Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген еді. Ұлттың рухани азығы болып табылатын асыл мұраларымыз жинақталған кітапхананың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше. Иә, қанша жыл, тіпті қанша ғасыр өтсе де, асыл кітаптарымыз біздің құнды дүниеміз болып қала бермек. Келешек ұрпақ та тек кітап нәрімен сусындап, білім алатыны анық. Еліміздің әр қала, аудан және ауылдық округтерінде асыл мұрамызға толы кітапхана саны да жетерлік. Сондай-ақ сол кітапхана ішіне көрік беріп, қалың оқырманын қуана қарсы алатын кітапханашыларсыз кітапхананы елестету мүмкін емес. Бүгінгі өскелең жастарды білімге шақыру жолында олардың еңбегі ерен.
Мемлекет құрылтайдың басшысы үшінші Ұлттық отырысында сөйлеген өз сөзінде: « Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз»,-деген болатын. Күні кеше Үкімет қаулысымен Қазақстанда – 23-сәуір-Ұлттық кітап күні болып бекітілді.
Жыл сайын Қызылорда қаласында қала күніне орай «Kitap Fest, Kitap Time» атты кітап көрмелерінің фестивальдары өтіп тұрады.
Ақпараттық технологияның қарқынды дамып отырған қазіргі заманында кез келген адамның әр түрлі салада, қалаған тақырыпта әр бағытта ақпаратпен хабардар болуына ешқандай кедергі жоқ екендігі еш шүбәсіз. Интернет керек пе, электрондық пошта керек пе өз қалауыңмен пайдалана бер! Қазір тіпті, кітапты да интернет арқылы оқуға жағдай жасалған. Сонда жастанып жатып оқитын кітаптың заманы біткені ме, «жанды кітап оқитындардың соңғы буыны біз бе?» деп те ойланып қаласың. Жалпы қазіргі адамның кітап оқуға құлшынысы қалай немесе оған уақыты бар ма? Осы тақырып төңірегінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының орынбасары Жангабылова Айгүл мен сұхбат құрдық.
– Көп адамдар кітап оқудың жақсы екенін білсе де, оны оқуға дағды жоқ. Сылтау да көп оған. Сіздің ойыңызша кітапты тұрақты оқуға дағдыны қалай қалыптастырған дұрыс?
– Бұл ретте ата-ананың рөлі өте жоғары. Ата-ана ең бірінші өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Баланы кітап оқуға қызықтыру үшін құр ақыл айту жеткіліксіз.. Оған кітап оқы деп, өзіңіз смартфоннан видео көріп отырсаңыз, бала сізге сенбейді. Ата-ана – баланың өміріндегі ең басты ұстазы. Балалар ата-анасын тыңдағаннан гөрі, оларға еліктегенді ұнатады Балаңызға күніне бір мезгіл көңіл бөліп, оқысаңыз – жеткілікті! Сондықтан ата-ана өзі де кітап оқып, үлгі болуға тиіс.
– Баланы қанша жастан кітап оқуға баулыған жөн? Әсіресе, қазақшаға тілі шорқақ балаларды қалай кітапқа қызықтыра аламыз?
– Баланың 1 жасынан бастап ата ананың дауыстап оқығанын тыңдап, дамуға арналған кітап-ойыншықтың беттерін бірге ауыстырып, әрбір беттегі суреттерге жеке тоқталып, мұқият тыңдап, сөздерді есте сақтап, кітаптағы суреттерді талқылап, кітап жайлы пікірлерімен бөлісуі керек. Бұның бала тілі де таза болып қалыптасуына әсері зор.
– Оқитын кітапты қалай таңдаған жөн?
– Балаға кітап таңдау айтарлықтай жауапты іс. Ата-ана өз баласына кітап таңдаған кезінде өте мұқият болуы шарт. Ең бастысы кітап баланың жасына сай болғаны абзал. Ал егер кітапты кітапханадан алатын болсаңыз, кітапханашы, кәсіби маман болғандықтан баланың жасы мен дамуына сай кітапты таңдауға көмектеседі. Кітапханашылар тек пайдалы кеңестер беріп қана қоймай, кітаптар туралы әңгімелескенді, кітаптың құндылығы мен маңыздылығы жайлы ақпарат бергенді жақсы көреді, сондықтан кітапханашыдан сұрағанның оң жақтары өте көп.
– Қазір кітап оқығаннан телефонға телмірген адам көп. Осы ретте, кітапқа деген ынтаны қалай арттыра аламыз? Қандай өзгеріс жасау керек?
– Меніңше кітап оқуды мәжбүрлі түрде бастау керек. Мектеп, ЖОО, мекеме қызметкерлері, т.б. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өңірде кітапхана ісін дамыту мақсатында жаңа бастама қолға алды. Жұмысы қат, уақыты тапшы оқырманға кітапхана қызметтері қолжетімді болуы үшін жұмыс уақыты ұзартылды. Жұмыстан кейін кітапханаға келіп, кітап, газет-журнал оқуға мүмкіндік бар. Түнгі кітапхана оқимын, ізденемін деген кез келген адамға қолайлы ортаға айналуда. Мұндағы жайлылық, тыныштық білімге деген ынтаңызды аша түседі.
– Қазір күрделі салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдермен емес, қарапайым жеңіл жазылған кітапты таңдайтындар көп. Бұл тұспалдап, астарлап терең сөйлейтін қазақ халқын рухани жағынан әлсіретіп жібермей ме?
– Әрине, әлсіретеді. Әрбір ата-ана өз перзентіне ең жақсыны қалайды. Бала өмірде жетістікке қол жеткізу үшін сауатты, білімді, ақпаратқа толы мына әлемде өзіне-өзі сенімді, өзін еркін сезінетін, еркін сөйлейтін тұлға болып қалыптасқанын қалайды. Алайда, оқымаса, жаттамаса қайдан қалай жетістікке жетеміз? Сол үшін әр қайсымыз өзімізден бастауымыз қажет. Балаларымызға өлең, жыр, дастан жаттатып, дағдыландырған абзал.
– Миға трансформация жасағысы келетіндердің көбі психологиялық кітаптарды іздейді. Осы ретте қазақшаға тәржімалаған қандай кітаптарға сұраныс басым дер едіңіз?
– Иә, расында психологиялық, мотивациялық кітаптарды сұраушылар көп. Ол кітаптардың басым көпшілігі шет ел авторларынан аударылған кітаптар. Мысалы: Кийосакий Р. «Бай әке, кедей әке», Хей Л. «21 күнде бақытты болудың құпиясы», Синсеро Джен «Сен мықтысың», Роббинс Э. «Бойыңдағы алыпты оят», Карнеги Д. «Алаңсыз өмір сүру құпиялары», Давлатов С. «Мен және ақша» тағы басқа да кітаптарға қызығушылық артып отыр.
– Бүгінде кітапханада қанша кітап қоры бар? және олардың арасында қазақ жазушыларының үлесі қанша?
– Бүгінде кітапханамызда 430167 кітап бар. Оның 132474-і қазақ тілінде.
-Кітапхана қоры және оны толықтыру жайында айтсаңыз. Оқырмандарыңыздың сұранысындағы кітаптарды қайдан аласыздар?
– Кітапханалар қоры негізінен мемлекеттік тапсырыспен келеді, жергілікті бюджет арқылы оқырмандарымыздың сұранысындағы әдебиеттерді сатып та аламыз. Сондай-ақ, кітап авторлары, ақын-жазушыларымыз, көптеген оқырмандар сыйға, тегін әкеп тапсырады. Кітапханамызда «Кітапханаға кітап сыйла» акциялары жиі болып тұрады.
Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», — деген екен. Көпке топырақ шашпаймыз бірақ қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшынысы күннен күнге азайып, Мұхтар Шаханов айтпақшы «Компьютербасты жарты адамдар» көбеюде.
«Кітапсыз үй – жансыз дене сияқты» деген екен бір данышпан. Ал кітапты ғұмыр бойы қолына ұстамаған адамды неге теңеріңді білмей дағдарасың. Кітап – қашанда рухани азық. Ондай қымбат қазынаны өткінші дүниелермен алмастыруға әсте болмайды. Сондықтан алдамшы нәрселерге еріп, кітаптың қадірін түсірмейік!
Сұхбаттасқан: Мұхаммедшах МАРАТҰЛЫ