«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» акционерлік қоғамы (талап қоюшы) мен жауапкер Д. арасында 2016 жылы сатып алу құқығымен жалға алу шарты жасалған. Осы шарттың 4-тармағы, 4.3.10-тармақшасында тұрғын үйді қосалқы жалгерлікке тапсыруға тыйым салынғаны, егер осындай жағдай орын алғанда шарт бойынша ай сайынғы төлемнің екі еселенген көлемінде айыппұл қарастырылған. Талап қоюшымен 2021 жылы 25 қазанда жүргізілген тексеріс нәтижесінде тұрғын үйді өзге адамның жалға алып тұрып жатқандығы жөнінде акт толтырған. Осы негізбен акционерлік қоғам сотқа жауапкерден ай сайынғы төлемнің екі еселенген мөлшері, яғни 85 443 теңге өндіруді сұрап талаппен жүгінген.
Сот талқылауында талап қоюшы тек қана толтырылған актті ұсынып, талабын қолдаса, жауапкер онымен келіспейтінін, алыс туысы Қызылорда қаласына уақытша келгенін, өздері үйде болмаған уақытында талап қоюшы өкілдері пәтерге келіп, туысына актіге қол қойдырып алғанын, пәтерді ешкімге жалға бергенін айтқан. Бірінші саты соты талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
Шешімге келтірілген шағым бойынша істі қараған азаматтық істер жөніндегі сот алқасы талап қоюшымен толтырылған акт талапты қанағаттандыруға жеткіліксіз екенін, актты толтыруға негіз болған жағдайлар дәлелденбеген деп тауып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдырды.
Себебі АПК-нің 72-бабында әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс екендігі көрсетілген.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі