Жол саласындағы реформалардың түпкі мақсаты – бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету ғана емес, тұрғындар үшін қауіпсіз, сапалы әрі ұзақ жыл пайдалануға жарамды инфрақұрылым қалыптастыру. Осы негізде елімізде автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және жол инфрақұрылымын басқару жүйесін жетілдіру бағытында жаңа өзгерістер қолға алынуда. Аталған мәселелерді алға тартып, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен кеңес өтті.

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттерін жүзеге асыру аясында жол құрылысына қойы­латын талаптарды күшейту, сапалы әрі ұзақ мерзім қызмет ететін жол желісін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда жолдардың мерзімінен бұрын бүлінуіне әсер ететін себептерді анықтау және оның алдын алу өзекті болуда. Осыған орай мамандар жол сапасына кері ықпал ететін негізгі себептерді саралап, жұмыс жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді.

2026 жылы 11 мың шақырымнан астам жол салынып, жөнделеді

3,4 мың шақырым – рес­пуб­ликалық маңызы бар жол­дар­дың құрылысы мен реконструк­циясы;

5 мың шақырым – респуб­ликалық жолдарды күрделі және орташа жөндеу;

2,4 мың шақырым – жергі­лікті жолдарды жөндеу.

Жаңа стратегиялық жол жобалары:

«Орталық – Батыс»;

«Бейнеу – Сексеуіл»;

«Қызылорда – Сексеуіл»;

«Ұлғайсын – Сексеуіл»;

«Ақтөбе – Қызылорда» бағытын жаңғырту.

Жол саласын цифрландыру

E-Joldar бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланған. Ол жолдардың жағдайы, жөндеу жұмыс­тары және құжаттары туралы ақпа­раттың ашықтығын қамта­ма­сыз етіп, қоғамдық бақылауға мүм­кіндік береді.

Сонымен бірге жол саласындағы бақылау мен жауапкершілік тетіктерін қайта қарау мәселесі де көтерілді. Құрылыс материалдарының сапасы, оларды дайындау және пайдалану технологиясы, атқарылған жұмыстың белгіленген стандарттарға сәйкестігі қатаң қадағаланады. Бұл ретте мердігер мекемелерге артылар жауапкершілік жүгі арта түсетіні белгілі. Себебі, салынар жолдың сапасына енді қатаң түрде мән бермек.

Айта кетейік, өңірлердегі жол шаруашылығын тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. Арнайы жұмыс тобы жергілікті жолдарды басқару ісіндегі мәселелерді зерделеп, орталық пен аймақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ұсыныстарды да әзірледі.

Осы орайда, отырысқа Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Аталған жиыннан соң аймақ басшысы жауаптыларға өңірдегі жол құрылысы мен көлік бақылауының жұмысын күшейтуді қолға алу қажеттігін жеткізді.

Қызылорда облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 525 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1025 шақырым, облыстық жолдар – 555 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 945 шақырым.

Биыл осы инфрақұрылымды дамытуға 43,8 млрд. теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат есебінен 168 шақырым автомобиль жолы мен көше, сондай-ақ көпірлерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы жол саласындағы жұмыстардың Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттермен сабақтас­тығына тоқталып, қолға алынған жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша автомобиль жолдарының жағдайы мен сервистік инфрақұрылымның дамуы елдің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Нәлқожаұлы:

–  «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында: «Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздегі жолдардың әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру. Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдарды сапалы салу бойынша аса маңызды міндет тұр. Сапалы жолдар мен заманауи сервистік инфрақұрылымсыз еліміздің көлік-логистикалық орталыққа, ірі транзиттік аймаққа айналуы мүмкін емес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы етіп орындауды қатаң тапсырды. Біздің міндетіміз – Жолдаудағы бастамалардың мерзімінде, нәтижелі іске асуын қамтамасыз ету. Бұл бағытта өңірімізде басталған автожол құрылыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет»,– деді.

Жиында көліктік бақылау инспек­ция­сына мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, облыстағы автокөлік бекеттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар Полиция департаментімен бірлесіп, бекеттердегі бақылау шара­ларын күшейтіп, жол сапасының бұзылуына себеп болатын шамадан тыс жүк тиелген көліктердің қозғалы­сын қадағалау үшін тұрақты рейдтер өткізу міндеттелді. Тексеру нәтижелері, анықталған заң бұзушылықтар, салынған айыппұлдар мен қабылданған шаралар бойынша нақты есеп те беріледі. Қала және аудан әкімдеріне Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді үш күн мерзімде реттеу де тапсырылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған