Қолжетімді болуға тиіс тегін дәрі-дәрмекке қол жетпей жатыр. Әсіресе, қарттардың. Үкіметтің тегін дәрі-дәрмек тиесілі науқасқа тікелей берілсін деген жақсы шешімі ақ жаулықты аналар менен ақ сақалды қариялар үшін қиындық туғызуда.
Тегін дәрі-дәрмек алу үшін дәрігер жазып беретін электронды рецепті үшін смартфон болу керек. Әрине цифрландыру заманында дәрігер рецептісінің электронды болуы көңіл қуантарлық. Қағаз шығын болмайды, дәрі алатын дәрігердің қағазы қалтада тозбайды, тіпті смартфондағы электронды рецептіні науқастан басқа екінші біреу пайдалана алмайды дегендей жақсы жағы көп. Алайда, 60-тан асқан біздің зейнеткер қарияларымызда смартфон жоқ. Оларда бала-шағамен сөйлесіп, амандығын білуге лаж болатын баяғы қалта телефоны ғана бар. Бұл мәселенің бір жағы болса, екінші жағынан face ID жүздерін әжім торлап, көз жанарлары кіреукіленіп, кейде бөгделер түгілі өздерін өздері танымай қалатын қариялардың бет жүздерін әлгі face ID танымай талайды әуреге салуда.
Ресми ақпарат бойынша биылғы жылдың қаңтарынан бастап барлық емханаларда келушілердің сәйкестігін анықтайтын жүйе орнатылуда. Өткен жылдың тамыз айынан бастап емдеу мекемелерінде де face ID қолданып жатыр. Енді осы емханалардың тұрақты науқастары кемпір-шалдардың бет-жүзін face ID-қа қалай танытамыз?