Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Дүйсеновке биыл 95 жыл. Әдебиет бағытындағы өлшеусіз еңбегі еленіп, атауы берілген №15 мектеп-лицейде осыған орай тиісті шаралар ұйымдастырылуда. Қандай бағытта, нендей шаралардың ұйымдастырылып жатқанын және аталған білім беру мекемесінің бүгінгі жетістіктерін білу мақсатында мектеп директоры Тілеуова Кабира Әнуарқызымен тілдестік.
– Мереке құтты болсын! Оқу жылы қалай жүзеге асуда?
– Оқу жылының басында мектептің оқу тәрбие жоспары негізінде жасалған жоспарға сәйкес жұмыстар жасалуда. Білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие бағдарламасын негізге алу арқылы нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, домбыра тарту бойынша факультативтік курстар ұйымдастырылып, шахмат секцияларының желісі кеңейтіліп сабақтар өткізілуде. Мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған сыныптан тыс іс-шараларды жоспарға сәйкес уақытында өткізу жолға қойылған. Сондай-ақ ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимыл нығайтылып, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы жұмыс жасауда. Одан бөлек педагогтерге арналған «Цифрлық кітапхана» жобасы жүзеге асырылуда.
– Бірнеше жылдық тарихы бар білім ошағының бүгінгі жетістіктері қандай? Қанша бала білім алуда?
– Бүгінгі таңда мектебімізде 700-ге жуық оқушы білім алуда. 75 пайыз білім сапасын көрсетіп тұрмыз. Ұстаздарымыздың ерен еңбектерінің сеп болуымен біраз оқушыларымыз қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалардан жүлделі оралуда. Сондай-ақ, ұстаздардың біліктіктері де сарапқа салынып, үздіктердің қатарынан көрінуде.
– Өзіңіз басқарғалы бұл білім ұйымына қандай өзгешеліктер енгіздім деп айта аласыз?
– Оқу-тәрбие жұмысындағы тынымсыз еңбегіміздің нәтижесі болар, оқу жылының қорытындысымен республикалық «Үздік 100 мектептің» қатарына ендік. Математика пәнінің мұғалімі Балтабай Жамешовтың білім саласындағы еңбегі еленіп ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оқу жылында облыстық «Үздік мектеп» номинациясымен марапатталып, үздіктердің қатарынан көріну үшін білім саласын ілгерілету бағытындағы жоспарлы жұмыстар жасалуда.
– Биыл мектептің атауы берілген Мырзабек Дүйсеновтің 95 жылдығы екен. Осыған орай қандай іс шаралар жүзеге асуда?
– Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Дүйсеновтің 95 жылдық мерейтойына арналған жоспарға сәйкес мектепішілік шара үш тілде өткізілді. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жазушының «Ана махаббаты» шығармасының желісі бойынша аймақтық байқау болды. Байқауға қаламыздағы мектеп оқушылары қамтылды. 10-шы сынып оқушылары аралығында «М.Дүйсеновтің дара тұлғасы» өмірі мен шығармаларынан дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 8-ші сынып оқушылары арасында М.Дүйсеновтің «Меймандар» әңгімесі» шығармасының желісімен сахналық қойылым қойылды. Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетімен біріккен республикалық ғылыми тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияда №15 мектеп-лицейінен қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері Шолпан Нұрмаханова «М.Дүйсеновтің күнделік жазудағы өзіндік стилі» және Әсел Торы «Балаларға арналған шығармаларындағы ерекшеліктер» тақырыбында баяндамалар оқыды. Сондай-ақ, мектеп-лицейімізде Мырзабек Дүйсеновтің шығармашылығын кеңінен насихаттап, оқушы бойына адами құндылықтарды сіңдіре отырып, шығармашылық әлеуетін қалыптастыру мақсатында «Әдебиет әлеміндегі дала қыраны» тақырыбында аймақтық байқау өткізілген болатын. Мырзабек Дүйсеновтің 95 жылдық мерейтойына арналған шараға журналист, «Кәсіпкер келбеті» газеті, «Кәсіпкер және мәдениет» журналының құрылтайшысы, бас редакторы Жүзбай Таңырықбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау көпсалалы колледжінің ақын-ұстазы, М.Дүйсеновтің шығармашылығын дәріптеуші Гүлжазира Әліпбекова, Қызылорда облысының Құрметті Азаматы, зейнеткер Бақытбек Балтабаев және қаламгердің інісі Елеусін Дүйсенов қонақта болып, қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. Қаладағы 6 білім ошағынан оқушылар сайысқа түсіп, байқау шарттары бойынша берілген тапсырмаларды орындаған болатын. Нәтижесінде, І орын Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-лицейінің оқушылары Наргиз Мұратбек, Айым Мұсабекке бұйырса, ІІ орынды И.В Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейі Ағжан Бахытбекова, Жанерке Нұртай еншіледі. Сондай-ақ, бұл орынға М.Сужиков атындағы № 6 орта мектебінен Арнұр Жолдыбай мен Жанерке Айтмұқан лайық деп танылды. ІІІ орын С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейінің оқушылары Мейіржан Нұржанұлы мен Милана Жунитова, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінен Ботакөз Мұхамбетжанова және Ару Темірхан, Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінен Диана Мұрат пен Амира Манасқызына бұйырды.
– Шараларды өткізудегі басты мақсат белгілі. Жалпы, әр түрлі бағытты қамтитын осы бағыттағы шаралар қаншалықты жиі өткізіледі? Бұл мектепте қандай шараларға басымдық беріледі? Оқушылардың қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігі қай деңгейде?
– Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы негізгі басымдықтар-білім алушылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, баланың жеке басына құрмет пен сенім, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету. Өткізілген тәрбиелік жұмыстың мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, алғыс айту, ілтипат, талап сияқты құндылықтар көрініс табуда. Білім алушылардың бойына жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда көптеген шаралар өткізілуде. Атап айтсам, «Ар-ұят және жауапкершілік», «Біздің қоғамдағы әділеттілік», «Этикалық құндылықтарды дамыту», «Зиянды әдеттер және олардың денсаулыққа әсері», «Құқықтық мәдениет және оның маңызы», «Мектептің өзін-өзі басқаруы» жобалары бойынша мектептегі шараларға басымдылық берілген.
– Оқушылардың әдебиет бағытындағы біліктіліктері қалай?
– Әдеби салаға білім алушыларды тәрбиелеу мен дамытудағы рөлі аса ауқымды. Міндетті оқытылатын әдеби білім мазмұнымен ғана шектелмей, сонымен бірге қосымша әдеби шығармаларды өздігінен оқуға дағдыландыру білім алушылардың нәтижелі білім алуының барлық мүмкіндіктерін көрсетпек. Сондықтан мұғалім білім алушының ізденісіне жол ашуға түрткі болатындай әдіс-тәсілдерді таңдап алады.
Жүйелі жүргізілген сапалы оқыту барысында білім алушылар шығармашылық бағытта ізденіске түсіп, берілген тақырыптарға ой толғау, эссе, сыни мақала жазуға дағдылануда. Мұғалімдердің білім алушыларды материалдарды жинау, реттеу әдістерін, сұрақтар құрастыру, дереккөздермен жұмыс жасауда проблеманы қоя білу біліктілігін, сәйкестендіру әдістері мен дереккөздерді сыни бағалауына назар аудару арқылы «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп және театр», «Дебат» қозғалысы» жобалары жүргізіліп, жоғары нәтижесін көрсетуде. Облыстық телеарнамен біріккен «Қош келдіңіз!» бағдарламасы ұйымдастырылып, Қызылорда қаласының өркендеуіне еңбек еткен құрметті азаматтардың еңбегін жастарға үлгі ету мақсатында айына бір рет білім алушылармен сұқбат-кездесу өткізіледі.
– Қай оқушының қандай жетістіктерімен мақтана аласыз?
– Қашқынбай Құлмұхаммед, Ақылбек Нұрдаулет, Әуелхан Береке, Ибрагим Томирис, Шорабек Нұраддин, Мұратбек Торғын, Інжу Сәбитқызы, Асан Дамир, Адина Көшербай – пәндік олимпиаданың және ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысатын оқушылар. Мәселен, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының физика пәнінен облыстық, республикалық кезеңінде физика бағыты бойынша Еңлік Бектай ІІ орын еншілесе, республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде тіл білімі бағыты бойынша жүлделі ІІІ орынды 9 сынып оқушысы Саяна Саятқызы иеленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қалалық, облыстық кезеңде ІІ орыны Айша Қуаныш ие болса, «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауының қалалық кезеңінен ІІ орын, «Жас ғалым-2022» облыстық ғылыми жобалар және инновациялық идеялар байқауынан І орынға Айтбай Бекмұхаммед лайық деп танылған болатын. Химия пәні бойынша облыстық олимпиададан ІІ орынды Медет Мырзан алса, 5-6 сынып оқушыларына арналған Қазақстан тарихы пәні бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде ІІ орынды Адина Көшербай еншіледі. 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының «Зерде» республикалық конкурсының қалалық кезеңінің этномәдениет бағыты бойынша ІІІ орынды Әуелхан Береке еншілесе, «Ақберен» республикалық олимпиадасында эссе жазу номинациясы бойынша қалалық кезеңінен ІІ орын, жалпы орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында облыстық Ұлттық пікірсайыс турнирінің аймақтық кезеңде ІІ орын Шахназ Оңғарға бұйырды. «Алтын сақа» математикалық олимипиадасынан ІІ орынды Аянат Есмағамбет, «Жарқын болашақ» атты республикалық олимпиаданың «Сөз шеберлері» номинациясы бойынша ІІІ орын Медина Дәуренбековаға бұйырды. «Қызылорда менің көзіммен» атты қалалық сурет байқауынан І орын, қалалық «3 d QYZYLJRDA -2023» сайысынан арнайы Алғысқа Дамир Егізбаев ие болса, қалалық «Тоғызқұмалақ» олимпиадасының ІІ орынды Мадина Жақсылық еншілеп, білім ошағының мерейін асырған болатын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан