– Қала тазалығына қатысты мақтау да, даттау да кездеседі. Бұл сіздердегі жұмыс қарқынына қалай әсер етуде?
– Әрине, тұрғындар тарапынан мақтауларды жиі естиміз,сырттан келген қонақтар да қала тазалығына қатысты оң пікірлерін ауыз толтырып айтып жатады. Бірақ, өзіңіз айтып өткендей даттайтындар да табылады. Қаншама еңбекті жоққа шығарып, наразылық танытатындар да кездеседі. Алайда, сол сын-пікірлердің жалған болса да әрбір мекеме тарапынан назарға алынары сөзсіз.
– Әдетте қала көшелеріне тазалық жұмыстары уақытылы жүргізіледі. Мерекеден соң тазалық жұмыстарының барысы одан әрі күшейген болар?
– Мереке қарсаңында қала тазалығы жұмыстары штаттық режимде жүргізілді. Жаңа жылдан кейін де тұрмыстық қатты қалдықтар уақытылы алынып, өз жұмыстарымызды ешқандай у-шусыз атқарып келеміз. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауын астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды. Мерекеге дейін «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны тарапынан қыс мезгіліндегі қар тазалау, құм-тұз себу жұмыстарын жүргізуге 45 арнайы техника және 210 жұмысшы жұмылдырылды.
Мерекеден кейінгі болатын қоқыстарды жинауға екі ауысыммен кезекшілік құрылып, қаланы тазалау ұйымдастырылды.
– Демек, тұрғындар тарапынан мерекелік көңіл-күймен тазалыққа мән бермеу басым болғаны ғой?
– Солай деуге де болады. Түрлі қоқыстарды кез келген орынға тастайтын тұрғындар да аз емес. Алайда, уақытылы тазалық жұмыстары мереке күндері де жүргізілген соң, аса білінбеді деуге де негіз жоқ емес.
– Қаланың орталығына көбірек көңіл бөлінеді деп те айтып жатады. Шет аймақ және көпқабатты үйлердің тұрғындары тарапынан шағым да жоқ емес. Әйткенмен, мекеме тарапынан ол жақта да жұмыстар жүргізілуде деп есеп беріледі. Бұл қалай?
– Тек орталық көшелерге ғана емес шет аймақтағы көшелерге де бірдей қызмет көрсетіледі. Жалпы, қаланың барлық аумағы қамтылады. Тазалыққа сәйкес өзіндік ережелері, тәртіп пен талап та жоқ емес. Әрине, бұл тек біржақты жұмыс емес. Тұрғындар тарапынан да жауапкершілік болса, мұндай мәселе туындамайтыны да айқын.
– Әсіресе қаланың қай бұрышында, қай мекенінде тазалыққа салғырттық басым деп айта аласыз?
– Әдетте тазалыққа шет аймақтар салғырт деп ойлаймыз.Бірақ қаламыздағы орталық көшелердің де кей тұрғындары салғырт екенін айта кету керек. Мәселен, Қорқыт ата, Төле би көшелерінде қоқыс тастау фактілері жиі орын алады. Сондай-ақ, қаланың шет жақтағы Шанхай, КБИ және Титов елді мекендеріндегі көшелердің кей тұрғындары да қарапайым тазалықты сақтамайды.
– Қала тазалығына жауапты мамандардың жұмысы ауысыммен бе?
– Екі ауысыммен жұмыс жасайды. Таңғы 04:00 – 15:00 және кешкі 18:00 – 04:00 ге дейін.
– Қуантарлығы, тазалыққа тиесілі техника саны да артты. Жұмыстың оң бағытта реттелуіне машиналардың артуы да ықпал етіп жатқан болар? Жалпы, бүгінде мекеме техникамен қаншалықты қамтамасыз етілуде?
– Иә, жаңадан техникалар келді. Әлбетте, тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне техникалық жабдықтардың қажеттілігі орасан. Осыны ескеріп, облыс басшысының қолдауымен биыл да біраз техникаға қол жеткіздік. Бұл өз кезегінде облыс орталығының тазалығына тиесілі жұмыстардың күшейтілгенін айғақтайды. Осыған дейін қала тазалығын ұйымдастыруға 82 арнайы техника болған. Ал қазіргі таңда қала тазалығында 95-тен аса арнайы техника жұмыс жасауда, оның ішіне жеңіл автокөліктерді қоспағанда.
– Қала тұрғындарына не айтар едіңіз?..
– Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау – санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі.Әр сенбі күні тұрғындарға сенбілік өткізуді ұсынар едім. Қала тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, баладан сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. Әр тұрғын тазалықты өз ауласынан бастағаны жөн. Біздер көп нәрсе талап етпейміз. Қарапайым әр аула иесі өзі жауапты аймағының тазалығы мен белгіленген орынға ғана қоқысты тастаса деген ұсыныс бар.
– Белгіленбеген орынға қоқыс түрлерін тастайтын салғырттық әлі де басым. Бұған қатысты рейд жұмыстары әлі де жалғасуда ма?
– Арнайы мобильдік топпен күн сайын рейд жұмыстары жүргізіліп келеді. Жергілікті учаскелік полициямен де бірлесіп заңсыз қоқыс лақтырғандармен жұмыс жасалып келеді. Жасыратыны жоқ, бұл жұмыстар легі осы күнге дейін де атқарылған. Нәтиже әрқалай.
– Тазалық саласында жұмыс істейтін әр жанның жауапкершілігі аз емес. Еңбектері қаншалықты еленеді? Жалақы мөлшері жұмыс ауырлығына сәйкес белгіленеді ме? Мезгіл мен мекенге қарамай жұмыс істейтін мамандарға қаншалықты ынталандыру сыйлықтары табысталады?
– Дұрыс айтасыз. Екі ауысым негізінде жұмыс жасайтын қызметкерлер еңбегі аз емес. Тіпті, олар жоғарыда атап өткендей мереке күндерінде де демалыссыз жұмыс істейді. Осы орайда олардың ерен еңбектеріне алғыс мақсатында марапаттаулар,арнайы сыйақылар және де демалыс орындарына жолдамалар береміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан