Қызылорда өңірінде 21 – 23 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионаты өтті. Сайыс «Динамо» ДШСҚ ОС ІХ ведомство аралық спартакиадасы және ҚР ІІМ X Спартакиадасы шеңберінде өткізілді. Чемпионатта ең мықты мергендер анықталды.
Облыстық Полиция департаментінің полигонында ҚР арнайы, құқық қорғау органдары және күштік құрылымдарынан, жалпы 156 қызметкерден тұратын 34 команда сайысты.
Турнирге қатысушылар Калашников автоматынан 100 метр қашықтықтан, сондай-ақ Макаров тапаншасынан 25 метр қашықтықта ату қабілетінкөрсетті.
Полицейлерден құралған командалар бір-бірінен шеберліктері арқылы асып-түсіп, жеңіске жету үшін барын салды.
Жарыс командалық есепте және жеке біріншілікте сарапқа салынды.
Екі күнге жалғасқан сайыста қатысушылар жауынгерлік даярлықтағы біліктіліктерін анық байқатты. Олар қаруды меңгерудің жоғары деңгейін көрсетті.
Мергендіктерi сынға түскен сайыстың екі күндік қорытындысында қатысушылар арасында үздік командалар анықталды. Олар: Қарағанды, Алматы және Қызылорда облысы Полиция департаменттерінің командалары. Ал күштік құрылымдар арасында ҚР ІІМ-нің командасы үздік атанса, екінші жүлделі орынды «Динамо», үшінші ҰҚК ШҚ командалары иеленді.
Чемпионаттың жабылу салтанатында сөз алған Қызылорда облысының Бас полицейі полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы жеңімпаздарды марапаттарымен құттықтап, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Сыр өңірінде ұйымдастырылған дода тартысты өтті. Тартысты ойын өрнегін көрсеткен жеңімпаздар арнайы дайындалған медальдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.