– Кезінде болған арықтардың кейбіреулері қоршалған, кейбірі көміліп қалған, кейбірі бітеліп қалған. Біз былтырдан бастап, Түркістан қаласының тәжірибесін қарап, «Жасыл Қызылорда» деген мемлекеттік мекемені құрдық. Біздегі жағдайда көгалдандыруға ақша бөлінеді. Оған аяқ су апаруға тендер өткізіледі. Тендерге қатысқан мекемелер, ұтқаны, ұтылғаны бар бір-бірімен таласып, соттасып жүреді. Содан да суды кеш береміз. Гүлдер мен талдарды да өзінің мезгілінде емес, кеш егеміз. Сол себепті мемлекеттік мекемені құрдық. Бүгінде қалада су беріп жатқан 17 канал бар. Кейбір каналдар өз деңгейінде жұмыс жасап жатыр. Кейбіреулері бітеліп, құбырлары тесілген. Кейбір жерлерде насостың орнын өзгертуге мәжбүр боламыз. Қажет болып жатса үлкен қуатты насостар қоямыз. Өкінішке орай, қаланы аралап қарасам каналдарымыз не құдайдың, не адамның есебінде жоқ. Арық бар, бірақ құжаты жоқ. Биылғы көктемде суды ертерек беру деген мақсат қойып отырмыз. Күз айында егілген талдар бар. Сол үшін де ертерек су беру керек.

Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың «Әкім сағаты» бағдарламасында сөйлеген сөзінен («Ақмешіт ақшамы» газеті. 15 ақпан, 2024 жыл)

Қаланы көгалдандырумен, аяқ су мәселесін шешумен де айналысатын “Жасыл Қызылорда” деген мемлекеттік мекеменің ашылуы жұрт үшін биылғы жылғы жаңалық болып тұрғанымен, қазіргі қала әкімі Серік Қожаниязов облыс әкімінің орынбасары болып жүрген кезде басталған іс. Былтырғы жылы аймақ басшысының тапсырмасымен мамандар Түркістан қаласының көгалдандыру бағытындағы жұмыстарымен танысқаннан кейінгі қабылданған шешім бойынша құрылған. Тендерге тәуелсіз “Жасыл Қызылорда” арқылы қаланы көгалдандыру, абаттандыру бағытындағы бірнеше мәселе бірден шешім таппақшы.

«Жасыл-Қызылорда» қаланы көгалдандыруды жақсарту мақсатында каналдар мен арық жүйелерін тазалау, жер асты ұңғыма және насостар арқылы аяқ су беру, орталық көшелердегі гүлзарларға гүл егу, қаланы қоқыстан тазартып күтіп ұстау және қураған ағаштарды кесуді ағымдағы жылдың басынан бері атқарып жатыр.

Қаламыздағы Жібек жолы және Сарқырама, Табиғат және басқа да каналдар ағымдағы жылдың наурыз айында толық тазаланды. Және қазіргі таңда қала көшелеріндегі арық жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілді.

Жалпы қалаға Сырдария өзені және осы аталған каналдар арқылы арнайы 19 жерден насос қондырғылары орнатылып, көктем айының басында аяқ су беру жоспарланған еді. Қазір толық жүзеге асырылды. Насос қондырғылардың үшеуі дизелдік отынмен және 16-ы электр жүйесімен жұмыс жасайды.

Аяқ суға арналған “Жібек жолы” каналы бойында және “Сыр ана” ескерткіші жанында орналасқан насостар арқылы қалаға аяқ су берілуде.

Атап айтқанда “Жібек жолы” каналы бойында орналасқан су сорғыш қондырғысы арқылы Назарбаев, Астана даңғылы және Сырдария мөлтек ауданы, шамамен 6 шақырым болатындай каналдар мен арық жүйелері аяқ сумен қамтылды.

“Сыр ана” ескерткіші жанындағы насос арқылы С.Бейбарыс көшесі және “Береке” саяжайын суландыратын арық жүйелері аяқ сумен қамтылатын болады.

Сонымен қатар қазіргі таңда “Тұңғыш Президент атындағы” саябаққа және Тәуелсіздік даңғылы бойына су апару үшін дарияның бойына насос орнатып, аяқ сумен қамтуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Бұған дейін бұрғылау жұмыстары жүргізілген 27 ұңғыма бар, бірақ тоққа қосылмаған ұңғымаларды электр жүйелеріне қосу жұмыстары ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда 10 ұңғыма аяқ су беруге толық дайын және қосу жұмыстары жүргізілуде.

Осы аптаның басында қала әкімі Серік Қожаниязов қаламыздағы аяқ су жүретін арықтардың, каналдардың, аяқ су беретін ұңғымалардың жағдайын зерделеді.

– Жыл басында сәуір айының алғашқы күндерінде аяқ су жібереміз деп уәде еткен едік. Міне, сәуірдің алғашқы күндері Жібек жолы каналына су жібердік. Онымен қоса, «Сыр ананың» тұсындағы Арай мөлтек ауданына баратын каналды да қосып жатырмыз. Былтыр аяқ суды мамырдың соңында жіберген екенбіз. Ал биыл бұл жұмыстарды «Жасыл-Қызылорда» мекемесі дереу қолға алып, аяқ су жіберуге ертерек қамданды,-деді шаһар басшысы.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы аумағына 2024 жылдың көктем айларында 8000 түп ағаш көшеттерін егу жоспарланды. Оның ішінде ауа райына қолайлы, құрғақ, ыстық, шөлге төзімді сыр талы, терек, қарағаш және сәндік ағаш көшеттері отырғызылатын болады. Оның ішінде катальпа, айлант, үйеңкі секілді сәндік ағаш көшеттерін Өнер орталығы, Арзан базар аумақтарына сондай-ақ Мұратбаев көшесіндегі орталық стадион жанына, Сағынбаев және Қорқыт ата көшелеріне егу жоспарланып, қазіргі таңда жоғарыда аталған жоспар бойынша 60 пайыз жұмыс жасалды. Яғни 4800 тал отырғызылды. Тал егу жұмыстары сәуір айының аяғына дейін толық аяқталады.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған