Адам және заң, заң және қоғам бұл екеуінің іргесі ажырамаған және ажырамайтын үлкен ұғым. Елімізде Ата заңнан бастау алатын барлық заң жобалары бірінші Жоғарғы және Төменгі палаталардағы Ел қалаулыларының елегінен өткеннен кейін ғана өмірге келеді. Ал, сол заңдардың халыққа қызмет етуін, орындалуын қадағалайтын, заңсыз әрекеттердің жолын кесетін, кісінің құқығын қорғайтын заң қызметкерінің жолы өте жіңішке, әрі жауапты болады. Әділдікті ту еткен әрбір заңгер заң шеңберінде халыққа адал қызмет етуі тиіс.

Сондай әділ де, адал азаматтың бірі, заңның заңғар генералы Айтбай Сүйінбайұлы Әлібаев еді. Сегіз қырлы бір сырлы, заңгер-журналист, ақынжанды абзал азаматтың бойында Қазыбек би бабамыздың адалдығы мен әділдігі, көсемдігі мен шешендігі сияқты асыл қасиеттері бар екені шындық. Оған дәлел, оның ұзақ жылдар бойы заң саласында әр түрлі жауапты қызметтерді адал және мінсіз атқарып, осындай жоғары дәрежеге жетуі.

Айтбай Сүйінбайұлы – Сыр перзенті. Тереңөзек кентінде орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын Қызыл дипломмен бітіреді. Оқуды үздік тәмамдаған талантты жасты сол кездегі облыс басшылары арнайы жолдамамен облыс орталығына алдырады. Алғашқыда облыстық прокуратурада қылмыстық істерді қадағалау бөлімінің прокуроры, бір жылдан кейін Қазалы аудандық прокуратурасының тергеуші қызметін атқарады. 1973-77 жылдар аралығында Қызылорда қалалық прокуратурасының аға тергеушісі болып қызмет істейді. 1977-83 жылдары Арал аудандық прокуроры қызметін атқарады. 1983-87 жылдары Қызылорда қаласының прокуроры, 1987-91 жылдар аралығында Жаңақорған ауданының прокуроры қызметінде болады. Ал, 1991 жылы ол Маңғыстау облыстық прокурорының орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы білікті заңгерді еліміздің Бас прокуратурасы өз қарауларына қызметке алдырады. Сөйтіп, тергеуді қадағалаубасқармасының бастығы етіп тағайындайды. 1992-95 жылдары сол кездегі Торғай облысының прокуроры қызметін абыроймен атқарады. 1994 жылы Президенттің Жарлығымен Әділеттің ІІІ-сыныпты мемлекет кеңесшісі шені беріледі. 1995-98 жылдары Торғай және Қызылорда облыстары бойынша сол кезде құрылған Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасының бастығы болады.

Айтбай Сүйінбайұлының ұзақ жылдар бойы заң саласына сіңірген ерен еңбектері ескеріліп, Президенттің Жарлығымен Әділеттің генерал-майоры деген жоғарғы шені берілген. Еліміз өз алдына Егемендік алғаннан кейін екі ірі заң саласында тұңғыш екі мәрте генерал-майор атағына ие болған адал да абзал азаматтың бірі осы Айтбай Сүйінбайұлы Әлібаев. Ол 1998-2003 жылдары Қызылорда облыстық әкімінің мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі, облыс әкіміінң құқық жөніндегі аға кеңесшісі, облыс бойынша Сот шешімдерінің орындалуына жұмыс атқаратын комитеттің төрағасы, облыстық Әділет басқармасының бастығы сияқты лауазымды қызметтерде болды. 2003-2005 жылдар аралығында Қостанай облыстық Әділет басқармасын басқарған. Сол жылдардағы елеулі еңбектері үшін ол тергеу саласының Құрметті Қызметкері атағына ие болды. 2001 жылы Президенттің Алғыс хатымен марапатталды. «Заң саласындағы ерен еңбегі үшін» белгісімен, Бас прокуратураның Құрмет грамоталарымен, 2007 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталған үлкен құрмет иесі. Басқа да медальдардың, мадақтаулардың, марапаттардың иегері. 2005 жылдан Әділет министрлігінің құқықтық насихат және заң қызметін ұйымдастыру Комитетінің төрағасы, министрлікте ішкі әкімшілік департаменті мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы болып қызмет атқарады. Бұл Айтбай Сүйінбайұлының өмір жолы мен кәсіби қызметі жайлы тек қысқаша мағлұмат қана. Оның адамгершілік қасиеті мен азаматтық бітім болмысы бөлек әңгіме. Оның қарапайымдылығына, кішіпейілдігіне, адалдығы мен азаматтығына халық та, қызметтестері де қанық және тәнті. Әсілі бұндай қасиет кісіге қаннан тараса керек. А.Сүйінбайұлының арғы атасы Таңатар текті кісі болған. Ол сонау 18-ғасырда Қазақ пен Хиуа хандығы арасында елшілік қызмет атқарып, елге есімі Елші Таңатар деген атпен әйгілі болған дипломат адам. Бұл кісі жайлы кезінде республикалық және облыстық баспасөз беттерінде деректі материалдар жарық көрген. Өз әкесі Сүйінбай да сауатты әрі шежірелі қарт болатын. Адалдықтың ақ жолымен жүрген Қалыбаев Көлбай ағасы 95 жасында дүние салды. Көлбай ағамыз да облысымызда әр түрлі жауапты қызмет атқарған ардақты азамат еді.

Иә, Айтбай тектіден тараған белгілі тұлға. Кезінде Сыр сүлейлері жырларына қосқан Хиуа хандығы тұсында 40 жылға жуық қазақ халқы мен өзбек хандығы арасында елші болған Жайықұлы Таңатардың тікелей ұрпағы. Сондықтан болар, оның тектілігі көзге бірден көрініп-ақ тұрады. Белгілі жазушы-журналист Қайсар Әлім «Адам ізі» атты кітабын осы Айтбай сияқты аяулы азаматқа арнаған. Айтбайдың шығармашылығы жайлы көп сыр шертуге болады. Оның бірнеше шығармалары жарыққа шықты. Соның ішінде «Әке өсиеті» атты кітабы құнды дүние. Ол әкесі Сүйінбай жайлы толық мағлұмат беріп, тереңнен сыр шертеді, әке өсиеттерін өмірге әкеледі. Оның жазған мақалалары республикалық және облыстық газеттерде жиі жарияланып тұрды. Қазақтың қара өлеңінің қаймағынан сусындап нәр алған оның ақындық қабілеті өз алдына бір төбе, өз алдына бөлек әңгіме.

Айтбайды көпшілік қадірлейді, құрмет тұтады. Алаш Айтбай сияқты аяулы азаматымен мақтанады. Айтбайдың еліне бергенінен әлі беретіні көп білікті заңгер, жазушы-журналист еді. Қарымды қаламгердің қаламынан талай-талай құнды дүниелердің өмірге келетін сәтінің куәгері бола алмадық.

Өкінішке орай ардақты да аяулы атпал азамат, тау тұлға ауыр науқастан айығып кете алмай, былтыр мәңгілік сапарға аттанып кетті. Алаштың ардақты азаматын бүкіл ел болып ақтық сапарға шығарып салды.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған