Қазақстанның соты тәуелсіздік жылдарында үлкен даму белестерінен өтті. Осы жылдар ішінде үздіксіз жүзеге асырылған реформалар саланың аяғынан тік тұрып, өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруына, жұмысын жүйелеуіне ықпалын тигізді. Соттың беделін биіктетіп, судьялар тәуелсіздігін нығайтуда жыл сайынғы Президент Жолдаулары мен әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын республика судьялары съезінің орны зор.

Жолдаулар отандық сотты халықаралық талаптарға сай жаңғыртуға, заңдардың сапасын көтеруге, сот пен судьяға деген сенімді нығайтуға көмектесетін сауатты бағыт-бағдар нұсқауымен бағалы болса, съездер саладағы мәселелерді әріптестермен кеңесе отырып бірігіп шешуге, өзара тәжірибе алмасуға, шеберлікті шыңдауға, аға буын мен кіші буын арасындағы байланысты нығайтуға, сот құрылымына қатысты түйткілдерді бірігіп шешуге мүмкіндік берді.

Бүгінде соттағы жаңашылдықтардың күретамырына айналған «Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі де бастауын осы съезден алған болатын. Қазылар қауымының қорғанына айналған «Судьялар одағы» қоғамдық бірлестігі 1996 жылғы алғашқы съезде өз жұмысын бастады. Осы жылы одақтың жарғысы қабылданып, аймақтарда филиалдары құрылды. Міне содан бері Судьялар одағы сот жүйесінде іске асырылып жатқан іргелі жобалар мен жаңашылдықтардың, заңнамаларға енгізілген өзгерістердің,  қоғамдағы айтулы бастамалардың жаршысы болып келеді.

Одақ тарапынан бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған 8 съездің де сот саласы үшін тигізген пайдасы орасан. Съезд мінберінде айтылған, талқыланған, ұсыныс ретінде билікке жіберілген бастамалардың орындалмай, орта жолда қалған кезі болмаған. Мәселен, алғашқы съезде судьялыққа үміткерлерді іріктеудің тәртібін қалыптастыру, судья әдебіне қатысты талапты қатайту, сот құрылымы мен сот өндірісін ықшамдау, заңнамалық базаны жетілдіру, құқық қолдануда бірыңғай тәжірибеге қол жеткізу секілді келелі мәселелер талқыға шығарылды.
Екінші съезде соттарды мамандандыру, судьялардың жүктемесін азайту, процестердің жарыспалылығын қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапса, үшінші съезде алқабилер институты, қылмыстық жазаны ізгілендіру сөз болды. IV съезд сот өндірісін оңтайландыру, судьяларды іріктеу талаптарын күшейту, соттың санкция беру тетіктерін енгізуге басымдық берсе, V съезде сот жұмысын жандандыруға ден қойылды. VІ съезд тергеу сотының, соттар беретін санкция түрлері кеңейтуге негіз қалады. Сонымен қатар, VII съезде қазақстандық қазылардың жаңа әдеп кодексін қабылдау, жаңа технологияны сот тәжірибесінде қолдануға барынша мән беру мәселесі күн тәртібінен орын алды. VIІ съезд бен VІІІ съезд заңнамаларды жетілдіру, жекелеген істер бойынша бірыңғай тәжірибе қалыптастырудың маңызы мен заманауи технология көмегімен сот саласын жаңа белеске көтеруді мақсат етті. Жалпы қай съезді алсақ та, соттағы ашықтық пен теңқұқылық, жеделдік пен сапа мәселесі үнемі басты орында тұр. Себебі, сот қызметін тұтынатын халықтың қалауы да осы талаптарға келіп түйіседі.

Қазақстан Республикасы судьяларының ІХ съезі Ел Президентінің қатысуымен 2024 жылғы 4 қазанда өткізілді. Барлығы 450 қатысушы, оның ішінде делегаттар саны – 185, қалғандары – мемлекеттік органдардың, шет мемлекеттердің бірқатар жоғарғы соттарының, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері.

Съездің негізгі тақырыптық бағыттары төменгідей болды:

  1. Сот жүйесі мен судьялардың тәуелсіздігі
  2. судьялық қате және заңның өрескел бұзылуының нақты өлемшарттарын анықтау;
  3. судьялық өзін-өзі басқаруды заңнамалық реттеу;
  4. Жоғарғы Сотқа заң шығару бастамасы құқығын берудің орындылығын талқылау;
  5. сот әкімшілігін дамыту.
  6. Тиімді сот ісін жүргізу
  7. дербес кассациялық саты құру;
  8. әкімшілік әділет аясын қолдануды кеңейту және әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықты енгізу;
  9. қылмыстық процесте тараптардың нақты жарыспалылығы  мен тең құқылы болуын қамтамасыз ету;
  10. соттардың қызметіне жасанды интелект элементтерін енгізу;
  11. татуласу рәсімдерін дамыту;
  12. сот төрелігін жария іске асыру.
  13. Судьялық кадрлар
  14. судьялық кадрларды даярлау және іріктеу сапасы;
  15. судьялардың ғылыми әлеуетін дамыту;
  16. судьялардың кәсіби қызметін бағалау және тәртіптік жауапкершілік институттарын жетілдіру;
  17. судьялық әдеп кодексінің жаңа редакциясын қабылдау.
  18. Судьяларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету
  19. судьяларды медициналық қамтамасыз ету;
  20. судьялардың біліктілік сыныптары;
  21. әлеуметтік топтаманы күшейтудің басқа шаралары.


Бақытбек Елшібеков
Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған