Соңғы жылдары жастар мен жасөмпірімдерге мемлекет тарапынан зор мүмкіндіктер жасалуда. Болашақтың тізігіні жастардың қолында болған соң болар, Сыр елінде де ауқымды істер бастау алды. Оның ішінде, екі жастың бас қосып, шаңырақ құрар шағында атаулы күнді Неке сарайында қарсы алсын деп қаламыздан зәулім «Неке сарайы» бой көтеруде. Қаланың орталығындағы Оқушылар сарайының әлеуетін арттырып, көп баланы қамту үшін сол жағалаудан инвестор есебінен «Оқушылар сарайы» салынбақ. Қалалық МАИ басқармасы жанынан «Аналарға тазғым» кешені бой көтеріп, жасөспірім қыздарды халқымыздың әдебіне, тұрмыс-салтына баулитын үйірмелер өз жұмысын бастамақ.
Бұл Үкімет басшысының тапсырмасы біздің өңірде де жоғары қарқынмен іске асып жатқанының көрінісі.
Жыл соңында өткен кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысып, айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында да жастарды қолдау мәселесі қалыс қалмады. Соның ішінде екі қолға бір күрек таппаса да, ойы ұшқыр, ізденімпаз жастардың кәсіп ашуына төменгі пайызбен несие беру жоспары да жазылған болатын. Демек, келер жылы кәсіп ашқысы келетін жастарға 2,5 пайызбен несие берілмек.
Өңіріміздегі жастардың қарқынына дем беру үшін, олардың әр бастамасына қолдау білдіру үшін облыс әкімі Н.Нәлібаев та жауапты сала басшыларына ұдайы тапсырмалар беріп отырады. Өңірімізде алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар жайлы аймақ басшысы Н.Нәлібаев облыстық жастар ресурстық орталығында өткен «Жасампаз шақ- жастық шақ» жастар форумында тарқатқан болатын.
– Президент Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында жеті жылда 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатынын жеткізген болатын. Оның ішінде жастарға арналған бағдарламалар болатынын атап өтті. Осы орайда аймақ басшысы: «Сыр елі жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын қабылдау бойынша 1 ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізу керек,-деді.
– Бұған дейін әлемді аузына қаратып, шахматтың майталманы атанған Жансая Әбдімәліктің ізін қуған жерлесіміз Әсел Серікбай секілді ойы ұшқыр жерлестірімізді қолдау – бәрімізге міндет. Осы орайда аймақ басшысы : Талантты жас спортшыларды қолдау мақсатында облыс орталығынан «Шахмат» академиясын ашу керектігін тілге тиек етті.
– Бұған дейін қала деңгейінде жүзеге асқан белгілі математик, Сыр елінің мақтанышы Асқар Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» байқауын келесі жылдан бастап облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізуді қолға алу керектігін де аймақ басшысы жеткізді.
– Ел аузында бұған дейін Ақтөбенің студенттері ғана қоғамдық көлікте зор жеңілдікпен жүреді деген сөз болған. Біздің Қызылордаға жаңа автобустар келді. Ендігіде көп студентке жеңілдік бұйыратын түрі бар. Форумда аймақ басшысы: Облыстық бюджет есебінен қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін студенттер санын арттыру мәселесін қарастырып, нақты ұсыныс беру керектігін жеткізді.
– Ғаламдағы ең жас қала Астананың кескін-келбетіне біраз ел таңқалады. Елорданың сызбасын әлемге аты мәлім британдық Норман Фостер қалаған еді. Ондай азаматтар елімізде де баршылық. Біздің бас сәулетшіміз, Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтей азаматтың ізін қуған жас сәулетшілерді қолдап, оларға даңғыл жол ашуымыз керек. Осы орайда Нұрлыбек Нәлібаев: Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтің еңбегін насихаттау мақсатында облыс орталығынан «Жас сәулетшілер мектебін» қалыптастыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.
– Сыр бойындағы Қазақстандағы ең ұзын жағалаудың қос қанаты қалыптасты. Сол жағалаудың бойынан салынған даңғыл жолдың символы жастарға арналмақ. Сондықтан аймақ басшысы: Жастар орталығы жанындағы өзен жағалауын «Жастар жағалауы» ретінде қарастырып, оны абаттандыруды тапсырды.
– Әлеуметтік тұрғыда осал болса да, білімді азаматтарға жыл сайын облыс әкімінің гранты беріледі. Бірақ, қоғамға керекті мамандықтар барған сайын шет қалуда. Сондықтан, облыс әкімі: Жыл сайын бөлінетін облыс әкімінің білім грантын қажетті жаңа мамандықтарға бағыттау керектігін атап өтті.
– Бұған дейін кәсіп ашамын дейтін жастар несие алып, грант ұтып алғанмен, алған ақшасы не кәсіп ашуға, не жер алуға жетпей дал болатын. Бұл орайда кәсіп бастайтындарға кішігірім жер телімінің керегі анық еді. Осы бағытта облыс әкімі: Аймақта кәсіп ашуға ынталы, еңбек етемін деген жастарды қолдау мақсатында уақытша негізде оларға жер беру мәселесін жан-жақты қарастыру керектігін айтты.
– Биыл қолға алынған «Мүмкіндіктер керуені» акциясының ауқымын кеңейтіп, мемлекеттің тарапынан берілетін мүмкіндіктерді әрбір жас сезінетіндей цифрлық жүйеде жетілдіру керектігін де Н.Нәлібаев тілге тиек етті.
– Қоғам болған соң жастар арасы да сатылап бөлінеді. Оның ішінде белсендісі де, маргинал жастар да жетерлік. Бұл тұрғыда «NEET» санатындағы жастармен жан-жақты жұмыс жасау керектігін аймақ басшысы атап өтті. Қазірде біздің көріп жүрген жастарға бағытталған жұмыстардың бірсыпырасы шаралар мен кештермен ғана шектелуде. Бәлкім, аймақ пен қала бойынша «NEET» санатына жататын жастардың нақты тізімін анықтап, мамандар көмегімен үлкен жұмыстар атқару керек болар.
Сонымен, жастарды қолдау бағытындағы жобалар легі біздің аймақта жүзеге аспақ. Қазіргі таңда олардың тұрмыстық әлеуетін жақсарту, жобаларын қолдау жүзеге асырылуда. Демек, аймақ басшысының тапсырмасы келер жылға дейін жүзеге асып, сала басшыларынан тиісті ұсыныстар берілген жағдайда қызу жұмыс қарқын алмақ.
Айта кету керек, Аймақ тұрғындарының 21 пайызын құрайтын жастар өкілдерін қолдау мақсатында биылғы жылы бюджеттен 500 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде аймағымызда маңызды әрі жастардың сұранысына сай бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.