазір ой көп еді. Және сол ойлардың көбінің үміттен гөрі күдігі басым сияқты. Тіпті уайым секілді.

Ол ойлап-ойлап екі стакан шай ғана алды да, қайтып орнына келді. Бұл кезде Шертай да оянып, жан-жағына таңырқағандай, көздерін ашып-жұмып жатыр екен.

Сөмкесін ашып, ақтарып еді, бір таба нан, бауырсақ, піскен картоп шықты. «Шырайдың салғандары ғой» деп ойлады Байшұбар келіншегін есіне алып, әрі соншалық жақсы көріп отырып. Сиякүлдің Ералыға беріп жіберген сәлемдемесіне тиіскен жоқ.

Бұлар да бір дөңгелек столды иемденіп, Шырайдың асауқат салған ақ қалтасын орталарына алып отырып, інісімен екеуі енді тамақтануға кірісті.

Почта үйін табуға бұлар аса қиналған жоқ. Теміржол вокзалынан екі аялдама ғана жер екен. Жас емес пе, оңаша ауылда ештеңе көрмей өскендіктен де болар, Шертай автобусқа мінгенді де таңсық көріп, аялдамаға қарай ұмтылып еді, Байшұбар ыңғай танытпады. «Жаяуақ барамыз» деген емеурінмен сөмкесін бұлғай көтерген қалпы алға түсті. Шертай да амалсыз оның соңынан ерді.

Байшұбардың мұнысы тым тақыстығы, әрі сақтығы еді. «Үлкен қалаларда реті келгенде сөмкелерді ала қашады екен. Авто буста ұрылар қалтаға да түседі екен» деген алып қашпа сөздердің санасына әбден сіңіп қалғанынан да болар… Бір жағы нан «тиын тебенді де оңды-солды шаша бермейін» деп өзінше қатты бекін гендігінен де.

Екеуі жаяулап, асықпай жеткеннің өзінде почта үйінің есігі әлі ашылған да жоқты. Үй маңайын сыпырып жүрген шал бұлардың осынша ерте келгеніне таң қалғандай қайта-қайта бұрылып, қарағыштай берді де, ақыры жөн сұрады.

– Почтаға келдіңдер ме?

– Ия, почтаға келдік, деді Байшұбар.

– Осынша ертее… деп шал өзінше күңкілдеп, қолындағы сыпырғысын жоғары көтере беріп, тағы да:

– Не шаруа? деп қалды.

– Осындаа… Жай бірр, деп Байшұбар сөзін тұтыға бастай берді де, кенет батылданып: Он жетінші жәшікк… деп қалғаны.

Үй сыпырушы бір ауық аңырып тұрды.

– Он жетінші жәшігі несі?

– Солай… Шаруамыз… біреуді іздеп… Ералы деген.

Үй сыпырушы енді сыпырғысының сабын құшақтаған күйі үнсіз тұрды… тұрды да. Ә… иее, деді кенет есіне түсе кеткендей. Ол жәшікті ашатын әйел сағат онда келеді, деді де, одан арғы әңгі мені керек етпегендей, сыпырғысын бұлғаңдатып ауланың төр жағына беттеді.

Енді Байшұбар аңтаң. Жәшіктің иесі нің Ералы емес, қайдағы бір әйел болып шыққаны ол үшін күтпеген жай еді.

Байшұбар аула тазалаушы шал қалайда Ералыны біліп қалар, білмесе есіне түсер деп үміттенген. Ол үміті адыра қалды.

Енді Байшұбарды уайым басты. Сонша жерден сандалып келген шаруалары бұлдырап, алдамшы сағымға айналып бара жат қандай.

Шертайда ешқандай ой жоқ секілді. Өз-өзінен теңселіп, әрі бір жүреді, бері бір жүреді. «Ол ой ойлап қайтесін, жанында ағасы тұрғанда», деп ойлады Байшұбар. Сосын басына үлкен іс түскен кісіше сөмкесін бұлғақтата көтеріп, бұл да бір әрі жүрді, бір бері жүрді. Сөйтіп жүргенде басына тағы бір ой келді: «Осы Шертайды мен ештеңе ойламай жүр деймін, оның басын дағы ой, менің басымдағы ойдан да ауыр болып жүрмесін…»

Почта ашылысымен Шертайды ертіп ішке кірген Байшұбардың байқағаны үй дің бір қабырғасын түгел алып, нөмірленген жәшіктердің ұзын саны үш жүз он екімен бітеді екен. Жұрт ішке кіреді екен де, қалталарынан кілт шығарып, сол жәшіктердің бірін тысыр еткізіп ашып, ішінен газет-журнал, әлде хаттарды алып, жәшікті тысыр еткізіп қайта жабады екен де, кете барады екен.

Осының бәріне Байшұбар соншалық ұқыппен қарап, байсалды мән беріп отырды.

Бірақ әзірге он жетінші жәшікті ешкім ашқан жоқ. Почта үйіне әсіресе әйелдер кіріп келе жатқанда үмітпен қарағанымен, ол әйелдер басқа жәшіктерді ашып, болмаса ақша, хаттар қабылдап, оларды жөнелтіп жатқан бөлімдерге бұрылып кетеді де, әлдебір үміті орындалмаған жанша Байшұбар ақырын күрсінеді. Оған ендігі жерде сол он жетінші жәшікті қандай әйелдің ашатындығы соншалық таңсық әрі маңызды сияқтанып кеткені.

Өзі отырған орындықтың тұсындағы үлкен терезеден көше бетке сүзіле қарап отырған Байшұбар почта үйінің жанына келіп тоқтаған әсем қара машинаны (оның шетелдік джип екенін де білген жоқ) байқаған. Әрине, оның қазіргі халінде жеңіл машинаға қызығатындай шама жоқты. Бірақ сол қара машинадан сұлу келіншек түскен кезде, бұл кәдімгідей мойнын бұрған. Өйткені, келіншектің ұйқы дан жаңа тұрғандай албыраған жүзі де, соншалық жарасымды қырыққан шашы да көзі түскен еркектің мойын бұрмасына қоймастай еді. Үстінде ине жіптен жаңа шыққандай үлбіреген ақ көйлек. Аяғына киген туфлиі мен қысқалау юбкасы да ақ. Сол өңшең ақ киімге оранған келіншектің білектері мен тоқ балтыры да өмірінде күн көрмегендей аппақ еді… Көзді де, көңілді де арбаған өңшең ақ түс…

Дәл осылай киімі денесіне, денесі үстіндегі киіміне әр берген осындай жанды Байшұбар өмірді былай қойғанда, осы уақыт қа дейін көрген көп киноларынан ұшыратты ма, ұшыратпады ма… анығы есінде жоқ. Қайсыбір киноларда сұлу келіншек көріп, сүйсініп, тіпті есі кете ұнатса қызарақтап, қозғалақтаса, жанында отырған келіншегі Шырай ұнатпай «Неме не, сонша сұғынып» деп жаратпай қалатыны барды. Сондағы сұлу деп жүргендері мына келіншектің жанында адыра қалды.

Байшұбардың көздері әлгі келіншекпен ілесіп, почта үйінің аузына келді. Келіншек есікті айқара ашып кіріп келгендегі мұның тағы байқағаны қап-қара көздері де кісі жасқағандай екен. Байшұбар өз-өзінен төменшіктеп, қарадай абдырап қалды. Саратанға бүгінгі келісін былай қойғанда, өздерінің аудан орталығына, облыс орта лығына талай барып жүр ғой. Әртүрлі себептермен өзге де үлкен қалаларда болып көргені бар… Сонда осыншалық әсер еткен әйел баласы… болды ма, болмады ма, анығы есінде жоқ. Сондықтан Байшұбар келер кетері болмаса да төменшіктеп отырып та әлгі келіншек жайлы ойлап: «Өзі сірә көрші елдерден келген біреу шығар ау», деп топшылады. «Өзбек, әлде қырғыз бол ып жүрмесін», деп те жорамалдады.

Келіншек аяқтарын тықтық басып, бұлардың дәл жанынан өте беріп, жәшіктер орналасқан қабырғаға қарай бұрылды да, дәл он жетінші жәшіктің тұсына жете бере тоқтап, қолындағы әр жері асыл заттармен безендіргендей жалт-жұлт еткен қол сөмкесін ашып, әлденені асығыс іздей бастады. Саусақтары да сүйріктей екен. Және сол саусақтардың әрқайсысында бір асыл жүзік. Өзгені сұлулығымен таңдандырған жан, саусағымен де жасқай ала ма, немене, бұл келіншектің қол сөмкеге бір кіріп, бір шығып тұрған саусақтарына да ұзақ қарай алған жоқ.

Келіншек ақыры бір кілтті шығарды да, сол кілтпен он жетінші жәшікті тысыр еткізіп ашты.

Келіншек он жетінші жәшікті ашқан кезде Байшұбар кенет есін жинағандай халде еді. «Көріп тұрсың ба?» дегендей жанындағы Шертайға алақтай қараған. Шертай да аңдып-ақ отыр екен. «Көрме генде ше? Әңгімені бастамайсың ба?» дегендей ол да бұған бұрылды.

Келіншек он жетінші жәшіктен газет журналдармен бірге ораулы хаттар алып, қол сөмкесінен су жаңа пакет шығарды да, бар затын соның ішіне ұқыптап салды. Сосын қолындағы кілтімен тысыр еткізіп жәшікті қайта жапты.

Келіншек енді қайта бұрылып, аяқ тарын тықтық басып, есік аузына беттей бергенде, кенет орнынан көтерілген Байшұбардың тұла бойында айрықша батыл дық пайда болғандай еді.

– Сіз он жетінші жәшіктің…

Келіншек Байшұбарға бұрылып, қалт тұра қалды. Бірақ бейтаныс жігіттің мына сөзін анық түсінбесе де, сыпайылық таныт қандай болып, езу тартты.

Айтарын айта алмай, қарадай тұтығып тұрып-ақ Байшұбар келіншек туралы тағы да: «Өзі тіпті ұйғыр болып жүрмесін», деп те ойлаған. Әсіресе, келіншек өзіне қарап күлімсіреген сәттегі сасқаны-ай. Сасқаны не, берекесінің әбден қашқаны емес пе, тағы да інісіне бұрылғаны. Шертай болса: «Өй, енді сұрасайшы, жаны бар адамға ұқсап» дегендей өңін суытып отыр екен.

Інісінің сол қалпы мұның ептеп есін жиғызды ау, шамасы.

– Сіз… Ералыны білесіз бе? деп, сұрауын төтесінен бірақ сұраса да, өзі қарадай абдырап тұр.

– Ералыы… Ол кім?

Келіншектің күлімсіреген әдемі өңі бір сәт суығандай болды. Әлде қысылды ма ау… Әйтеуір, жүзінен алабұртқан өзгерістер аңғарылғандай еді.

– Біз Ералының ауылынан келген… Ералының туыстары едік.

Келіншек алабұртқан күйі әуелі Байшұбарға, сосын Шертайға қарады. Бірақ жауап қатқан жоқ.

– Біз жұмыс іздеп келіп едік, деді енді Байшұбар шаршау жанның кейпімен. Келін шек қап-қара көздерін төмен төңкере беріп, әр жері жал-тжұлт еткен қол сөмкесін кеудесіне дейін көтеріп тұрды да: Жоқ. Ералыны білмейді екенмін, деді де, аяқтарын тықтық басып, шығар есікке беттей беріп, кенет қайта тоқтады. Сосын бұларға бұрылды.

– Жұмыс іздеп келдік дедіңіздер ме?

– Дедік… Ия жұмыс іздеп жүрміз, деді Байшұбар аптыға сөйлеген қалпы, оған қарай ұмтыла түсіп.

Келіншек екеуіне кезек-кезек қайта қарады.

– Мен ақылдасайын… Осында болыңыздар… Бәлкім… дей беріп әлденеден, әлдекімнен абайлағандай бір сәт бұлардың сыртында әртүрлі шаруаларымен сабылып жүргендерге де көз салды. Сосын барып:

– Ия, осында болыңыздар, деді қайта анықтап. Бұлардың қатар тұрып бас шұлғығандарына да мән беріп жатпастан, бірден сыртқа беттеді. Қара машинаға жақындағанда шофері оған есік ашты. Сосын қара машина күн көзімен жалт-жұлт етіп шағылысып, жылжып кете барды.

Ағайынды екеу бір-біріне қарасып, болар болмас үмітке аса сеніңкіремегендей бірауық үнсіз, үрпиісіп тұрды да, сөзді Шертай бастады.

– Ералы ағамды білмеді ғой.

– Е, білмесе қайтеміз… Бізге жұмыс табылса болғаны емес пе?

Келіншектің «ақылдасуы» әп-сәттік іс болмады. Ол кеткелі сағат тілі он бірді көрсетіп өтті. Сосын он екі де болды.

Почта қызметкерлерінің бірі:

– Сіздер неғып жүрсіздер? деп жаратпай қараған соң бұлар сыртқа шыққан. Ендігі бар бітіргендері әрлі бері жүру ғана. Және жай жүріс болса қанекей?… Байшұбар үшін бұл бір сары уайымға толы, азапты жүріс еді. «Әлгі келіншек қайтып келе ме, келмей ме? Келмесе, неге келмейді? Ал, келе қалған күнде не айтып келеді? «Сіздерге ылайық жұмысымыз жоқ екен» дей қойса, аржағында біз не істемекпіз? Бірден ауылға қайтып кетуіміз керек пе, әлде бірер күн…» Байшұбар ештеңе ойламауға да бекініп көріп еді, болмады. Бір ойдан соң бір ой… Сосын тағы…

«Дүниеде адамның басынан төзімді, кең нәрсе жоқ шығар. Қандай ауыр, азапты ойлар сияды оған? Сол азапты ойларға шыдас бермей, тарс жарылып кетпей жүре беретінін айтамын-ау. Әй, бірақ сорлыға біткен бастың да сорлы болмасқа амалы не… Әйтеуір шыдайдыдағы…»

Байшұбардың ойлары шым-шытырық еді. Екі қолын артына қайырып, басын төмен салып жүрген інісіне де «Осы сен не ойлап жүрсің?» деп айта алмады. Өйткені оның басындағы ойлардың да, өз басындағы ойлардан гөрі сорақы, тіпті тым қорқынышты екеніне Байшұбардың ешқандай шүбәсі болған жоқ.

Неге екенін… Байшұбар келіншекті келмейдіге жорыды да, ендігі жерде «Қай тып кетуіміз керек пе, әлде көше ара лап, жұрттан жұмысы бар жерді сұрасақ па екен?» деген ойдың теңірегінде әуреленіп жүрді. Інісімен ақылдасуға да батпады. Еңсесі түсіп кеткен Шертайдың қатулы қабағынан дәл қазір кім де болса шошығандай еді.

Байшұбар түскі ас ішу жайын да ұмытқан жоқ. «Әлдебір асхананы тауып алып, ыстық тамақ ішсек пе екен, әлде таңертеңгідей шай ғана алып, Шырай берген нан мен бауырсақты талғажау етсек пе екен?» дей беріп, есіне кенет Сиякүлдің Ералыға беріп жіберген сәлем сауқаты түсе кеткені. «Ойпырмай, сол бар екен ғой. Бәрібір Ералы табылмады. Піскен ет дегенің аса көп сақтауға да келмейді ғой. Бәлкім бұзылып, көгеріп кетуі»

… О, құданың құдіреті… Ол осылай ойлай беріп, көңілі аз-кем орнына түскен күйде «Әй, Шертай, Ералы табылмаса, жұмыс болмаса, өміріміздің… бүкіл арман үмітіміздің біткені болмас… Әкеміз бүгін өлгендей еңсеміз түсіп… Жүр кеттік… Бір жерден тамақтанайық» деуге оқталып, енді бұрыла бергені сол еді, таңертеңгі күн сәулесімен жалт-жұлт еткен әсем қара машина сырылдап келіп, жандарына тоқтай салғаны… Шертайдың қандай күйде болғанын кім білсін, Байшұбардың қуаныштан есі шығып кетті. «Ия, сәтт… ата-бабамның әруағы!» деді ішінен өзіне өзі әл бергендей.

Ойлағанындай-ақ машинаның алдыңғы есігі ашылып, таңертеңгі келіншек түсті де, сұқ саусағын бүгу арқылы бұларды өзіне шақырды.

Сөмкелерін көтере ентелей келген ағайынды екеуге машинаның артқы есігін ымдады. Мұндай сәнді машинаға бұрын соңды мініп көрмеген ағайындылар осы бір құрметке әлі де толық сенбегендей кібіртіктеп қалып еді, олардың абдырауын жүздерінен ақ аңдаған келіншек енді дауыстап:

– Отырыңдар! деді.

«Ойпырмай, дауысы да қоңыраудайын сылдырап тұр екен-ау», деп ойлады Бай шұбар артқы есіктен машина ішіне асыға-үсіге кіріп жатып.

Машина қозғалып кетті. Артқы орында қатар отырған ағайынды екеуде үн жоқ. Қуаныштан гөрі үрейлері басым секілденіп, қолға түскен торғайдай үрпиісіп отыр.

– Жұмыс іздеп шыққан екенсіздер ғой, деді келіншек әңгімені сыздықтатып бас тап.

– Жұмыс іздеп шықтық, деді Байшұбар.

– Екеуіңіз де…

– Екеуміз де…

-Түрлеріңіз де ұқсас.

– Ағайынды жандармыз. Менің атым Байшұбар, інімнің аты Шертай.

-Сонда қай ауылдансыздар…

– Ұзынарық… Жаңақорған ауданы.

Ауылының атын айтсадағы Байшубар ішінен: «Сонда қай ауылдарды біліп жатыр өзі?», деп ойлады ішінен.

Машина бір көшеден екінші көшеге өтіп, зырлап келеді. Шофер әлденені бұрап, әдемі бір әуенді ойната беріп еді, келіншек азкем қабақ шытып, сол қолын көтере бергенде, шофер әлгі әуенді қайта өшірді.

– Ауылдан екендіктеріңізді бай қап, жұмыс қарастырып жатырмыз. Қожайынмен ақылдастым, деді келіншек үзіл ген әңгімені қайта жалғап. Сосын торға түскен торғайдай болып отырған бұларға аппақ мойнын бұрып, мұқияттап қарады.

– Менің атым Лиза…

Келіншектің дүдәмалдау «жұмыс қарастырып жатырмыз» дегеніне Байшұбардың көңілі аса толыңқырамай отырса да, атын айтқан кезде кішкене іші жылығандай болды. Сосын іштей: «Қожайыны кім, тағы да?» деп ойланып қалды.

Одан әрі үнсіздік орнады. Машина бір ұзын көшемен зырлап келеді. Тіпті қыс тақтың шетіне де шыққандай ма, немене.

Ақыры әлгі ұзын көшеден оң жақ, сосын сол жақ кешеге түсіп зырлап келді де, машина көрнекті салынған екі қабатты үйдің жанына жете бере тоқтады.

– Түсіңіздер, деді Лиза. Сөйтті де лып етіп алдымен өзі түсті.

Әрқайсысы тұсындағы есіктерін ашып, бұлар да апыр-топыр жерге түскен. Жерге түскен бойда Лиза Байшұбардың қолын дағы сөмкеге қарады да, Байшұбар аз-кем қысылып қалды. Өйткені қолындағы сөмке ескілігінен бұрын әйелдерге арналған дүние секілді еді. Адалын айтар болса, Бай шұбар бұл сөмкенің үйіне қайдан, қалай келгенін де анық білмеуші еді. Әйтеуір, жолға шығарда Шырай осыны қолына ұстатқан. Бітті…

Екі қабатты үйдің сәні айрықша екен. Қабырғалары сары түспен ақталып, терезе жақтауларының көк түспен сырлануы ерекшелігін былай қойғанда, жалпы үлгісінің өзі көз сүйсіндіргендей. Терезе, балкондарының айнала жиегін оймыштаған өрнектерді Байшұбар еш жерден көрген еместі. Отыз беске келгенше бұл да осы маңайдың біраз қала, қыстақтарын шар ла ды ғой. Бірақ дәл қазіргідей біреудің үйіне сұғын қадаған сәті есінде жоқ.

Келіншектің өзі сияқты, екі қабатты үй де Саратанға өзге жақтан келгендей әсер етіп тұр еді.

Бұлардың машинадан түскен бетте іркіліп тұрып, үйдің сәнін тамашалап қалғаны Лизаның шоферге қайта бұрылып ұзақ тапсырма беруінен де еді.

Лиза күбірлеп әлденелерді айтып жатыр… айтып жатыр… Шофер басын изеп отыр… изеп отыр…

Ақыры келіншек Байшұбар мен Шер тай ға бұрылып: Жүріңіздер, деді де сән мен жасаған темір қақпаға қарай бастады.

Аула ішінің көркі де бөлек екен. Айнала арнайы жасалған темір шарбақпен қоршалған аумағы бір гектардай жердің жартысы бау-бақша да, бір жағы ұзыннан ұзақ етіп салынған үй. Оның аржағында тағы бір үй ме, әлде қора ма бірдеңе… Ортада толтырылған суы көгілдір тартып жат қан киіз үй орнындай дөңгеленген хауыз. Оның жиектеріне де ерекше нақыш пен төселген мәрмәр тастар. Сол мәрмәр тастарды жағалай егілген қызылды жасылды әртүрлі гүлдер де тосын жандарға ертегілерден ғана елес бергендей ғажайып көрініс еді…

Лиза бұларды екі қабатты үйден бөлек, әлгі ұзын шұбақ салынған үйдің бір есігінен кіргізді де, жол кілемшелер төселген дәлізден өтіп, төріне екі төсек қатар қойылған бөлмеге келгенде, Лиза: Әзірге осында жайғаса беріңіздер. Аспаз тамақтандырады, деді де, өзі шығып кетті.

Бөлмеде ұзынша диванның, бірнеше орындықтардың қатар тұрғанына қара мас тан бұлар тізе бүкпей, бір ауық бөлме ортасында селтиіп тұрды. Өздерінің жүздерінде де қуаныштан гөрі әлі таңдану мен үрей басым еді. Аға болып жол бастап жүр ген Байшұбардың өзі де қолындағы көне сөмкені жерге қоюға да батылы жетпегендей, қарадай дегбірі қашып тұр. Бұл арада жаста болса өз-өзіне алдымен келіп, ес жинаған, әрі батылдық танытқан Шертай болды.

– Аға отырайық, деді шеткі орындыққа отыра беріп. Байшұбар да ілесе отырды. Қарсы қабырғада апандай диван, өзге тұста да орындықтар тұрғанда, дәл Шертайдың жанындағы орындыққа отыруы да қазіргі есі шыққан қос үрей күйінің белгісіндей еді.

– Үйлері қандай жақсы еді? деді Шертай терезеден сыртқа қарап, сосын бөлменің төрт қабырғасын түгел шолып шығып.

Расында бөлме іші кешелі-бүгін ақталғандайтын. Төбеге ілінген қыздың сәукелесіндей дөңгеленген шырақшамның өзі де анау-мынаудың еңсесін басардай.

– Жай үйінің өзіне, хан орналасса жарасқандай, деді Шертай тағы да.

– Енді і, дей беріп, Байшұбар да іні сіне ілесіп қабырғаларға, төбеге қарады. Бірақ інісінен асырып теңеу айта алмайтын бол ған соң, сол ыңырсыған күйі басылып қалды.

Екеуі бөлмелеріне жайғаспақ түгілі үйренісе алмай, әлі үрпиісіп отырғанда, үстеріне Лиза кіріп келді. Әлгіндегі ақ көйлек, ақ юбка, ақ туфлилерінің орнына көкшулан, жарасымды көйлек, аяғына жайтабан, маңдайы зермен оймышталған жаздық аяқкиім киіпті. Сұлуға не кисе де жараса бере ме, әйтеуір: Байшұбарға Лиза бұрынғысынан да құлпырып көрінді.

– Әлі жайласпай отырсыздар ғой, деді Лиза бұлардың үрпиісіп отырған қалып тарына езу тартқандай болып. Бұлардың жауап айтардай халдерін байқа маған соң тағы да сөзді өзі жалғастырып: Жұмысқа алындыңыздар. Қожайын әлгінде келісімін берді. Сіздерге көңілі толыпты, деді.

«Ол кісі бізді қайдан көріп жүр?» дегендей, осы сәтте Байшұбар мен Шертай бір-біріне қараса қалып еді, келіншек те осыны аңдай қойып: Ол кісі сіздерді екінші қабаттың терезесінен көрді, деді, бұлардың көңіліндегі дүдамал, күдіктерді біржола басқандай болып.

– Жұмысқа таңертеңнен кіресіздер. Осында Асаділлә деген ағамыз бар. Атбегі, қарауыл, әрі аула сыпырушы. Моншаны да сол кісі жағады. Істейтін жұмыстарыңызды түсіндіріп береді. Түскі астан соң моншаға да апарады.

Ағайынды екеу ауыздарын ашып, Лизаны үнсіз тыңдап отыр.

– Жатын жерлеріңіз осы деді де, аз кем үзілістен соң келіншек тағы да: Ал, қандай сұрақтарыңыз бар? деді екеуіне кезек қарап.

Байшұбар мен Шертай дәл қазір тыңдауға ғана жаралғандай.

– Айтпақшы сіздерге ең басты нәрсені айтпаппын ғой. Жалақыларыңыз әзірге жетпіс мың теңгеден. Әрқайсыңызға… Бір айдан соң көтереміз. Демек, сіздер үшін бір ай сынақ мерзімі… Уайым жемеңіздер, бір айдан соң жұмыстан шығарып жібереді екен деп… Сіздерді өте тындырымды, ұқып ты жандар деп ойлаймын. Қожайын да осы ойда. Әзірге айтарым осы.

Осылай деді де, көкшулан көйлегінің етегі дөңгеленіп, келіншек ауызғы бөлмеге шығып кетті.

Ағайынды екеу көздерімен оны шығарып салысымен-ақ, бір-біріне қараған. Қарағандары да қызық. Әлгінде ғана «Не болар екен?» деп айналаға үреймен, күдікпен қарап отырған жандар, кенет ойлары оп-оңай ақ жүзеге асып кеткендегі қуанғандары да, қорыққанның аржақ-бержағындағы бірдеңе болып шықты. Екеуінің де күліп жібергілері келіп тұрып-ақ, күле алмауларының өзі де бет әлпеттерін түсініксіз, қызық күйге түсірген еді… Содан «ана келіншек ұзап кетті-ау, енді маңымызда ешкім де жоқ-ау» деген шамада: Аға, жетпіс мың деді ме? деді Шертай осы қуанышты әңгіменің ішіне сыймай бара жатқанын жасыра алмай.

– Ия, мен де солай естідім, деді Байшұбар.

Екеуі тағы үнсіз қалды. Бірақ бұл үнсіздік қарқылдаған күлкіге де, жарыса, таласа дабырласқан әңгімеге де бергісіз еді.

Енді екеуінің де көздері күлді. Күлдісі несі, тәңірім-ау, жайнап кетті. Беттеріне қан жүгірді.

Ағайынды екеу өмірлерінде осындай бақытты сәттер болғанын, болмағандығын да естеріне түсіре алмай, ерекше толқып, қуанып, отырғандарында үстеріне жасы елулер шамасындағы, соған қарамастан әлі өңді көрінетін қараторы әйел кіріп келгені.

(Жалғасы бар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған