Осы апта басындағы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баға мәселе болды.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%-ды құрағанын, оның ішінде азық-түлік бойынша инфляция 1,4%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 0,9%-ды, ақылы қызметтер бойынша 0,7%-ды құрағанын хабарлады. Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана мен Шымкентте 2,2%, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан 1,8%, Ақтөбе 1,7% және Ұлытау 1,5% екен.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7%-ды құраған. Маңғыстау, Ұлытау облыстарында және Астана қаласында баға қатты өскен. Атап айтқанда, пияз 22,5%-ға, күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт пен сәбіз 3,1%-ға, картоп 3,0%-ға, кеспе 2,6%-ға қымбаттаған.

Ресми ақпарат бойынша қазіргі уақытта республикада бағаны тұрақтандыру құралдары қайта қаралды. Мәселен, «айналым схемасы» шеңберінде қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталды. Қазір қаржы тікелей өндірушілерге беріледі, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі өзгертілді. Өнімді сатып алу егін жинау кезеңінде жүргізілді.

Бұдан басқа ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатуға дейін сақтауға мүмкіндік беретін келісім-шарт жасауға форвардтық сатып алу тетігі енгізілді. Бүгінгі таңда 2022 жылғы егін келісім-шарты бойынша нақты қорларда: пияз 110%, картоп 105%, сәбіз 87%, қырыққабат 70% бар. Қазіргі уақытта сауда объектілері арқылы пиязды сату туралы тапсырма берілді.

Үкімет басшысының айтуынша, әкімдіктерге барлық қажетті тетіктер ұсынылды, қаражат бөлінді, алайда жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес. Мысал ретінде Премьер-Министр өңірлерге пияз бойынша келісім-шарт жасау тапсырылғанын айтты.

Қызылорда: Делдалдар қысқарып, баға үстемесі азаяды?..

Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына тұрақтандыру қорының қаражатына толығымен облыстың және өзге өңірлердің тауарөндірушілерінен тікелей өніммен қамту мәселесін қолға алуды тапсырды. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өндіруші кәсіпорындар және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен тікелей келісім жасай отырып, сатып алынған өнімдерді әлеуметтік дүкендерден бөлек басқа да ірі сауда орталықтары арқылы сатылуын үйлестіру тауар интервенцияларын жүргізу және дебиторлық қарыздарды өндіру жүктелді. Мұнан бөлек, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы делдалдық схемаларды қысқарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп, баға үстемесін қадағалау бойынша міндет қойылды.

ҚЫМБАТ БАҒА ӘКІМДЕРДІ ТАҚТАН ТАЙДЫРАДЫ?

Сондай-ақ Үкімет басшысының айтуынша, республикадағы форвардтық сатып алу тетігі бірінші кезекте өндірушілерді қаржыландыру үшін қайта форматталған. Алайда әкімдіктер делдалдарды көбейте отырып, жеткізушілерге қаражат бөлуді жалғастыруда.

Жыл басынан бері сауда саласындағы заңнаманы бұзушылық фактілері жоқ, дегенмен барлық әкімдіктерге тиісті өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсынымдар жіберілген болатын.

Үкімет басшысы Ә.Смайылов:

– Өңірлерді комиссия отырыстарын өткізуге “қинағандай етіп” мәжбүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Тағы да қайталап айтамын: азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеті. Жұмысқа немқұрайлы қарау орын алса және нәтиже болмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылды – дейді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған