Қызылорда қалалық мәслихатының коммуналдық шаруашылық, қала инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, жер және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы кең көлемді талқылауға ие болды. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы И. Құттықожаев қатысып, комиссия төрағасы И. Басықараевтың жетекшілігімен жұмыс атқарылды. Отырыс барысында екі негізгі мәселе қаралды: «Тұрмыстық қалдықтарды басқару, орналастыру, өңдеу және қоршаған ортаны қорғау» және «Қызылорда қаласының кәріз суларын тазарту нысандарының жай-күйі».

2020 жылы мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында іске қосылған «Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны және қоқыс сұрыптау кешені» қазіргі уақытта қаланың коммуналдық қалдықтарын жинау мен сұрыптау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. 2024 жылы полигонға 96 275 тонна қоқыс шығарылғаны туралы мәліметтер келді. Мұнда пластикалық бөтелкелер, алюминий банкалар, қағаз, картон және автомобиль шиналары сұрыпталып, әрі қарай өңдеуге жіберіледі.

Облыс әкімдігінің бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен полигон маңында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының құрылысы жоспарланып отыр. Бұл зауыт Оңтүстік Корея технологиясын пайдаланатын «With You e&c Kyzylorda» ЖШС тарапынан салынуы көзделуде. Қазіргі уақытта 4 гектар жер учаскесін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, жоба республикалық индустриялық картаға енгізілмек.

Отырыс барысында Қызылорда қаласындағы кәріз су жүйесінің жай-күйі жан-жақты талқыланды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы м.а. Д. Бахтияров мен «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Ж. Абатов кәріз су инфрақұрылымының қазіргі жағдайын баяндады.

Қала тұрғындарының 60%-ы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған, яғни 168 340 адам немесе 45 959 тұтынушы осы жүйеге тәуелді. Қызылорда су жүйесінде:

Жалпы 457 км кәріз жүйесі бар, оның 18%-ы – яғни 86,8 км – тозған. 242,2 км қысымды кәріз су жүйесі. 214,3 км өздігінен ағатын кәріз жүйесі бар.

Сонымен қатар, 67 кәріз насос станциясы (олардың 6-уы басты КНС ретінде – №1, №12, №13 және Тасбөгет кентінен №39, №1 Наурыз, № Тасарық) мен 2 бірлік биологиялық тазарту станциясы қызмет атқаруда.

2024 жылы 11 КНС бюджет есебінен қайта жаңғыртылды (№5, №9, №10, №11, №14, №15, №23, №27, №29, №34, №44). Қаланың орталық бөлігіндегі тозығы жеткен 8,3 шақырым кәріз желілері жаңартылып, 500,8 млн. теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, кәсіпорынның өз қаржысына 3 КНС (№1 Наурыз, №2 Тасарық және №52) жөнделіп, қабылдау камералары тазартылып, насос қондырғылары ауыстырылып, желдеткіш жүйелері жаңартылды. 

Отырыста мәслихат төрағасы И. Құттықожаев қаладағы қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігіне, әсіресе көпқабатты үйлер мен кәсіпкерлік нысандар маңындағы жағдайға назар аудару керектігін айтты. Депутаттар келесі мәселелерді көтерді:

М. Есжанов – жеке секторлар мен ауылдық округтерде қоқыс жәшіктерінің тапшылығы. Ғ. Байсейітов – экологиялық талаптарға сай сынап шамдарын жинау және медициналық қалдықтарды жою жүйесін жетілдіру. И. Басықараев – орталық стадион аумағындағы кәріз су станциясынан шығатын жағымсыз иістің жойылуы. А. Төлегенова – Тасбөгет кентіндегі қоқыс жинау жүйесінің тиімділігін арттыру және жеке ассенизаторлардың кәріз суларын заңсыз төгу мәселесі. Р. Ізтілеуов – №2 Абай мектебі маңындағы кәріз жүйесін «Су жүйесі» мекемесінің балансына беру қажеттілігі.

Отырысқа қалалық мәслихат депутаттары, облыстық экология департаменті, табиғи ресурстар басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы өкілдері, коммуналдық мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.        

Алдағы 2025-2027 жылдар аралығында келесі жобалар жүзеге асырылмақ:

Қысымды коллекторды жаңғырту: 22,7 км ұзындықтағы құбырларды ауыстыру жобалары дайындалды. Атап айтқанда, №1 КНС-дан БТС-қа дейінгі 8,15 км x 2 құбыр (3,6 млрд теңге) және №12 КНС-дан 8,9 км x 2 құбыр (3,7 млрд теңге) жобалары қарастырылуда. Құрылыс монтаж жұмыстарының 2025 жылы орындалуына бюджеттік өтінім тапсырылды. Толыбеков көшесіндегі жоба: Диаметрі 900 мм, ұзыны 850 метр өздігінен ағатын кәріз жүйесінің құрылысы (құны 929 млн теңге). Байтұрсынов-Толыбеков қиылысы: Мұнда кәріз судың арынын басу құдығы (камера-гаситель) орнатылып, 27 КНС тәулігіне 20-21 мың текше метр кәріз суын қабылдайтын жүйе құрылады. Қысымды жүйелер: №10, №40 КНС-нан №1 КНС-на дейінгі 2,5 шақырым қысымды жүйелер жобасы (570 млн теңге) және 5 КНС-тың жобасы (859 млн теңге) дайындалды. Жаңа КНС салу: Шаменов көшесінен 10 көп қабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспарланып, осы аумаққа жаңадан кәріз насос станциясы салу ұсынылды. Коллектор жобасы: Титовтағы БТС-қа дейін 21,8 км коллектор құрылысының жобасы дайын. Бұл жүйеге Белкөл кенті мен Бәйтерек тұрғын аумағының кәріз сулары қосылады. Жобаның құны 6 млрд теңге, оның игерілуі 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар, Қызылжарма а/о орналасқан, тәулігіне 70 мың текше метр қабылдайтын биологиялық тазарту станциясының қайта жаңғырту кезеңі 2023-2027 жылдарға жоспарланып, мердігер «Мелиоратор» ЖШС-мен толық демонтаж жұмыстарын жүргізді. Алайда, санитарлық талап бойынша тұрғын үйлерден 1 км қашықтықта орналасуы тиіс, ал қазіргі уақытта бұл аралық 350-400 м ғана. 

   2024 жылы 43 жеке кәсіпкермен ассенизаторлық қызмет бойынша келісім-шарт жасалды. Дегенмен, көптеген жүргізушілер тіркелмей жұмыс істеп, лас суды рұқсатсыз жерлерге төгіп отыр. Мысалы, №39 КНС маңында қала тұрғыны өз меншік иесінің жер телімінен өтетін орталық кәріз жүйесін қоршап, кәріз құдығын орнатып, жеке ассенизаторлық автокөліктерден кәріз суларды қабылдағаны анықталды. Бұл жағдай КНС насос қондырғыларының жиі істен шығуына әкеліп, жүйеде ақаулар тудырып отыр. Сондықтан, №39 және қала орталығындағы КНС маңынан арнайы қабылдау орны ашу қажет екендігі айтылды. Сонымен қатар, қала тұрғындарының 40%-ы (шамамен 106 652 адам) септиктерді пайдаланады, олардың сарқынды суларын КНС арқылы БТС-да тазарту жүйесімен есепке алу мәселесі де көтерілді.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы қыркүйек №354 бұйрығымен бекітілген әдістеме бойынша, тұтынушылардың су бұру көлемі нақты есептеліп, тарифтер бекітіледі. «Астана су арнасы» және «Қарағанды су» кәсіпорындарының тәжірибесі негізінде, заңды тұлғаларға ассенизаторлық қызметті де кәріз жүйесіне қоса есепке алуды енгізу ұсынылды.

Қазіргі таңда қала тұрғындары ауыз су үшін 1 текше метріне орта есеппен 63,48 теңге, кәріз қызметі үшін 71,85 теңге төлейді. Жеке тұлғалар үшін су тарифі – 43,79 теңге, ал кәрізге – 46,16 теңге, бұл көрсеткіштер республикалық қалалар арасында ең төменгі деңгейде.

«Қызылорда су жүйесі» МКК 2025-2030 жылдарға арналған жаңа тарифтік жоспарды ұсынды. Осы кезеңге судың орташа құны текше метріне 114,58 теңге, ал кәріз қызметіне – 179,72 теңгеге дейін көтерілмек. Бұл өзгерістер коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ірі инвестициялық адым ретінде қарастырылады.

   Қызылорда қаласындағы коммуналдық шаруашылықтың дамуы – қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. 2025 жылғы мәслихат отырысы барысында қаралған мәселелер мен ұсыныстар, 2024 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы жылдарға жоспарланған жобалар қаладағы қалдықтарды басқару, кәріз суларын тазарту және инфрақұрылымды жаңғырту салаларында ауқымды жұмыстар жүргізілетінін айқындады.

Жергілікті билік, кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер мен тұрғындар бірлесіп, заманауи технологиялар мен инвестицияларды тарту арқылы қаланың коммуналдық қызметтерін жақсартуға бағытталған шараларды іске асыруы тиіс. Осылайша, Қызылорда қаласы болашақта экологиялық таза, тұрақты дамитын және тұрғындар үшін ыңғайлы қалаға айналады деп күтілуде.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған