Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы аясында Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің жеке құрамы Қызылорда облыстық тарихи – өлкетану мұражайында болды.
Ел тарихын, мәдениетін білу – әрбір азаматтың міндеті. Ал, өткенді білмей болашаққа көз жүгірту мүмкін емес. Мұражай – өткеннің ізін жаңғыртып, тарихтан сыр шертетін негізгі құрал. Ел егемендігі жолындағы аға-әпкелеріміздің ерлігі мәңгі жадымызда жаңғырып тұруы қажет. Міне, осындай тарихи оқиғаларды санамызға сіңіруде мұражайлардың орны ерекше. Осыларды ескере келе, Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің бастығы әділет капитаны Бақтияр Дәуренқұлов әскери полиция бөлімшенің әскери қызметшілері мен отбасы мүшелерінің тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасауына ұйытқы болды.
Іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің шығармашылық қабілетін жетілдіру, өткен тарихқа деген құрметті қалыптастыру және мұражайдағы бай тарихи жәдігерлермен танысу.
– Музейдегі тарихымыздан сыр шертетін тамыры терең түрлі құнды заттар мен өткенді айна қатесіз бейнелеген көріністерден көп ой түйдік. Ішкі жан дүниеміз бен руханиятымыздың дамуына үлкен септігін тигізді. Бабалардың батырлығына, елді қорғаудағы ерліктеріне тәнті болдық, – дейді әділет капитаны Бақтияр Дәуренқұлов.
Мұражайдағы қазақ халқының зергерлік, этнографиялық бұйымдарын, екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған қару-жарақ түрлері мен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарына арналған жәдігерлерін көру арқылы жеке құрамның рухани дамып, патриоттық сезімдері мен таным-түсініктерінің молайып шыққаны анық.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров