Тоқаев тоқтамы: ЖАҢА ЖЫЛҒА ҮКІМЕТТІҢ ОСЫ ҚҰРАМЫМЕН АЯҚ БАСУҒА БОЛАДЫ МА?
• Ашығын айтуымыз керек, үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді.
• Тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Жұртшылық үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін.
• Бұл – үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер мемлекет басшысының премьер-министрмен және парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек. Алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі. Бұл міндеттер бүкіл ел азаматтарына қатысты. Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек.
• Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды. Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті, мен барша үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын.
• Біз шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру туралы шешім қабылдадық. Алайда Үкімет ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізген жоқ. Соның кесірінен жұрт бұл науқан қалай жүргізілетінін білмей, әуре[1]сарсаңға түсіп жүр. Нақты қандай көліктерді заңдастыруға болатынынан да хабарсыз. Елді алаңдатып, дүрбелең туғызбау үшін Үкімет мұның бәрін тұрақты түрде халыққа қарапайым тілмен түсіндіріп отыруы керек.
• Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мәліметтер бар. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісім-шарт заңсыз берілген. Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай яғни, алтын, мыс, мырыш т.б. 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға сутегін берген. Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауға тиіс. Сосын бұл жерлер адал жұмыс істейтін инвесторларға ұсынылады. Оларға тиісті міндеттемелер жүктеледі. Соңғы кезде геология саласындағы реформаларды созбалаңға салуға әрекет жасалып жатқанын көріп отырмыз. Баяғы кеңестік жүйеге қайта оралып, жер қойнауын «шағын топтың ғана игілігіне» айналдырғысы келетіндер бар. Қазақстанның жер қойнауы инвесторлар үшін ашық болуы керек. Сондықтан Үкімет бұл салада тәртіп орнатуға тиіс.
• Бүгінде 1 500 шақырымнан астам жылу желілері ауыстыруды және жөндеуді қажет етеді. Олардың орташа тозуы 75 пайыздан асады. Ал Арқалық, Риддер және Шемонаиха қалаларында желілердің тозығы жеткен. Үкімет бұл мәселені үш жылдың ішінде шешуі керек. Комиссия есебіне сәйкес, 528 млрд теңге қажет. Бұл қаржыны тиісті бюджеттік несиелеу және тарифтік саясат тұрғысынан қарастыру керек.
• Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет. Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ, біз оны үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын ел көріп отыр. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты.
• Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Келер жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалады, бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады.
• Корпоративтік басқарудың икемді болуы – ойыңа не келсе, соны істеу деген сөз емес. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Себебі, бұл – ең алдымен, халыққа тиесілі мекемелер. Президент әкімшілігі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тағайындауларды үнемі бақылауда ұстап отыруы керек. Жеке адамдардың мүддесін көздейтін кез келген әрекетке тосқауыл қойылуға тиіс. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жеке сектордағы білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Елімізді өркендетеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмылдыруымыз керек.
• Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Сондықтан, сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс[1]шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады.
Президенттің 2022 жылдың 12 желтоқсанында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінен