Қоғамда көптеген қызметтің түрлері кездесіп жатады. Олардың ішінде педагогтік, медицина, әдеби-шығармашылық, өнеркәсіптік, кәсіпкерлік қызмет көрсету секілді бір-біріне ұқсамайтын сан алуан қызмет түрлері бар.

Осы салалардың барлығында да бақылау функцияларын іске асыратын мемлекеттік құрылымдар бар. Ал олардың негізгі  қызметінің түрі – мемлекеттік қызмет. Мемлекеттік қызметке басқару формасына сәйкес кәсіпкерлікпен, өндірушілікпен қызметтері сыйыспайды. Яғни мемлекеттік қызмет – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдарда мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді атқару жөніндегі қызметі.

Ал мемлекеттік қызметші дегеніміз – мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.

Мемлекеттік қызметшілер айрықша статусқа ие бола отырып, өзінің құқықтары мен міндеттерін айқындалған. Мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық міндеттерін атқара отырып Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарында кепілдік берілетін құқықтары мен бостандықтарды пайдалануға; сыбайлас жемқорлықтың алдын алған жағдайда заңнамаға сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға; еңбегінің қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына; әлеуметтік және құқықтық қорғалуға; өзінің лауазымдық  өкілеттіктері шегінде мәселелерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға, жеке басының қадір-қасиетінің құрметтелуіне, білім алуға, біліктілігі, құзыреттері, қабылеті, сіңірген еңбегі және өзінің лауазымдық міндеттерін адал орындауы ескеріле отырып, мемлекеттік қызмет бабында ілгерілетуге құқығы бар.

Ал міндеттеріне – Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға,  азаматтар  мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өтініштерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарауға және олар бойынша қажетті шаралар қабылдау, өздерінің лауазымдық міндеттерін өкілеттіктеріне сәйкес жүзеге асыру, қызметтік тәртіп пен әдепті сақтау, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау, лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезінде алатын, азаматтардың жеке өмірін, ар-намысы мен қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді жария етпеу, мемлекеттік меншіктің  сақталуын қамтамасыз  ету, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті қызметтік мақсаттарда ғана пайдалану, сыбайлас жемқорлық  құқық бұзушылықтардың алдын алу жатады.

Сондау – ақ  мемлекеттік қызметшіге кәсіпкерлікпен айналысуға, қандай да бір саяси партияның, ұйымның, қоғамдық, діни бірлестіктердің  мүддесін қолдап сөйлесуіне қатаң тыйым салынады.

  Мемлекеттік қызметші қызметке орналасқан сәттен бастап өзіне шектеу алады. Ол шектеулердің қатарына – сайланбалы органның мүшесі болуға, мемлекеттің тұтастығына қандай да бір зардап келетін әрекеттер жасамауға,  өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік құпия мен мүлікті сақтау жатады.

Мемлекеттік қызметшілер қызмет атқару барысында заңдылықты сақтауға, отанға деген патриотизм, ашықтық, нәтижелілік, тиімділік, әдептілік, құқық бұзушылыққа төзбеушілік қағидаттарын берік ұстану керек.

Р.Хизатова Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық  экономикалық соты әкімшісінің  басшысы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған