Ала жаздай қаланы абаттандыру, жаңғырту үшін өзгерістер жасау билікке оңай соқпай тұр.

Билік қолға алған үлкен өзгерістердің бірі – соңғы айларда көлемі кеңейіп, жолағы көбейіп, ескі, тас бручатка, бордюрлері жаңарып, жөнделіп жатқан ескі де, тар (қазіргі өлшеммен) көшелер…

Қала ішіндегі көлік санының көбеюіне орай жол қауіпсіздігін, ең бастысы жолаушы өмірі, жаяу жүргінші өмірі қауіпсіздігін жақсарту, жол қозғалысы жылдамдығын реттеу, сондай-ақ бизнеске қолайлы орта жасау мақсатымен алдағы уақытта Қызылорданы қалалықтар үшін қолайлы, жайлы қала етеміз деген биліктің жоспары нақ осы шақта қалалықтар үшін қолайсыздықтар тудырып, жайсыз болып тұр.

Бүкір көпір (Горбатый мост) жабылғаннан соң тесік көпірде күн ұзақ кептеліс. Шынын айту керек көктем басталғалы бері қала билігі қаланың да, қалалықтардың да қалыптасып қалған жол маршурттарының, жалпы тірлігінің “быт-шытын” шығарды. Қазылып, көміліп жатқан жер көп. Аударылған асфальт та аз емес. Көлік маршурттарындағы уақытша өзгерістерге орай олар бұрыңғы аялдамаларына тоқтамайды. Адам көп жүретін жер деп үміттенген шаштараз, кішігірім дүкен, тағы да басқа қызмет көрсету орындары иелерінің де табысы шектеліп қалды. Өздерін қаладан бөліп тұрған жер үстіндегі жылу құбырлары жер астына түсетіндіктен қаламен екі ортадағы көшеге емін-еркін кіріп шыға алатын болғандықтарына қуанған саяхаттағылар уақытша айналма, қума жолдан көлік бармай уақытында не қонақ шақыра алмай, әйтпесе шақырылған қонаққа өздері де бара алмай, басқа да тірліктерін уақытылы тыңдыра алмай сасқалақтап жүр. Қолайсыздықтан қапа болып жүрген басқа да жұрт аз емес. Олардың өкпе-реніштері орынды-ақ.

Билік уәде еткендей бұл қолайсыздықтардың бітетін күні де таяп келеді. Енді бір азғана уақытта “кеше ғана жөнделді емес пе” деп жөнделуіне қарсы болған, алайда жөнделгенінде де осы кезге дейін жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жөндем көшелер жаңарып, халық игілігіне қайта қызмет ете бастайды.

Қала үшін көше өте маңызды. Ол – құр жол ғана емес. Ол – өмір ағыны. Ол – тұрғындардың қаламен байланыс құралы. Сондай-ақ – уақыт өлшемі. Шынын айту керек қай-қайсымыздың да көп өміріміз сол көшеде өтеді. Күнделікті әр алуан шаруамен бір нүктеден екінші нүктеге барамыз, жұмысқа қатынаймыз, сауда жасаймыз, демалыс орындарында демаламыз. Кейде көлікпен, кейде жаяу. Қайда, қалай барғанда да көшеден көшеге өтеміз. Көше нашар болса көңіл құлазиды. Жұмыс өңбейді. Шаруа да бітпейді. Жаяу болсаң аяқ киім тақасы тозады, көлікпен жүрсең доңғалақ көпке жарамайды. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан көше – қалалықтардың мәдениетінің, әл-аухатының айнасы.

Бір замандарда қалада ат арбаға жегілген пәуескенмен жүргенде екі адам әзер жүретін тар көше тарлық етпеді. Ал қазір бір үйде кемінде екі көліктен болғаннан болар төрт жолақты жолдың өзі кеңдікке келмей жатыр. Екі машина бір көшеге симай, жол қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, адам өмірін жалмап жатыр. Жалпы көше атаулы қалалықтарға қолайлы болу үшін кез-келген қалалыққа қаладағы әр алуан қызмет дер кезінде қолжетімді болуы керек. Мәселен, таңертең күніңді жүгіруден бастап, спортшы боласың, одан кейін жұмысқа барып табыс табасын. Жұмыстан кейін киноға, театрға барып рухани азық аласың. Әйтпесе саябақтарда қыдырып, дене сергітесің. Қол боста кітапхана, монша, әр алуан көңілді демалыс орындарына да бару керек. Ал оны қамтамасыз ету қала билігінің міндеті.

Қала болғаннан кейін, қалалар тарихына зер салып қарағанда, барлық қалалықтың ортақ бас қосатын, өздерін бірқауымдастық деп сезінетін орны, ол – орталық алаң. Қызылорда қаласында әзірге алаң біреу. Қала тарихы мен алаң тарихы ортақ. Біз көріп үйренген алаң парад өтетін тегіс алаң. Несі бар, кеңестер одағы кезінде компартия өз жетістігін халыққа жеткізу үшін алаңға жұртты жинайтын. Өз мәртебесінің халықтан жоғары екенін көрсету үшін де партиялық тұлғалар тұратын трибуна деген болатын. Айтпақшы сол кездің күн көсемі. В.И.Ленин ескерткіші жоқ алаң жоқ еді. Шынын айтқанда Ұлы Қазан революциясы мерекесі – 7 қараша, Еңбекшілер мейрамы-1 мамыр күні сол алаңнан жүріп өтудің өзі үлкен бір мәртебе болып, жүріп өткендер осы мәртебесін жуып жататын. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін алаң  Ленин ескерткішінен арылды. Бүгінде трибуна орны да тып-типыл. Алайда қоңырқай түсті бос алаң сол кезді әлде де аңсап тұрғандай…

Айта кеткен жөн болар, елдің бәрі Астананы ардақтап, ескерткіш Бәйтеректі пір тұтып жатқанда біз де өзімізше бұрыңғы болса да астанамыз ғой деп, қолдан келгенше шағын болса да “Бәйтерек” жасап, ауылдан келгендер соны көріп, Астананы көрмесе де көргендей болып жүрді. Балаларға деп қыстық сырғанақ орнын жасадық. Әрине бәрі заманына, уақытына қарай… Болды. Кетті.

Қалалар архитектурасында орталық алаңдар қайда, қалай орналасады дегенде қалалықтар үшін ортақ орын ретіндегі әлеуметтік мәніне орай онда кеңсе ғимараттарының болуы, мәдениет орындарының, ас ішетін, көңіл көтеретін жердің болуы да заңдылық. Сондай-ақ, алаңға баратын жұрт жанға сая іздегенде көгалдың, гүлдің, талдың да әсері ерекше. Тіпті айналасында тұрғын үй болуы да алаң көркіне кері әсер етпейді. Айтпақшы бір жылдары алаңдағы еңселі ғимараттарының біріне сот орындары көшіп келеді дегенде оны миға сиғыза алмай, елдің дүрліккені әлі есте. Қазір соты, университеті, партиясы, театры, тұрғын үйі, ресторан, кафесі бар, бәрі де бір алаң айналасына сиып жатыр.

Ертедегі қалалар тарихында алаңда сауда орындары да болған. Кәдімгі тең-тең тауар тиелген түйелерді шөгеріп тастап, теңіндегі барын шығарып, айнала жайма базар жасайтын саудагерлер мен алаңдарды толтырған. Мәскеудегі Қызыл алаңның өзі де орта ғасырда көпестер әкелген тауар толы арбаларға сықиып тұрған. Алайда Борис Годунов деген патша жарлық беріп, саудагерлерді шетке шығарып, алаңды базардан тазартқан.

Берідегі Қызылордада біз көрген бос, тап-таза, айналдыра обком жайғасып, тек парад өтетін алаң араға біршама уақыт салып, тағы да бір жаңармақшы екен. Қимайтын не бар? Аяқ астына төселген, заманынан сыр ашпайтын сұрғылт тастар ма?

Қалалықтардың тұрмысы, ой-өрісі, әл-ауқаты жаңарған тұста алаң да жаңғырып, өз уақытынан белгі беріп тұрса несі айып?..

С.Биқожа

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған