Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде алдымен теміржол көпірінің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, аудан тұрғындарын жаңа құрылыстың басталуымен құттықтады. Өз сөзінде:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі- ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» – деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Кент орталығынан Дәуімбай елді мекеніне теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге бұл мәселе қиындық туғызып келген еді. Жалағаш кентін екіге бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 9 мың, арғы жағында 6 мыңдай халық қоныстанған. Осы тұстан пойыз өткенде жаяу жүргіншілер үшін өте қауіпті. Халықтың өткел салу туралы сұранысы назарға алынды. Кент тұрғындарының екі жаққа қатынауындағы қиын түйін осылай шешілмек. Сіздердің қолдауларыңыз болса, әріптестерімізбен бірге өңірді өркендетуге жұмыс жасайтын боламыз. Алдағы уақытта сіздерге пайдалануға берілетін болады, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Ауданның ардагер ақсақалы Оспан Жанұзақ жерлестерін жаңа өткелдің іргетасы қалануымен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, бата берді.
«Гүлнұр МК» ЖШС құрылыс жұмыстарын 7 ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Құны 328,7 млн. теңгені құрайтын көпірдің ұзындығы 55 метр. Аспалы көпірде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған шахталық лифт орналасады.
Мұнан соң облыс әкімі М.Шәменов көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба құны-359,1 млн. теңге. Қазіргі таңда көшенің ескі асфальт жабындысы қырылып, тас төселіп, жаяу жүргіншілер жолының бордюрлары салынуда. Қазіргі таңда 559 млн. теңгені құрайтын, ұзындығы 9,5 шақырым болатын 6-ы көше жөндеуден өткізілуде.
Содан кейін аймақ басшысы аудан әкімшілігіне барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді.
– Құрметті әріптестер, Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттерді талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Ендігі кезекте кент және ауылдық округтерді дамытуға басымдық беру маңызды. «Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Ауылдық аумақтарды дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қабылданған бұл шешімді жүзеге асыруымыз керек. Биылғы 19 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ел Президенті барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына жыл сайын бағалау жүйесін енгізу керектігін айтып, оның ішінде ауыл әкімдерінің қызметіне ерекше тоқталды. Күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың мәселелерін шешу, әр отбасының жағдайымен жіті таныс болу – ауылдық округ әкімдерінің тікелей міндеті. Себебі, халық Сіздерді сол аумақтың әкімі етіп сайлады, сондықтан ауылды өркендету ісіне баса назар аудару керек», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің сөзінен кейін, Жалағаш ауданының әкімі Есжанов Асқарбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
– Ауданда әлеуметтік саланы дамытуға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасты. Жалағаш ауданы барлық бағыттар бойынша өсу динамикасын жалғастырып, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 5,4 есеге артып, 13,3 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,4 есеге артып 4 млрд. 846 млн. теңгенің өнімдері өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 5 млрд. 966 млн. теңгені құрап, 5,6 есеге артты. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 млрд. теңгеге орындалып, өсім 101,9 %-ды көрсетті. Өткен жылы ауданның барлық елді мекендерін аралап, тұрғындармен жүздесіп, халықтың талап-тілегін тыңдап, ауданды одан әрі дамыту мақсатында «Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық іс-шара жоспары» әзірленіп бекітілді. Жолдарды және ішкі көшелерді жөндеу бойынша облыстық бюджеттен 8 жобаға 2,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның 924,6 млн. теңгесіне Есет батыр-Жаңадария бағыты мен Жаңаталап-Аққыр бағыттарындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдары жөндеуден өткізілетін болады. Сонымен қатар, 1,3 млрд. теңгеге Жалағаш кенті және 4 елді мекеннің 16 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудан бойынша азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында картоп, бақша дақылдарын орналастыруға шаруашылықтардың демеушілігімен жаңадан 500 гектар жер дайындалды. Оның 255 гектарына картоп, 265 гектарына басқа да бақша дақылдары орналастырылатын болады. Бұл жерлер 610 отбасыға үлестіріп берілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады. Біздің негізгі міндетіміз- халықтың әл-ауқатын арттыру. Алдағы уақытта да атқарылатын жұмыстар халықтың игілігіне бағытталатын болады,- деді аудан әкімі.
Баяндама аяқталғаннан кейін аймақ басшысы аудан әкімінен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданда «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.
– Жоба аясында жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын 409 жоба жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі күнге қаржыландыру үшін құны 677,5 млн. теңгені құрайтын 110 жобаның құжаттары дайын, – А.Есжанов.
Облыс әкімі «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауыл әкімдері жұмыс жасамай жатқанын айтып, бұл жобаға үлкен жауапкершілікпен қарау керек екенін айтты.
– Ауыл халқы сіздерге сенім артып отыр. Барлық ауыл әкімдерін айтудан аулақпын, бірақ көбіңіз берген тапсырманы орындамай жүрсіздер. Көпшілігіңіз ойлайсыздар, бізді халық сайлады, бітті деп, олай болмайды. Аудан әкіміне және аудандық мәслихат төрағасына тікелей осы жоба аясында жұмыс жасау керек екеніп айтып, тапсырма беремін. Жұмыс жасамайтын азаматтардан арылуымыз керек. Мырзабай Ахун, Аққұм және Таң ауылдарынан бөлек басқа ауыл әкімдері бұл жоба аясында жұмыс жасамай көштің соңғы жағында тұрсыздар. Бұл ауыл әкімдерінің жауапкершілігінің төмендігі деп білемін. Ауыл әкімдері мен мәслихат төрағасы аудан әкіміне қолдау білдірулеріңіз керек. Ал біз көбінесе қазақи ағайыншылыққа салынып кетеміз. Одан біз арылуымыз керек. Ауыл әкімдері сіздерді жеке-жеке тұрғызып атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрасам көбіңіз білмейсіздер. Сондықтан жинақталып, бұл жоба аясында бірлесіп жұмыс жасаңыздар. Аудан әкімі, келгеніңізге 1 жыл болды. Енді қатаң түрде шешім қабылдай бастаңыз. Осы өзіңіздің өскен өңіріңіз Жалағашты көркейтіп, дамытуға бар үлесіңізді қосыңыз,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.
– Алдағы уақытта аудан әкімімен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз,-деді Жалағаш ауданының мәслихат төрағасы Елеусінов Өмірзақ.
Әкім тапсырмасы: Ауыл әкімдері барлық ауыл тұрғындарын білуі тиіс. Ауыл жастарына дейін, тіпті жастардың мінез-құлықтарына дейін жіті білуі тиіс. Ауыл әкімдері халықпен бірге болуы керек.
Жалағаш ауданында қылмыс ашу көрсеткіші не үшін өте төмендігін аймақ басшысы аудандық полиция бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Нусеров Мәуленнен сұрады.
– 2022 жылғы ауданға қарасты кент және ауылдық округтерде 77-і қылмыс тіркеліп, оның 55-і ашылған. Ал 17-і қылмыс ашылмай қалған. Бір-бірін танитын тұрғындар тұратын шағын ауданда бұл қылмыстардың ашылмағаны өте ұят. Тәртібі төмен балалармен жұмыс істеу керек. 1 ай уақыт беремін. Аудандағы кемшіліктің бәрін жойып, аудан әкімімен жұмыс жасаңыздар,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Нусеров Мәулен алдағы уақытта бұл көрсеткішті көтеру үшін жұмыс жасайтындығын айтты.
Жиын соңында аймақ басшысы ауыл әкімдеріне аталған мәселелер бойынша кемшіліктерді түзеуге 1 ай уақыт беретіндігін айтып, нәтиже көрсететін болса бірге жұмыс жасайтындығын, теріс нәтиже көрсеткен жағдайда жұмыс жасамайтын адамдар орындарын босату керектігін айтты.
Мұнан соң облыс әкімі Жалағаш аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға барлығы 60-тан астам азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік бағытта көмек сұрап, денсаулық сақтау саласына, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық мәселесіне қатысты сауалдар көтерді. Әрбір сауалдың туындау себеп-салдарын мамандар жан-жақты зерттеп, жауабы нақтыланды.
Құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауына келген азаматтардың да мәселелері тыңдалды. Олардың әрқайсысына қойған сауалының заңдық негізі түсіндірілді. Қабылдауға келген бір топ аналардың тұрғын үй мәселесі бойынша өтініштері оң шешім тапты. Олар жаңа кәсіп ашуға көмектескені үшін аймақ басшысына және аудан әкіміне алғыс білдірді. Сондай-ақ аудан тұрғыны Еркінбай Ақшабаев әлеуметтік осал топ санаты байынша тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты. Облыс әкімі кезектілікті сақтай отырып, баспана алуға жәрдемдесетінін жеткізді.
Қабылдау соңында Нұрлыбек Нәлібаев қабылдауға келген тұрғындардың айтқан барлық мәселесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, айтқан өтініштері ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.
Мұхаммедшах Маратұлы