Әкім елмен етене араласып, бұқараның мұң-зарына дер кезінде назар аударғаны жөн. Сонда тұрғындардың билікке деген сенімі нығайып, тұрақтылық тұғыры беки түседі. Ол үшін шенеуніктер БАҚ-тарды, әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, жұртпен тікелей қарым-қатынас орнатуы тиіс. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Мемлекет басшысының бастамасы әлемдік тәжірибеде сыналып, тиімділігі дәлелденген дүние. Халықпен етене араласып, бірлесіп жұмыс жасау үшін қала әкімі Серік Қожаниязов фейсбук әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашып, тұрғындардың мәселелерін көріп, оңтайлы шешімін табу үшін тиісті басшыларға тапсырма береді. Әкім болып тағайындалғанына 1 ай уақыт болған Серік Салауатұлы «Қызылорда қоғамдық теледидарының» төрағасы Шаһизада Әбдікәрімов пен «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаевамен сұхбат жасады.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Саламатсыздар ма, қымбатты көрермендер. Біздің бүгінгі «Әкім сағаты» хабарына Қызылорда қаласының әкімі Серік Салауатұлы Қожаниязов қатысып отыр. Хабарды «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева және «Қызылорда-қоғамдық теледидарының» төрағасы Шаһизада Әбдікәрімов жүргізетін боламыз. Бүгінгі «Әкім сағаты» хабарында қаланың тіршілігі, алдағы атқарылатын жұмыстар, әкімнің жоспарлары мен бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелерге өздеріңіз жауап ала аласыздар деп ойлаймын.
Серік Салауатұлының қала әкімі болып тағайындалуы бұл тосын жаңалық емес. XXI ғасырдың бірінші онжылдығында Серік Салауатұлы осы қаланы басқарды және жақсы басқарды. Оның жасаған жұмыстары мен тыныс тіршілігі көпшіліктің көз алдында. Одан кейін де біраз қызметтер атқарды. Бұған дейінгі соңғы қызметі Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында болды, міне Қызылорда қаласына қайтадан әкім болып тағайындалды. Демек, Серік Салауатұлы қызмет қуған жоқ, қызметтің өзі Серік Салауатұлын тауып отыр. Сондықтан Серік Салауатұлының тіршілігі, оның қайраткерлігі елдің көз алдында деп ойлаймыз.
Серік Салауатұлы, осы азғантай уақыт ішінде күн жайлатып, түн шолып осы қаланың қойын-қолтығын аралап, біраз нәрселерді көңілге түйгеніңіз және де ойыңызда жүрген біраз мәселелерді нықтап, соларды шешудің жолдарын қарастырғаныңыз рас. Ендеше сөз өзіңізде.
– Қала әкімі болып тағайындалғаныма бір ай уақыт болыпты. Осы қалада туып өскен соң, осы аймақта қызмет жасаған соң қаланың жақсы жағын да, осал тұстарын да жақсы білемін. Оның үстіне соңғы қызметімде де қаланың тыныс-тіршілігіне етене араластым. Бір айдың көлемінде бірнеше нысандарды араладым. Тұрғындармен, оның ішінде ардагерлермен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездестім. Қалалық мәслихат депутаттарымен, күні кеше ғана қоғамдық кеңес мүшелерімен кездестім. Жалпы жағдайды жақсы білемін деп толық айтуға болады. Кейбір мәселелердің шешу жолдары бұрыннан да таныс. Содан да болар қазір кейбір мәселелерді шешуге қатысты ойларым бар. «Әкім сағаты» бағдарламасын пайдалана отырып, өздеріңізбен бірге ақылдасып, жаңа форматта өткіземіз деген ойымыз бар. Айына бір-екі рет шығып, қалада болып жатқан жағдайлар, орын алып жатқан оқиғалар, жоспарлар туралы тұрғындармен бетпе-бет ой бөлісіп, ақылдасып, осы тұрғыда ойымды айтсам деген ой бар. Бір сөзбен айтсақ қаланы басқарудағы бір айдың ішінде көңілге түйгенім тұрғындармен бірлесіп «Қала – біздің ортақ үйіміз» деген ұранмен жұмыс жасайық. Көп жағдайда қалыптасқан, бұрыннан келе жатқан, немесе соңғы уақытта пайда болған мәселелер болса, кемшіліктер болса қала әкімі қайда қарап отыр, әкімдік, тиісті бөлімдер қайда қарап отыр деген сұрақ көп қойылады. Әрине, бұл дұрыс. Жауапкершіліктің бәрі біздің мойнымызда. Бірақ қала ортақ үйіміз болғасын сол мәселелерді бірлесе шешу жолдарын бірге іздеуіміз керек. Шешудің оңтайлы жолдарын қарастыруымыз керек. Сондай ойлармен бүгін көрермен, оқырман алдына келіп отырмын.
Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаев: «АЯНБАЙ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІНІНЕ СЕНЕМІН»
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Жалпы қай нәрсе де көзбе-көз, сөзбе-сөз шешілген дұрыс. «Әкім сағатында» тұрғындардың арыз-шағымдары бар, көзге көрініп тұрған зәру мәселелері бар, соларды тұрғындарды қатыстыра отырып, ақылдаса шешу және оларды ақпарат құралдарында, теледидарда, газетте жариялап, әлеуметтік желілер арқылы тілдесіп, байланысқа шығып отыру бұл аса тиімді. Бұл қадамыңызды біз құптаймыз.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Серік Салауатұлы, жаңа өзіңіз айтып қалдыңыз, қаланың мәселелерін бұрыннан бері білемін деп.Қала қала болғалы келе жатқан ыстық тақырыптардың бірі – ыстық су мәселесі. Мемлекет басшысы өңірге жасаған сапары кезінде облыс әкімі Н.Нәлібаев Президентке осы мәселені көтерді, Президент Қ.Тоқаев назарына ұсынды. Президент ол мәселенің шешімі табылатындығына және қолдау көрсететіндігіне сенім білдірді. Өзіңіз де осы қызметке келгелі бері қалалықтарды ыстық сумен қамтамасыз ету, қалада жаңадан салынып жатқан ЖЭО-ның құрылысын сапалы жүргізу туралы айтып келесіз. Дегенмен, әлде де кеңірек, таратып айтып берсеңіз…
– Өткен жылдың қазан айында аймаққа арнайы іс-сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына облыс әкімі ыстық су мәселесін, осы қала тұрғындарының мұқтажы, сұранысы деп ашық айтып, бұл мәселе Президент тарапынан үлкен қолдау тапты. Алдағы екі-үш жылдың көлемінде осы мәселені шешу үшін Президент Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Үкімет резервінен қажетті қаржы бөлінетін болды. Бүгінде біз жоба-сметалық құжаттарды дайындап болдық. Жалпы қалада 802 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 184-іне орталықтан ыстық су жеткізу мүмкіншілігі жоқ. Ол жертөлесі жоқ ескі үйлер, сонымен қоса апаттық жағдайдағы тұрған үйлер. Қалған 600- дің үстіндегі үйлердің 195-інде бұған дейін де, қазір де ыстық су жіберетін жағдайы бар. 423 үйге 27 млрд.-тай қаржы жұмсап, жұмыс жасаймыз. Тағы бір ерекшелігі үй жертөлесіндегі кемшіліктердің бәрін ретке келтіріп, ыстық суды апарған кезде кәріз құдығын жөндеп, суын жөндеп, басқа да кемшіліктер болып жатса жөндеп кетеміз деген ойдамыз. Осы жұмыстардың барлығын бөлінген қаржы есебінен қарастырып отырмыз. Ол өте тиімді, өте жақсы болады. Бізде қазір қыстың күні ЖЭО жылу беріп тұрған кезде, кейбір көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары батареялардағы ыстық суды пайдалануда. Бұл да шығын, әрі шәйнекке су ысытсаң газ шығыны да бар. Электр қуатын көп қажет ететін “Аристонға” су ысыту да арзан тұрмайды. Ертең құбыр бойымен ыстық су барғанда оның шығыны “Аристонға” қарағанда анағұрлым аз. Оның үстіне ыстық су үшін тұрғындардың төлейтін төлемі Аристонға қарағанда үш есе арзан. Сол себепті барлық жағынан тұрғындарға тиімді болады.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Серік Салауатұлы, бір нәрсені нақтылап жіберейікші. Көп қабатты үйлердің пәтерлеріне ыстық су әкелген кезде бір жағынан өжірелерді тазартып, бұзылған ақаулы жерлерін жөндеп, тұрғындарға ызадан құрғатылған, масадан арылған, сасық иісі жоқ таза өжіре қалдырып кетеміз деп отырсыздар. Бұның өзі тұрғындарға үлкен көмек. Екінші нәрсе өзіңіз айтқандай “Аристон” өте қымбат. Енді біз ыстық суды әкелеміз дегеннен кейін тұрғындарда бір сұрақ бар. Тариф қымбаттап кетпейді ме деген…
– Тариф қымбаттап кетпейді. Антимонополия заңдылығына сәйкес тұтынушы көбейген сайын тариф азайтуымыз керек, бізге қиынға соғуы мүмкін деген уәждерін айтып отыр. Алайда тариф түспесе көтерілмейді.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Бұл өте бір жақсы бастама екен. Жалпы әңгімені судан бастағаннан кейін, оны діттетіп, соңына дейін жеткізгеніміз дұрыс болады деп ойлаймын. Серік Салауатұлы, жалпы Сыр өңірі шөл және шөлейтті аймақтар категориясына жатады. Бізде судың жетіспеушілігі көгалдандыру мәселесіне де қиындықтар келтіреді. Ең бастысы – аяқ су. Баяғыдай көше бойлап ағатын «Сарқырама», арықтар жоқ. Қазір олардың көздері бітелген. Және Сырдарияның суды жіберу деңгейі де өте төмен. Сондықтан қаланы көгалдандыру бағытында, көшелерге, немесе жеке қожалықтарға аяқ су жеткізу мәселесінде қандай жоспарларыңыз бар?
– Бәрі жаман деп айтуға болмайды. Барлық арықтар бітеліп қалған жоқ. Жалпы қалаға аяқ су беріп отырмыз. Бірақ ол жеткілікті деңгейде емес. Кезінде болған арықтардың кейбіреулері қоршалған, кейбірі көміліп қалған, кейбірі бітеліп қалған. Оны ретке келтіруге тиіспіз. Біздің мақсатымыз қаланы көгалдандыруда бізге дейін басталған жұмыстарды ары қарай дамыту, жалғастыру. Президенттің қолдауымен, Үкіметтің қолдауымен аймақ басшысының үйлестіруімен облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналды. Көптеген тұр ғын үй, әлеуметтік нысандар, кәсіпкерлік нысандар қосылып, көшелер кеңейіп жатыр. Облыс әкімінің қолдауымен қаланың тұрғындарға ыңғайлы болу, қолайлы қала ету, қалалықтардың өмір сүру деңгейін көтеру бағытында жұмыс жасайтын боламыз. Соның алғашқыларының бірі – қаланы көгалдандыру мәселесі. Ол үшін біз былтырдан бастап, Түркістан қаласының тәжірибесін қарап, «Жасыл Қызылорда» деген мемлекеттік мекемені құрдық. Не үшін ондай қадамға бардық деген сұрақ туындауы мүмкін. Біздегі жағдайда көгалдандыруға ақша бөлінеді. Оған аяқ су апаруға тендер өткізіледі. Тендерге қатысқан мекемелер, ұтқаны, ұтылғаны бар бір-бірімен таласып, соттасып жүреді. Содан да суды кеш береміз. Гүлдер мен талдарды да өзінің мезгілінде емес, кеш егеміз. Сол себепті мемлекеттік мекемені құрдық. Ол тендерсіз тал, гүл, көшеттері бар басқа да көгалдандыруға керектерді сатып алып, жұмыс жасайды. Екіншіден көгалдандырумен бірге аяқ су мәселесін шешуіміз керек. Сол себепті қала әкімінің орынбасары етіп, көп жылдар ирригация саласында жұмыс жасаған азаматты тағайындадық. Бүгінде қалада су беріп жатқан 17 канал бар. Кейбір каналдар өз деңгейінде жұмыс жасап жатыр. Кейбіреулері бітеліп, құбырлары тесілген. Дарияда су азайғанменен, су қаланы көгалдандыруға, аяқ суға жеткілікті. Кейбір жерлерде насостың орнын өзгертуге мәжбүр боламыз. Қажет болып жатса үлкен қуатты насостар қоямыз. Канал арықтарының жүйелерін ретке келтіреміз. Өкінішке орай, өткенде қаланы аралап қарасам каналдарымыз не құдайдың, не адамның есебінде жоқ. Арық бар, бірақ құжатта жоқ. Сол үшін инвентаризация жасап, түгендеп, паспорттарын жасаймыз. Өйткені құжаты болмаса қаражат бөлінбейді. Биылғы көктемде суды ертерек беру деген мақсат қойып отырмыз. Күз айында егілген талдар бар. Сол үшін де ертерек су беру керек.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Жалпы дұрыс екен. Бұрындары тендер өткізіп, бас-басына би болып, ерте ме кеш пе оның ережелерін сақтаймыз деп жүріп уақыт өткізіп алатынбыз. Серік Салауатұлы, «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесін құрған кезде иесіз қалған арықтардың есебін аласыздар. Соларды түгендейсіздер. Сол жұмыстардың бәрін «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесінің қадағалауына берген дұрыс шығар.
– Солай болады. Талды егеді. Күтіп ұстап, баптайды. Қазір көп жағдайда біреу егеді, тастап кетеді. Су бар ма, жоқ па, әрі қарай қадағаламайды. Егетін де, күтіп баптайтын да, су беретін де бір мекеме болады. Біз көгалдандыруға мамандарды шақырып жатырмыз. Щучинск қаласында «Ұлттық агралық ғылыми-білім беру орталығы» институты бар. Институт басшыларымен сөйлесіп, келістік. Олар жаңа тал егетін болса, жердің құнарлығын қарап, басқа да жұмыстарын жасайды. Сонымен қоса бұрынғы өсіп тұрған талдардың кейбірін құрт жеп жатыр. Алматы қаласында «Өсімдік қорғау және карантин ғылыми- зерттеу институты бар. Оның да мамандарын шақырып жатырмыз. Мамандар келсе, ақылдасып, бірлесіп ескі талдарды емдеп, жаңадан егілетін талдарды бағдарлап көретін болады.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Қызылорда қаласы – аймағымыздың ортасы. Аудандардың ба лығына ортақ. Жан-жақтан кірме жолдар бар. Біраз кірме жолдар жөнделіп, жақсарып, аркалар орнатылып, сәні келіп қалды. Бірақ енді бір-екі тұс бар. Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Қызылорда қаласының даму жоспарына байланысты Құмкөл трассасы жақтан кіретін кірме жолды жөндеу, жаңғырту бойынша ұсыныстар айттыңыз. Осы бағытта өзіңіздің жоспарыңызды кеңірек айтсаңыз. Сонымен қатар қала әкімі болып тағайындалғаннан кейін, бірінші аралап көрген нысандарыңыздың бірі – «ЦКЗ-ның қаңқасы қалған жер». Темір жол вокзалын жөндеп, әдемі етіп қойдық деп мақтанып айтамыз. Бірақ айналасы абаттандыруды сұрап тұрған сияқты.
– Мәселе өте орынды. Бұған дейін де қаланың кіре-беріс жолдары ретке келді. Бірақ оны әлде де жетілдіру қажет. Бүгінде әуежайдың терминалы салынуда. Жоспар бойынша облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес, әуежайдан қалаға келетін жолды екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстыру керек. Қазіргі таңда жарықтандыру бір жақ бетінде. Жарықты екі жақ бетіне орнату, жолды төрт жолақты етіп жасап, велосипед жолағын жасап, қажет болған жерлерде жаяу жүргіншілер жолын саламыз. Осы бағытта жұмыс жасаймыз. Бүгінде жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Биыл басталады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Шымкент жақтан қала маңына кіргенде жолымыз жақсы. Ал аспалы көпірден кейін Жаппасбай батыр көшесінің жәйі мәз емес. Көшені кеңейтуге жұмыс жасаймыз. Жезқазған – Қызылорда жолы салынуда. Бұл бізге Астанадан кіреберіс жол болады. Осы кіреберіс жолды да реттеу ойымыз бар. Сонымен қоса ішкі жол деп аталып кеткен Тереңөзектен келгендегі жолды дұрыстауымыз керек. ЦКЗ-ның қаңқасы қалған ғимарат көрікті бұзып тұр. Кезінде үстіндегі ғимаратты сатып алған, бірақ та астындағы жер мемлекеттікі. Қаңқасы қалған ғимараттың иесімен сөйлестік, адам өміріне қауіп төндіретінін, көркін бұзып тұрғанын түсіндірдік. Келіссөздер жүргіздік. Біздің ұсынысымызға келіспеді. Сотқа бердік. Бұзатын шамам келмейді деді. Өздерің бұзатын болсаңдар, келісемін деді. Жоба-сметалық құжаттарды дайындап, тиісті басқа да құжаттарды дайындап жатырмыз. Қаланың кіреберістері реттеледі.
Темір жол вокзалына жөндеу жұмыстары жасалды. Келесі жылы Қызылорда қаласының Қазақстанның астанасы болғанының 100 жылдығын атап өтеміз. Өткен ғасырдың басында салынған вокзалдың перронынан, Әуелбеков көшесінен бастап Тағзым алаңына дейін дизайнкод жасап жатырмыз. Вокзалдың маңын әдемілесек деген ойымыз бар. Дизайнкодты кәсіпкерлер тегін жасап беріп жатыр. Жалпы сол маңайдағы ғимараттарды бұрынғы тарихи қалпына келтіру жоспарымыз да бар.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Жақсы бастама. Қаланың кіре-беріс жолдарын айтқан кезде қаладағы жаңа қоныстардың бірі “Бәйтерек” мөлтек ауданы қалай болады?
– “Бәйтерек” мөлтек ауданына кезінде жақсы жоба жасалды. Көп жағдайда кейбір жерлерде басында жасаған жобадан алшақтап кеткені рас. Кейбір ойлы-қырлы жерлерді тұрғындар шамалары келгенше істеді. “Бәйтерек” үлкен қаланың тұрғын үй массиві болды. «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектеп бар. Жарықтандыру, жол мәселелері қолға алынып жатыр. Бүгінде халыққа жер “Бәйтерек” мөлтек ауданынан беріліп жатыр. Сондай-ақ «Бәйтеректен» өзімізде өсетін сыр талы, жиде, тағы да басқа ағаштардың питомнигін жасағымыз келеді. Бұл бір жағы мөлтек ауданға көрік берсе, екінші жағынан көшет егу мәселесін шешеді. Алдағы уақытта “Бәйтеректің” жағдайы дұрысталады.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Серік Салауатұлы, әңгімеңіздің арасында айтып қалдыңыз, келесі жыл Қызылорданың астана болғанына 100 жыл болады деп. Бұл тек қана Сыр бойы емес, бүкіл Қазақстан қазақ атауын алып берген Қызылорданың астана болғанының 100 жылдығын тойлайды деген сөз. Қаланың тұрғын үйлері, көгалдандыру туралы әңгіме болып жатқан кезде есіме қаладағы апатты үйлердің жай-күйі түсіп отыр. Бұл апатты үйлердің алды 60-70 жыл болған. Бірақ бұның бәрі табиғи нәрсе. Олардың бәрі ескіден қалған көз. Одан да арылатын уақыт келіп отыр. Онда адамдар да тұрып жатыр. Апатты үйлерді қалпына келтіру немесе жаңғырту, жаңа үйлер салу туралы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…
– Өкінішке орай, қала болғасын апатты үйлер барлық жерде болады. Кезінде Тасбөгетте платина салынғанда пайда болған екі қабатты ескі үйлер бар, ЖЭО мен ЦКЗ салынғанда салынған Титов, Гагарин аймақтарында ескі тұрғын үйлер бар. Есепте тұрған апатты үй деп саналған 51 үй бар. 530 отбасы тұрып жатыр. Сол мәселені шешу үшін тұрып жатқан жалғыз үй апатты деп танылса мемлекет тарапынан апатты үйлерді бұзып, орнына тегін үйлер беру мүмкіншіліктері бар. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Биылдың өзінде Тасбөгет кентінде 100-130 пәтерлі үй соғамыз деген жоспарымыз бар. Бір бөлігі Тасбөгет, бір бөлігі Титовта болады. Қазір жерлерді қарастырып жатырмыз. Биыл тұрғын үй салудың қарқынын көбейтеміз. 100-дің үстінде үй соғылады деген жоспарымыз бар. 530 отбасын алдағы 3-4 жылда жаңа үйге қоныстандыру ойымызда бар.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Қызылорда таза қала деп мақтанамыз. Қазіргі аймақ басшысы Н.Нәлібаев қала әкімі болған тұста таза қала деңгейіне жеттік. Сырттан келген қонақтар да бізді мақтап кетеді. Бірақ әлде де үйден шыққан қоқыстарды талдың басына байлап кететін, немесе көшеге лақтырып кететін әдетімізден арыла алмай отырмыз. Әлемде қоқысты өңдеп, оны қайтадан кәдеге жарату үлкен бизнеске айналып отыр. Осы ретте өзіңіз де қаламыздағы қоқыс полигонына барып көріп, араладыңыз. Қандай ой түйдіңіз?
– Кемшіліктер көп. Кемшілік екі тараптан да бар. Біз тазалаймыз, жинап кетеміз. Бірақ айналып келіп, қарағанда қоқыстар қайтадан жатады. Сырттан келіп ешкім тастап кетпейді. Қалдықтармен жұмыс жасау мәдениетін қарастыруымыз керек. Ірі қалаларда қалдықтарды сұрыптау, оны өткізу қалыптасқан. Әрине ол бізде бірден бола қоймайды. Біздің ойымызда – “Сол жағалауға” контейнерлер алаңын орнату. Басқа қалаларға қарағанда біздің жақсы тұсымыз қоқысты жинайтын, тасымалдап, сұрыптап, полигонға көметін, бәрі «Қызылорда тазалығы» мекемесінің құзыретінде. Қалада бұрыннан келе жатқан полигон бар. Жазда ыстық болса өртеніп, қаланы жағымсыз иіс жайлайтын – бұл қазіргі полигон. Тағы да бір полигон жабылып қалған. Сол полигонды ретке келтіруіміз керек.
Шаһизада Әбдікәрімов:
-Қызылорда қаласы өте бір қызық қала. Бір жағы қазақы қала десек, екінші жағы республикада бірден-бір ауылдары бар қала. Қалаға жақын маңда орналасқан елді мекендер қала әкімдігіне қарайды. Оның үстіне айналамызда саяжайлар да бар. Саяжай тұрғындарының да өзіндік мәселелері бар. Олардан шағым да көп түседі. Саяжайларды инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, немесе олардың жағдайын жасау бағытында жоспар бар ма?
– Қала әкімі болып тағайындалғаннан кейін фейсбук әлеуметтік желісінде парақша аштым. Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін. Байқасам тұрғындардан түсетін сұрақтардың көбісі саяжайларға байланысты. Ең үлкен саяжай – “Сабалақ”. Ол жақта 4000- 5000 халық тұрады. Қазіргі күні саяжай емес, қаланың бір бөлігі болып кеткен. “Сабалақ” тұрғындары газ, жол, жарықтандыру мәселелерін жиі көтереді. Көтеріліп жатқан мәселелерді қолға аламыз деп жатырмыз.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Қызылордалықтар қауіпсіз қалада тұрғысы келеді. Әркімнің де осындай қалауы бар. Өзіңіз жаңа айттыңыз, әлеуметтік желіде парақша аштым деп. Осы қызметке келгелі бері қалалықтармен жақын болуға ұмтылып, олардың шағымдары мен пікірлерін өздерінен естуге талаптанып жүрсіз. Әлеуметтік желі пайдаланушыларының бірі қаланы қауіпсіз қалаға айналдыру үшін мысалға Оңтүстік Кореяны келтіре отырып, өзінің пікірін білдіріпті. Қылмыс болмайды емес, болады. Біздің қаламызда бейнекамералар бар. Бірақ кейбіреулері жұмыс істемейді. Облыстық мәслихаттың кешегі сессиясында қалаға жүздеген бейнекамералар алуға қаражат бөлінді. Біз қаланы қауіпсіз қалаға айналдыра аламыз ба?
– Әлеуметтік желіде парақша ашқанымның мақсаты халықпен етене жақын болып, кері байланыс жасау. Бүгінде біз қаланы 5 секторға бөлдік. Біздің мақсатымыз қордаланған мәселелерді шешу. Өткенде қалалық полиция басқармасының басшысын қабылдадым. Алдын-ала өзін жеке қабылдадым, содан кейін мамандармен бірлесіп мәселелерді қарадық. Қазір қалада ұрлық көбейіп кетті. Көбінесе ұрлық шет аймақтарда басым. Себебі бейнекамералар жоқ. Ол жерден полиция бекеттерін ашуымыз керек. Алдағы уақытта келетін бейнекамераларды бұзақылық, ұрлық көп болатын жерлерге орналастырамыз. Тағы бір мәселе – алаяқтық. Барлық мәселені бір мезгілде шешуге мүмкіндік жоқ. Тұрғындарға қауіпсіз жағдай жасау үшін алдымен іс-шара жоспарын әзірлеуіміз керек.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Серік Салауатұлы, байқайсыз ба біздің бүгінгі әңгімеміз негізінен қаланың әлеуметтік мәселелеріне арналып отыр. Себебі қала дегеннің өзі әлеумет қой. Соның бірі – көгілдір отын мәселесі. Біз осы уақытқа дейін көзшамамен қарап отырсақ, Қызылорда қаласы газбен толық қамтамасыз етіліп отыр. Тіпті іргедегі ауылдардың өзіне де біраз жерге газ барды. Бірақ қазір қыс көзінде қаланың шет жағындағы тұрғындарға газ жетіспей жатыр. Тоңған жайымыз бар. Келіп жатқан газдың қуаты өте мардымсыз деген шағымдар көптеп түсіп жатыр. Бұны зерттеп көрдіңіз ба? Бұдан қорытынды шығарудың жолдары қалай деп ойлайсыз?
– Сұрағыңыздың басында өзіңіз қала газбен толық қамтамасыз етілген дедіңіз. Шындығында олай емес. Қаланы толық қамтамасыз ету мүмкін де емес. Алайда қаланы газдандыру тұрақты түрде жүргізіледі. Соңғы кезде қаладағы газдандыруда ақтаңдақтар пайда болды. “Тоңдық” деп шулауға себеп сол. Ақшасын төлеп отырмын, газдың қуаты неге аз деп тұрғындар да дұрыс айтады. Тұрғынның үйіне тартылған газ құбырының диаметрі 10 үйге ғана газ жеткізуге жарамды делік. Алайда, қазақшылықпен бірден-бірге жалғап, бір құбырға 20 үй қамтылады. Газ қуаты әлсіреу себебінің бірі осы. Сондықтан газ таратушы, жеткізушілерге талап етіп отырмыз. Техникалық талапты сақтау туралы. Көмірмен отырсын. Қалаға 205 жыл болды. Осы уақыт аралығында да көмірмен отырдық. Тағы шыдамдылық танытып 2-3 жыл көмірмен отырайық. Бүгін газды қосып алып, ертең қыстың көзі қырауда газым жетпейді деген әңгіме болмас үшін. Қаламыздағы газдандарудың ақтаңдақ мәселесін шешу үшін алдын-ала есеп бойынша миллиардтың үстінде қаржы керек.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Демек газдандыру мәселесінде саннан гөрі, сапаға көшеміз дейсіз ғой. Қаламызда «Арай» мөлтек ауданының тұрғындары айына бір рет немесе екі рет біз «кока-кола» су ішіп жатырмыз деп дабыл қағады. Былай қарағанда тұрғындардың реніші орынды. Өйткені расында да арада уақыт өткеннен кейін жақсармай, керісінше қайталанып отырады. Осы мәселені біз шеше аламыз ба?
Шаһизада Әбдікәрімов:
– «Кока-кола» деген сөзіңізді тырнақшаға алып қойыңыз. Әйтпесе ел шыныменде кока-кола ішіп жатыр деп ойлап қалар.
– Бұл мәселемен хабардармыз. “Арай” мөлтек ауданында қателеспесем 13 ұңғыма бар. Резервуарлар жиі ластанып, қайта-қайта лайланып қалады. Бір қызығы дүйсенбі-жұма аралығында су жақсы болады. Ал екі күн демалыста өзіңіз айтқандай «кока-кола» болып шығады. Мамандардың айтуы бойынша демалыс күндері тұрғындар суды көп қолданады. Бірақ көмектеспейді. Осы орайда неге лай су ағатынын анықтау үшін Алматы қаласынан арнайы мамандандырылған мекеме қызметкерлерін жалдап, шақырып жатырмыз. Тұрғындар шыдауға тура келеді. Күн жылығасын біз құбырларды тазартатын боламыз. Қолдан келген амалдың бәрін жасап жатырмыз. Нақты айтқанда мәселені білеміз, шешімін табу жолдарын зерттеп жатырмыз.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Қаланың өзінде жолаушылар тасымалының қозғалысы бірте-бірте жолға қойылып, жүйеленіп келе жатқан секілді. Бірақ осы тақырыптың өзінде мәселелер әлі бар?
– Әрине бар. Мәселе болмаса тұрғындар әлеуметтік желіге өздерінің шағымдарын жазбайды ғой. Мәселелерді шешу үшін аймақ басшысының қолдауымен жаңадан автобустар алып жатырмыз. Қолма-қол ақшаны азайту бойынша жұмыстарды жасап жатырмыз. Біраз жоспарлар бар. Жақын арада мәселе түбегейлі шешілмесе де біршама шешіліп, жақсаратын болады.
Сәрсенкүл Бихожаева:
– Серік Салауатұлы, қаланың мәселесі шаш етектен ғой. Жаңа әріптесім айтқандай мына мәселе айтылса екен деп саусағын бүгіп отырған тұрғындар бар. Бірақ енді көп мәселені келесі кезекке де қалдырайық. Біздің кездесуіміздің соңы бұл болмас деп ойлаймын. Жалпы өзіңіздің халықпен ашық, жақын болғыңыз келетін ниетіңіз келген беттен бастап аңғарылады. Әлеуметтік желіде парақшаңызды аштыңыз. Бүгін міне дәстүрлі екі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сұхбат беріп отырсыз.
Аймақ басшысы Н.Нәлібаев қала әкімі болған кездері қаланың экономикалық, әлеуметтік әлеуетін көтеріп кетті. Ел арасында Қызылорда өзгерген, жаңарған, тазарған, қала үстіне қала салынып жатыр деген жақсы аты тарады. Ендігі міндет – сол деңгейден түспеу, қала басқаруда өзіңізге сенім білдірген облыс әкімі Н.Нәлібаевтың сенімін ақтауда, ел алдындағы міндеттерді орындауда табыс тілейміз.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Сіздің ашық әкім болғым келеді деген ниетіңізді қолдаймыз. Тұрғындар да қолдайды деп ойлаймын. Облыс әкімі сіздің жаңа бастамаларыңызды қолдайды. Сіздің алдағы атқаратын жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. “Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін” түйетін уақыт та жақындап қалды. Әңгімеміздің соңында тұрғындарға айтатын бір ауыз сөзіңіз бар ма?
– Ортақ үйімізді таза ұстап, бірлесіп дамытайық. Тағы да айтып өтейін келесі жылы Қызылорда астана болғанына 100 жыл болады. Мерекенің қарсаңында біраз жұмыстарды жасауымыз керек. Келетін қонақтардан Қызылорда ең таза, дамыған, тұрғындарға өмір сүру сапасы жасалған қала деп баға алып қалу мақсатында жұмыс жасауымыз керек.
Шаһизада Әбдікәрімов:
– Рақмет! Қымбатты көрермендер біздің хабарымыз мәреге тақап қалды. Өздеріңіз байқап отырғандай «Әкім сағаты» бағдарламасының формасы жаңарып жатыр. Енді алдағы уақытта Серік Салауатұлы айтқандай эфирге жиі-жиі шығатын боламыз. Сұрақтарыңыз болып жатса, көңілде жүрген ойларыңыз болса «Қызылорда қоғамдық теледидарына» немесе оның сайтына, қала әкімінің парақшасына тікелей байланыс жасауға мүмкіндіктеріңіз бар. Сондай-ақ «Ақмешіт ақшамы» газеті редакциясына өздеріңізді толғандырып жүрген мәселелерді жолдауларыңызға болады. Осымен хабарымыз аяқталды. Сау-саламатта болыңыздар. Эфирді бірге жүргізген Сәрсенкүл Бихожаева қарындасыма үлкен рақмет. Осымен хабарымыз аяқталды.
Сұхбат соңы:
«Көшбасшы болмаса, ел оңбайды» демей ме көреген халық. Әкім болу әр адамның ісі, халқына жақын болу нар адамның ісі. Сондай нар тұлғалы азамат, ел қамын ойлаған адал жанға айналуды азаматтық парыз деген тұлға ғана елінің ертеңіне сара жол салары анық. Президент нақты тапсырма берді, енді әкімдер ел үшін ерінбей еңбек етуі тиіс. Қалғаны уақыт еншісінде…
Сұхбатты газет бетіне ықшамдап дайындаған Мұхаммедшах Каюп