Наурызнаманың онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне арналған «Көшпенділер әлемі» атты этно киімдер фестивалі өтті.
Ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны насихаттау, жергілікті дизайнерлер мен тігіншілерге ұлттық брендтерді дамытуға қолдау көрсету, сондай-ақ ұмыт болған киім үлгілерін жаңғыртып, халыққа таныту мақсатындағы фестивалінде Сыр елінің талантты дизайнерлері мен студиялары Дана Марлен, Айман Абди Qazaq brand, Ясина Qazaq brand, RUNA brand, “Амина этно” студиясы, NANUR brand топтамалары көрерменге ұсынылды.
Жергілікті шеберлердің шығармашылық жұмыстарының әрқайсысы ұлттық киімдеріміздің бай мұрасын жаңаша шығармашылықпен жеткізді.
Фестиваль барысында Сыр өңірінің өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ұлттық киім мен музыканың үйлесімі көпшіліктің көңілінен шықты.
Фестиваль соңында қатысушыларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қазбекова алғыс білдіріп, 18 наурыз – Ұлттық киім күнімен құттықтады.
Сондай-ақ, фестиваль барысында көрермендерге арнайы ұлттық киімдер мен бұйымдардың көрмесі ұсынылып, жергілікті кәсіпкерлердің сатылымы өтті.