Ел тарихындағы зауал шақтардың бірі – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, елім деп өткен ерлерді, жазықсыз жапа шеккен сансыз боздақтарды еске алып жатырмыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын еске сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады» деген болатын. Расында, солақай саясаттан теперіш көрген ұлт зиялыларының қилы тағдырын, тар жол тайғақ кешкен өмірін жадымызда жаңғыртып отыру – біздің парызымыз. Бүгінді ұлықтау өткенді ұмытпаудан негіз алса, тәуелсіз еліміздің шығар шыңы, алар асуы көп болары хақ.

Тарихтың ақтаңдақ беттеріне көз жүгіртсек, Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және ұзақ-сонар тізімнің ішінде басым көпшілігі қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері. 25 мың адам ату жазасына кесілген.

Солардың бірі де бірегейі, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтқа ұстын болған жерлесіміз Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туғанына биыл 125 жыл. Қазақы қалпымызды сақтауға, мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан азаматты ардақтау шаралары жыл басынан бері түрлі деңгейде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен 2023-ші жыл түркі әлемінде Жүргенов жылы болып жарияланғаны баршамызға мәлім.

Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшырады. Қазақстан аумағына корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударды. Қазіргі таңда олардың ұрпақтары қазақтай қамқор халықпен тағдырын байланыстырып, тәуелсіз елдің аспанын бұлт торламауына тілекші болып отыр.

Қасиетті Отанымыздың азаттығы бекем, келешегі кемел болған сайын, өткен заманның ақтаңдақ беттері айқындалып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» күйін кешкен қамсыз, дәрменсіз күндер артта қала бермек. Жазықсыз жапа шегіп, жалғаннан ерте озған боздақтардың рухы шат болғай.

Pедакциядан: Елімізде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сыр жұртшылығы атынан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зиялы қауым өкілдерімен бірге нәубетке ұшыраған боздақтар рухына тағзым етті.

Іс-шарада зиялы қауым өкілдері, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық жұмысшы топ өкілдері және тарихшы-ғалымдар, қала тұрғындары ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Мұнан кейін «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде құрбандардың рухына құран бағышталды

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған