Әміре сияқты әншіге, Иса сияқты ақынға, Қажымұқан сияқты балуанға серік болғандықтан Орынбор мен Ақмешіттің арасындағы көзді талдыратын шетсіз-шексіз шөл даладан, бұйра құмдардан қалай өтіп, Ақмешітке қалай таянғанымызды аңғармай да қалыппыз. Біз келе жатқан состав әлдене разъезге тоқтай қалу себебін проводниктен сұрасақ (бұған дейін разъездерге тоқтамай келе жатқанбыз):

– Бұйрық солай, – дейді ол.

– Не үшін берілген, ондай бұйрық?

– Білмеймін. Менің білетінім, Ақмешітке дейін бұдан басқа разъезд де, станция да жоқ.

– Қанша жер, сонда Ақмешіт?

– Он километр.

 – Сен барып білсейші, неге тоқтағанын, – деді Қажымұқан.

Ол айтпай-ақ білгім келіп тұрған адам, вагоннан түсіп қарасам, составтың орта тұсындағы “үкімет вагоны” аталатын екі вагоннан да адам жерге көбірек түсіп жатыр екен, өзге вагондардан там-тұмдап қана.

Бергі “үкімет вагонында” обкомның бірінші секретары Нанейшвили мен ұйым дастыру бөлімінің меңгерушісі Сұлтанбек Қожанов келе жатқан. Неге тоқтауын білгім кеп, жұрт жиналған “үкімет вагондарының” қасына барсам, қызық оқиға болғалы жатыр екен: қайдан және қашаннан келе жатқан салт екенін білмеймін (меніңше, ондай салт бұрын да, кейін де болған емес), паровоз алдына рельстен жүретін аласа темір вагонетка тіркеліпті де, КирЦИК предселателі Сейтқали Меңдешев пен секретары Аралбаев соған мініп, состав Ақмешітке дейін ақырын ғана жылжып баратын бопты. Оларды вагонеткаға Қожанов және республика наркомдары апа рып мінгізді. Сонда мені көрген Сұлтанбек:

– Сәбит, сен де мін! – деді маған.

– Неге, Сұлтеке?

– Сен газетші емеспісің? Ақын емеспісің және де? Мін, қызық болады.

Онысы рас екен. Пойыз ақырын жылжи бастады. Оның жүрісіне жаяу кісі де ілесетін. Жолдың екі жағынан да ойдым-ойдым қамысты саздар кездесіп отырады екен, әйтпесе жол бойы анталаған қалың адам составты бөгеп, жүргізбей де қоятын. Жылжыған составқа жаяуы да, көліктісі де (аттылы, түйелі, өгізді, есекті…) ілесе алатын болған соң сазсыз жерге лап қойып алдымызды қоршап алады да, паровоз үздіксіз және қатты бақырған соң, әрең сырғып жол береді. Олар составты жай қоршамай, у-шу, азан-қазан дауыспен қоршап, құлақты тұндырып жібереді. Оған паровоздың үздіксіз өкіруі қосылғанда естен танғандай боласың.

Қазақта “Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді” деген мақал бар. Сол айтқандай, мен лезде шуға да үйрендім. Маған шуласа қарсы алған халық та қызық. Бірақ олар сюжетсіз нашар кинокартинада көз алдыңнан тез өтіп, көңілде сақтап үлгермейтін объектілер сияқты мидан берік орын ала алмайды. Өлгенше естен кетпестей әсер қалдырып келе жатқадар – қасымдағы Меңдешев пен Аралбаев.

Аралбаев биік қапсағай бойлы, жуан сүйекті адам болатын. Басқа түркістан дықтардай ол да Қожановқа еліктеп, қара мұртын ернін жиектей қырқатын; сұр ғылттау беті сопақтау, көздері бадырайған үлкен де. Түркістан жігіттерінің көбі Орынборға қара барқытпен тыстаған, түбіті қалың қызыл түлкіден бөрік киіп келген. Бәрінде де жалпақ қайыс белбеу буынған гимнастерке, бәрінде де балағын етікке сұққан шалбар бар.Бұл түрді де жұрт Қожановтың модасына жоритын. Аралбаев солардың бірі де.

Маған былайша құрғақ адам сияқта натын бұрын сыбайлас болмаған Аралбаев, вагонетка үстінде басқаша болып шықты. Ол айғайшыл, елірме жігіт екен. Жолшыбай құттықтаған жұртқа сол ғана жауап беріп, даусы жеткенше, күре тамыры білеудей болғанша айғай салады. Кейде түлкі бөркін қолына ұстай түрегеп кетіп қиқулайды. Қалың жұрттың ішінен оның танысы да көп, біреулері атын атап қана ауызша амандасады да, біреулері қолын ұстап қалады, енді біреулері вагонеткаға отырып, біраз жерге дейін барып түседі…

Қалың жұрттың арасын осылайша қақ жарған пойыз Ақмешіт станциясына келіп тоқтады. Ол арада да ошарылған халықта қисап жоқ екен. Орынбордағы милиция мектебінің курсанттары бар, республикалық және жергілікті милиция қызметкерлері бар – бәрі жиналып, үкімет адамдарының вокзалдан әрі өтуіне жолды әрең ашты. Ар жақ бақшалы кең алаң екен. Осы алаңға биік жасаған мінбердің үстінде митинг өткізілді. Оны ашушы – Сырдария облыстық партия комитетінің секретары, бізге белгілі – Әбілхайыр Досов.

Ақмешіт вокзалының ішкі алаңында Әбілхайыр Досов басқарған митингте көп адам сөйледі. Олардың басым көпшілігінің кім екені есімде жоқ. Есімде ең берік қалған шешеннің біреуі: арық, ұзын денелі, мұрны қоңқиған, көздері кішірек, қоңыр өңді бала жігіт. Ол пионерлер атынан сөйледі. Кейін білсем белгілі ақындарымыздың бірі Әбділда Тәжібаев екен.

Ол кездегі Ақмешіт екі этажды үйі бірен-сараң ғана, өзге үйлерінің басым көпшілігі бір этаждан, олардың басым көпшілігі шикі кірпіштен қаланған, күйдірген кірпіштен салынған аумақты үйлері азғантай, көшелері тар және қисық. Сол көшелерінің екі шетіне де тізілген ағаштар (әсіресе ақ теректер) қалың боп өскен, көшелерді жиектеп арық аққан. «Маркс» пен «Энгельс» аталатын екі көшесіне ғана тас төселген, өзге көшелерінің бәрі бұрқыраған шаң. Үйлерінің төбелері тайпақ, әр үйдің қорасында жеміс бақшасы бар, Сырдарияның теріскей жақ қабағына орнаған Азияның шағын ғана провинциялы қаласы екен.

Съезге келген делегаттарға арналған айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршал ған, оның ішіндегі бірталай үй күйдірген кірпіштен салынып, шатырлары қаңыл тырмен жабылған жайлар екен. Бұл үйлер жуық араға дейін жындыхана болған. Қазақстан үкіметі орнағанда мекемелері жайғасуға осыдан қолайлы үй қалада болмағандықтан, жындыхана Ақмешіттен қырық шақырым жердегі «Аламесек» аталатын бір орынға көшрілген. Делегаттар осы үйлерге сыйғанынша орналасты да, қалғандары – жаз бос тұрған мектеп сияқты мекендерге жайғасты.

– Сен, бала – деген Қажымұқан маған, вокзал қасында өткізілген митингте -қайда орналассам да менімен бірге боларсың.

– Мақұл, – деген мен.

– Иса мен Әміре ше?

– Ол зындардың керегі жоқ, қайда орналасса да мейлі.

Қажымұқанға да орын жындыханадан бөлінген екен. Оған «зоқ-зоқ, зын-сайтан орнаған зерден қорқам! Өлтірсең де бармаймын» деп, қорасына да кірмей, сыртта бақырып отырып алды.

– Ал сонда, қайт дейсің?-деген комис сия бастығына:

– Сырағым, маған бір оңаса үй тап. У-су дан аулақ, қаланың сетіндегі бапты үй бол сын. Қонақасыны зұрттан зей затармыз, -деді

Ондай үйді амалсыз таппақ болған комиссия бастығының:

– Жақсы. Болсын. Сонда жалғыз жатамысың? – деген сұрауына:

– Мына Сәбитті берсеңдер болады, басқа кісінің керегі зоқ, – деді.

Комиссия Қажымұқан екеумізді қаланың батыс жағында «Айрамбақ» аталатын кең бақшаның әлдене түкпіріндегі қазақ үйіне апарып орналастырды. Қам кесектен, яғни шикі кірпіштен салынған бұл кішкене үйде мен ұзақ отыра алмайтын болдым. Оған бір себеп үйдің қаладан жырақтығы, ертелі-кешті қатынауы қиын болса; екінші себеп Қажымұқан маңайының мазасыздығы. Оны “ертегінің батыры” көрген, немесе «аруақ орнаған әулие» көрген жұрт дамыл алмастан, «сабалап қымызын, астаулап етін…» дегендей, мол қонақасысымен күні-түні дамыл таппай келеді де жатады.

Съезд біз Ақмешітке келгеннен үш-төрт күн кейін ашылды. Осы кезде Қажымұқаннан қашқалақтап жүре, мен қаланың іші-сыртын түгел кезіп шықтым. Оның мен көрген алғашқы сиқы жоғарыда айтқан дай, түгел аралап шыққандағы сипаты одан әлдеқайда нашар екен. Қала шетіндегі «үй» дегендер үй емес, үйшік. Көбі сұр бал шықтан баттастыра салған күрке сияқты бірдеме. Олар жауын-шашынды көтермей құлай бере ме, әлде иелері көшіп кете ме – жеміріле құлағандары да толып жатыр.

Қала аралағанда менің көзімді ерекше тартқан көрініс – әр жеріндегі алаңында болып жататын базары. Бұл базарларда не көп, өрік, мейіз, қауынішек сияқты кеп тірген жемістер көп. «Нишалла» аталатын аппақ бірдеме бар, дәмі қант татиды. Ол жүгерінің ұнынан жасалады екен. Ұнды орта қазан ғып салады екен де, үстіне су құйып, құмшекер сеуіп қайнатады екен. Көп былғай суы сарқылған кезде, қоймалжың, аппақ тәтті бірдеме болады екен. Сол қалпында қазаннан алмай, ыдысын әкелген жұртқа ожаулап сатады екен. Біреулер дәмін көреді екен де, ұнатса алып, ұнатпаса кете барады екен. Оның үстіне, көшеде бұрқыраған шаң да қонып, басында аппақ нишалла, кейін қоңырланып, біраздан қарақошқылданып кетеді екен. Не деген ыластық!.. Сонда да надан жұрт ожаулап, қасықтап алып жатады!.. «Неге?» – десең, «Басқа тәттіге әліміз келмейді», деп жауап береді.

Ақмешітке келгенге дейін, мен «есек» дейтін мақұлықтың біреуін ғана он екі, он үш жастағы кезімде көрген едім. Содан кейін көруім Ақмешітте. Мұндағы көліктің көпшілігі есек екен: сексеуіл, тал, терек, қамыс сияқты отындарды да таситын солар, адам да оларға көп мінеді. Денесі кішкене бұл хайуанның көтерген жүгіне қарағанда, мықтылығына қайран қаласың. Есектің құлынын «қодық» дейтінін де мен осы жолы білдім. Есектердің мені таңғалдырған және бір қылығы: сәске, түс, кеш… деген сияқты мезгіл мөлшерін білдіруде ол тауық әтешінен кем емес екен. Осы мезгілдерде бар даусымен бақыра жөнеледі. Көп есек қосыла бақырғанда, маңайды даңғаза ғып жібереді.

Ақмешіт маған ұнаған жоқ. Меніңше, сол кездегі күйінде, ол республикаға астана болу түгіл, губерния орталығына да әрең-мәрең жарарлық қала. Мұнымен салыстырғанда, мысалы Қызылжар (Петропавл), Семей сияқты Қазақстан қалаларының астана болуға мүмкіншілігі әлдеқайда көбірек сияқты. Ал Орынбордың Ақмешіт садағасы кетсін. Бұның қасында ол Москва қасындағы қыстақ сияқты көрінеді. Омбы ше? Орынбор мен Омбы соңғы екі ғасырда қазақ көпшілігінің саяси, шаруа шылық, мәдениеттік орталығы болып келді. «Ендеше, сол екеуінің бірін неге қаламайды, Қазақстан астанасы?» – деген сұрауға, «саясатқа жетікпін» дейтін біреулер:

– Қазақ облыстарының бүйірінде шет кері жатыр, араласып тұруы қиын, – деп жауап береді.

– Ақмешіт бүйірде емес пе? Бұған бүкіл Батыс Қазақстан пойызбен Москва, Орынбор арқылы, бүкіл солтүстік облыс тар Челябі, Орынбор арқылы келмей ме? «Іргелес» деген Жетісу губерниясының өзі көп күн атпен жүріп кеп, пойызға Арыс станциясынан отырмай ма? Сонда Ақмешіттің несі жақын болады?-деген сұрауға, анау:

 – Қазір солай екені рас, бірақ алдағы аз жылда Қазақстанның барлық түкпіріне де тура баратын теміржолдар салынады, сонда жақындайды. Қала да тез өседі, -дейді ол.

– Несімен? Ірі өндірістер орнарлық ешбір базасы, яғни шикізаты жоқ. Ауылшаруашылығы да тез өркендеп кететін жер емес. Оқу орындарымен және мекеме үйлерімен ғана өсе ме сонда? Базасы жоқ қалаға қанша мектеп қажет? Және ауасы күйіп тұратын, мәдениет орны жоқ бұндай қалада оқуға кім құштар болады? – деген сұрауға анау жауап бере алмайды.

– Сонда шаң басып жатқан осы сиық сыз, болашағы да нашар қалаға астананы сүйреуші кім? – деген сұрауға:

– Сұлтанбек Қожанов, – деп жауап береді анау, – бұл ара – оның туған жері. Ата-бабалары осы елдің қожалары. Рево люциядан бұрын ресми қағаздарда «Перов ский» аталып келген қаланы, Совет тұсында «Ақмешіт» ататқан да сол. Енді ертең ашылғалы отырған 5-съезде «Қызылорда» атандырып, Қазақстан астанасы жасатпақ та, шамасы келсе әдемі қалаға айналдырмақ.

– Онысы болса!..

– Болар-болмасын тұрмыс көрсетеді де

Маған ерекше әсер еткен көріністің біреуі Сырдария өзені. Атағы жер жаратын бұл өзенді де менің бірінші көруім. Оның суы Есіл өзеніндей мөлдір боп ақпай, сап-сары қоймалжың боп ағады екен. Төңірегіндегі жарқабақтары аласа, кей тұста жазық жермен тұтасқан жайпақ. Сондықтан да ол қатты тасыған жылдары маңайды селдете басып адамды да, мал-мүлікті де науытқып кетеді екен. Ондай тасу – мекендеген елдің сорына қоса, бақыты да: бұл маңның суармалы егіні Сыр тасыса мол шығып, астыққа шаш-етектен қарық боп қалады екен.

Қолым тиген кейбір уақыттарда мен Сыр өзенінің бойында қайықпен де серуен деп жүрдім. Ақмешіт тұсында енінің жалпақтығы шақырымға жетіп қалатын Сырдария құбыла ағуын көрсеткісі келген дей, кеше кешке су ортасында көрініп жатқан құм аралдар, таңертең жоқ боп кетеді, кеше сырық жетпейтін терең судан бүгін қайырлы арал шығып қалады. Кейбір тұсында «иірім» аталатын ағыс, түбіндегі әлдене шұқырға құйылып жатқандай дөңгелене иіріліп, ортасы сорпылдайды да жатады. Ол тұсқа қайық жақындап қалса дөңгеленте жөнеліп, тәжірибелі ескекші болмаса, мәнін білмегендер батып кетеді деседі.

Қаланы, Сырдың суын аралап біраз көргеннен кейін, мен арғы тоғайлық жа ғына да шықтым. Онда бұрын көрмеген бұтақтарының бәрі тікенді: шеңгел, жиде сияқты уақ ағаштар өседі екен. Ол беттерде ағаштар ғана емес, қурайлар мен шөптердің де көпшілігі тікенді болады. Боз топыраққа шыққан бұл тікендердің арасында: жылан, шаян, қарақұрт сияқты жәндіктер өріп жүреді. Жұрттың «пәленің мыңы Сырда, бірі қырда» деуі де осыдан болу керек.

Мен Сырдың арғы бетінде отыратын егінші ауылдың тұрмысымен таныстым. Бұл ауылдың аты «Қырық кепе» екен. «Кепе» дейтіні жер астынан қазып жасаған үй, басында бұндай үй қырық шақты ғана болуы керек. Ал қазір көбейген кепені санап болар емес. Кепеде тұратындар: қарбыз, қауын, қабақ, қияр, сәбіз сияқты бақшалық овощтарды өсіріп, піскеннен кейін қасындағы Ақмешітке сатады екен. Дәнді дақылдан көп егетіні – күріш. Оның көлемі азғантай – әр үйде, ең көп болғанда – бір гектар, әйтпесе – жарты, ширек гектардан, біреулер өзі ішімдігіне қажет бірер қап қана астық өсіреді. Шөптен егетіні – жоңышқа.

«Қырық кепеде» соқа деген атымен жоқ екен. Оның орнына қолданатыны – «омаш», яғни тіліне ғана темір қаққан айыр ағаш. Омашты жеке ат яки жеке өгіз де сүйрей береді екен. Сондай омаштың өзі де бірен-саран ауқатты адамда ғана бар. Былайғы кедейлерінің (олар басым көпшілігі) егіске пайдаланатын құралы — кетпен.

«Қырық кепенің» барлық егіні арық арқылы қолдан суарылады. Арықтардың үлкенін де, кішісін де кетпеншілер қолдан қазады. Бейнеті ауыр егіншілер арасында да батырағы, кедейі, әлдісі, орташасы бар. Жеке шаруа дәурен сүріп тұрған кезде бұлардың арасында да қым-қиғаш тіршілік тартысы. Осы тартыста, кейінгі кезде кедейлер басым бола бастаған, олар «Қосшы одағы» есімді ұйымға бас қосып, қанаушыларды Совет үкіметінің заңына бағындыруға кіріскен.

Жалпы алғанда «Қырық кепенің» тұрмысы менің бұрын қазақ ауылында көрмеген тұрмысым. «Егіншінің баласы қара борбай” деген халық өлеңі осыларға қарап шығарылған сияқты. Адамдарының көбі, әсіресе, балалары тыртиған арық, күн ұзақ ыстық күнге күйіп далада жүретіндіктен өңдері қап-қара, киімдері тозыңқы, үй іштері жүдеу. Мен өзім туған жерімде де талай кедей, батырақты көре жүре тұрмыстары дәл бұндай нашарларды көрген емен…

«Қаламен, Сырдариямен, оның ма ңындағы ауылдармен үстірт болса да таныстық-ау» деп жорамалдаған шақта съездің ашылатын күні де келіп қалды. Съездің мәжілістері өткізілетін зал – революцияға дейін «Перовский» аталған Ақмешіттегі бұрынғы ояздық әкімшіліктің кең ұзынша ат қорасы болған екен. Совет өкіметі орнағаннан кейін осы ат қора клубқа айналып, төр жағына сахна жасалған. Бірақ ені жалпақ қораның төбе сін тіреген ішкі ашалары алынбаған. Біз келгенде осы «клубтың» іші-сырты Қазақ станның бесінші советтер съезіне арналған плакаттармен, ұрандармен, жалаулармен, тулармен қып-қызыл ала болып безенген. Ол кездегі Ақмешітте елу киловаттық қана қуаты бар электр станциясы қызмет атқарады екен. Оның әлсіз, көмескі жары ғының мол үлесі съезд күндерінде «клуб қа» беріліп, бұған дейін түнде шамы сығы раятын көшелердің көбі қазір қап-қараңғы.

Мен «клубтың» іші-сыртын съезден бір күн бұрын түгел аралап шықтым. Оның сахнасындағы президиум столының артына желбірете көк тулар ілген. Оларды да түгел қарағанмен, көзге оғаш көрінетін ештеңесін байқаған жоқпын.

Мен байқамаған оғаштықты Угар (Мұқатай) Жәнібеков байқапты. Аты да, өмірбаяны да бізге осы шығарманың екін ші кітабынан (әсіресе сегізінші тарауынан) белгілі бұл қарт большевик соңғы бірер жылда Орынбор қаласындағы Респуб ликалық милиция мектебінің начальнигі де, Түркістандағы қазақтар бұрынғы Қазақстанға қосылғаннан кейін республика басшылығына оңшыл-ұлтшылдар отыр ғаннан кейін, Угар ызалы болғандай, қызметін селсоқтау атқарып, ішкілігін күшейте бастаған. Ол да съездің делегаты.

Сьезд апрельдің 16-сында басталмақ та. Сол күні ертемен клуб маңайына барсам, делегаттарды көруге жиналған қалың халық көше бойына сыймайды. Осы көпшілікке араласып, әркімдермен кеңесіп жүрген шағымда ту сыртымнан біреу қапсыра ұстай алды. Жалт қарасам – Угар Жәнібеков. Төртпақ балуан денелі, қара өңді, жалпақ бетті оның кескінінен дәл осы сәтте адам шошырлық: қытай тәрізді қиғаштау, кішірек қара көзінің ақ еті қанталап қып-қызыл боп мөлдірей жасаурап тұр. Былай да қан-сөлсіз, шөген түсті өңі тотыға қалғандай әлем-тапырық. Қорғасындай қара сұр боп жүретін қалың ерні қазір жасылдана кезеріп кеткен. Бет-аузының бұлшық еттері дірілдей қимылдап, езуі сол жақ ұртына қарай қисайып тұр. Мас емес шағында ауыр қимылдайтын денесі қазір жеңілденіп, су толқытқан қайықтай ерсілі-қарсылы ауытқып кетеді!.. Угардың талай мас болған, кейде тіпті қатты мас болған жайларын көре жүре, түр-тұлғасының дәл бұндай бүлінгенін еш уақытта кездестірген емен…

Угар мас кезінде үлкен-кіші демей, жек көрген адамын тілдеп, кейде қолын да жұмсап қоятын. Ал жақсы көрген адамына қол тигізу түгіл қатты сөз де айтпай, сыпайылығын мөлшерден асыратын да, адам мезілеу болатын. Мені “Қызылжар дәуірінен” (1920 жылдан) білетін ол “пролетарский писатель” деп жақсы көріп, тілін де, қолын да қатпайтын. Оның маған айтар бар ауыр сөзі «пұштиған мұрныңды ұрайын!» ғана болатын. Өшіккен біреуі болса, анау қашып құтылғанша сыбап тілдейтін немесе сілейтіп сабайтын. Мен Угардың бұл сияқты талай қылығын білем.

Угар мені клубтың ішіне алып кіріп сахнаға таянды да:

– Оқы, ананы, – деді ол, президиумға даярланған столдың сырт жағына ілінген көк туларды нұсқап.

– Нені? – дедім мен, оқы деп тұрғаны не екеніне түсінбей.

– Әне бір, жиегін оқамен көмкеріп, шашақпен безеген жасыл тудың бетіндегі жазуды оқы!

Жасыл туға көзімді тіксем: тозың қыраған шұға, бетіне араб әрпімен: «Лә иләһа илла-алла, Мұхаммәдун Расул-алла» деп, оны айнала, «Жасасын Алаш автономиясы!» және «Алаштың Ойылдағы атты полкі» деп жазылған! Осындай ту советтік съездің сахнасына, советтік көп тулардың арасына қайдан ілінуі көзі көрмеген адамның ақылына сыймайтын нәрсе. Бұны мен жазушылық фантазиядан туғызып отырған жоқпын, немесе жөнсіз «қызық» іздел, ойдан жасап отырған жоқпын, шындықта болған ащы фактіні ғана болған түрінде сипаттап отырмын.

Жуық арада, Москвада КПСС Орталық комитетінің қарамағында қызмет атқаратын Марксизм-ленинизм институтынан, Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП(б) Орталық комитетіне, қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы жазған ұзақ хаты табылды. Сонда ұлтшылдардың өзге әрекеттерімен қатар, жоғарыда айтылған Алашорда туының, Қазақстан бесінші совет съезінің залына ілінуі туралы төмендегідей сөздер жазылған:

«… Залдағы қызыл тулардың арасына, Досмұхамедов басқарған Алаш үкіметінің Құран сөздерімен әшекейленген жасыл туы жайыла ілініпті… Кей жолдастар Алаш туының ілінуіне ыза боп, оны жұлып алды. Неге бұлай болуына съезді басқарушылардан кейбіреулер сахнаны құрған орыс қызметкер абайсызда іліпті деп түсіндірмек болды. (Сонда, сол ту қайдан кеп шыққан, бұл сахнаға?! С.М.) Съезден кейін, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқан шақта, бұрын алашордашыл бол ған, кейін Оқу комиссариатында қыз мет атқарып жүрген қарт учитель (Елдес Омаров, – С.М.) екі жолдастың көзінше, маған шат кескінмен қарады да: «Түп тегенде, бізше (яғни алашордашы) болып шықты. Съезд біздің алашордалық жасыл туымыздың саясында ашылды», – деді».

Алаштың жасыл туының Қазақстандық бесінші совет съезінің сахнасына ілінуіне, Сәкеннен сақталған және партиялық архивте берік қолда сақталған документте осылай жазылған. Бұл әлдеқалай іліну емес, әдейі іліну. Әйтпесе, ол ту Ақме шітке қайдан келеді, сахнаға қайдан ілінеді?!. Ол ту Сұлтанбек Қожановтың өз сөзімен айтқанда, соңғы кезге дейін алашордашылардың ықпалында болып келген «қожановшылдықпен садуақасов шылдықтың» қолымен ілінген.

Осы туды маған көрсеткен Угар, мен «неге бұлай?» деп сұрап үлгермей, сахнаға қарғып шығып, жұлқып түсірем дегенде, ілінген тулардың бәрін жығып алды. Оған қарамастан Угар Алаш туын бөліп алды да, бір шетін табаныма басып тұрып, дарылдата кеп жыртты…

Сол күні кешке ашылған съезге Угар қатысқан жоқ. Оның қайда екенін ешкім білген жоқ. Бірақ Алаш туын жыртуын есті меген жан жоқ. Бұл тудың қалайша ілінуіне қайран қалған жұрт бірінен бірі сұрағанмен, қанағаттанарлық жауапты ешкімнен тап пады. Сахнаның сәндеу ісін басқарушы адамның айтқан дәлелі: «Байқамай ілініп кетіпті!..». Сонда, бұл ту қайда жатқан? Бұн да қалай келген? Соншама ашық жазуларды сахнаны әсемдеушілер қалай көрмеген? Бұл сұрауларға жауап берер жан жоқ…

Жындыхана аталатын үйлерде түн ортасы ауа бүліншілік басталады. Шамы сөнген бөлмелерде ұйықтап жатқан жұрт ты әлдекім терезелерін қиратумен оятады. Оның кім екенін ешкім біле алмайды. Жұрттың ертеңіне білгені: бірнеше корпус тық жындыхана үйлерінің сау терезесі аз қалған, көпшілігі қираған…

Есін жиған жұрттың ертеңгі жоба лауынша: бұл іс Угардың қолынан келуге тиісті!.. Ал, Угарды іздесе – бұл қалада жоқ!

Сол бетімен жоғалған Угар бір сәтте туған елі – Қарқаралыға барыпты-мыс деген хабар шықты. Бірер жылдан кейін Угар қайтыс болды деген хабар естідік.

Сәбит МҰҚАНОВ «Өмір мектебі 3» кітабынан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған