Президент мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселесіне жіті назар аударып келеді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде әділетті әрі инклюзивті қоғам құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Кеше «Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партия филиалы жанындағы «Отбасы және халықты әлуметтік қорғау» кеңесі мен партияның қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен бірге қаладағы бірқатар инклюзивті білім беретін мектептердің жұмысымен танысты.
Жалпы Қызылорда қаласы бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 3661 бала бар. Олардың 2080-і ерекше біліммен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, 731 бала мектеп қабырғасында, 634 бала үйден оқытылса, мектепке дейінгі білім берумен 715 бала қамтылып отыр.
Қала көлемінде 4 мектеп базасында аутистік спектрлі бұзылысы бар балалар үшін арнайы инклюзивті қолдау кабинеті ашылған. Солдарың бірі Көмекбай Қаракөзов атындағы №235-ші мектеп-гимназиясы.
Білім ордасында инклюзивті қолдау кабинеті 2021 жылы ашылған. Гимназияда 29 бала инклюзивті білім алады.Олардың 17-сі мүгедектігі бар, 12-сі аутистік спектрлі бұзылысы бар балалар. Осы балғындар үшін арнайы 12 педагог- ассистент жұмыс жасайды.Яғни, кабинетте білім алатын әрбір балаға қарастырылған . Сонымен қатар аутистік спектрлі бұзылысы бар оқушыларды қоршаған ортамен қарым-қатынасын бейімдеу үшін «Нұрлы бала» жобасын әзірлеп, арнайы бөлме жасақталған. Мұнда оқушылардың танымдық аймағын дамыту, түзету жұмыстары жүргізіледі. Мектеп директоры Роза Жадиеваның айтуынша жоба аутистік спектрлі бұзылыстары бар балаларға тән сенсорлық және эмоцианалдық жайсыздықты жеңілдету, баланың психикалық белсенділігін арттыруды көздейді.
Мұнан соң мониторинтік топ Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейіндегі облыстық инклюзивті қолдау орталығы жұмысын көрді.
Орталықта педагогтарды қоспағанда психолог, логопед, дефектолог мамандар жұмыс жасайды және балалармен жұмыс жасауға қажетті заманау техникалармен жабдықталған.
«AMANAT» партиясы жанында Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес жұмыс жасайды. Бүгінгі мониторингтің негізгі мақсаты жалпы партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткізіліп отыр. Партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген индикаторлық көрсеткіштерге байланысты инклюзивті қолдау кабинеттерін құру, оның жағдайын жақсарту, мамандармен қамтамасыз ету үнемі партияның назарында. Алдағы уақытта инклюзивті білімді облыс мектептерінде одан әрі қарай жақсарту үшін тиісті органдарға ұсыныстар берілетін болады»,- деді партия филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.
#AMANAT