Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңадан тағайындалған су жаңа 5 министрді қабылдап, оларға өз салалары бойынша жүзеге асырылуға тиіс тапсырмалар берді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму бойынша геология және табиғи байлықты пайдалану салаларында, көлік логистикалық потенциалын дамыту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, тұрғын үй секторы құрылысын арттыру бағытында Марат Қарабаевқа таңдау текке жасалған жоқ.
Сондай-ақ өзі жас әрі нәзік Экология министрі Зүлфия Сүлейменоваға да артылар салмақ жүгі аз емес. Су саясаты мәселесін реттеу, табиғи ресурстарды дамыту, көгалдандыру мен азаматтарды экологиялық тәрбиелеу екінің бірінің қолынан келмесі анық.
Туризмді дамыту, бұқаралық спорт пен мәдениетті жақсарту жас министрдің тағы бірі Мәдениет және спорт министрі Асқат Ораловқа да оңайға түспесі анық. Қазірдің өзінде де мәдениет пен спорттың бір тізгінге байланып тұрғанына базынасы бар жұрттың, оған Ораловтың иелік ете алатынына сенімі де селкеу болып тұр.
Биылғы жылдан жүзеге асатын “Жайлы мектеп” ұлттық жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ мектеп пен балабақша тәрбиесін, білімін жетілдіру Ағарту министрі Ғани Бисембаевқа да білдірілген үлкен сенім.
Әділетті Қазақстанға жетер жолда елдегі қабылданатын заңдарды жетілдіру, нормативтік-құқықтық базаны жақсарту Әділет министрі Азамат Есқараев үшін де ел алдындағы үлкен жауапкершілік болмақ. Президент Үкіметті жаңартуда жастарға, еңбек жолын жұмысшыдан бастаған еңбек адамдарына, креативті көзқарасы бар бұрыннан келе жатқан мемлекеттік қызметкерлерге жол салды. Ал жасарған, жаңарған үкімет Президент тапсырмасын қаншалықты орындай алады?.. Бұның жауабын уақыт өте білерміз…