Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Жаңақорған ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті.

Жиында аймақ басшысы Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлына қажырлы еңбегі үшін облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстап, ауданның жаңа әкімі Самитов Мажит Самитұлын таныстырды.

– Бүгін кадрлық өзгерістерге байланысты жиналдық. Жаңа ғана аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, тиісті шешім қабылданды. Бұған дейін Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы ел мүддесі жолындағы қызметін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастыруда. Мұрат Жолкелдіұлы мұнда 2 жылдан астам қызмет жасады. Жаңақорғанда кейінгі жылдары құрылыс қарқын алып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істер жүзеге асырылды. Маңызды жобаларды жоғары деңгейде үйлестіріп, нәтижелі жұмыс атқарған Мұрат Жолкелдіұлының елеулі еңбегін атап өту қажет.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Жаңақорған аудандық мәслихатының келісімдері негізінде, облыс әкімінің өкімімен Жаңақорған ауданының әкімі лауазымына Самитов Мажит Самитұлы тағайындалды.

Мажит Самитұлы – білікті маман, тәжірибелі басшы. Ауданның әлеуметтік экономикалық ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен. Аудан әкімі ретінде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді орындап, игі бастамаларды одан әрі жалғастыру жолында аянбай жұмыс жасайды деп сенемін. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін!, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған