Түркия мен Сирия

МЫҢДАҒАН ҮЙ ЖАРАМСЫЗ…

Түркиядағы жер сілкінісі болғаннан кейінгі 12 ақпандағы ақпарат бойынша 12 мың тұрғын үй жермен-жексен болған. Тағы да 8 мыңға жуық үй қираған, пайдалануға жарамайды.

Тиісті мекеме мамандары 132 мың ғимаратты тексергенде оның 7584-і қираған немесе дереу сүрілуді қажет етеді, оның үстіне 12617 үй тұруға жарамсыз.

Жер сілкінісі салдарымен үйіндіге айналған үйлердің дұрыс салынбауына 131 адам кінәлі деп күдікке ілінген. Олардың кейбірі іздестірілуде.

ЖАРЫҚҚА 4 МЛН ДОЛЛАР…

Сириядағы жер сілкінісі салдарынан елдегі ірі электрстанциялар зардап шекпегенімен Латакиядағы подстанса зақымданған. Оны жөндеуге айлап уақыт кететін көрінеді. Сондай- ақ елдегі электр энергиясын қалпына келтіру үшін 4 млн доллардай қаржы керек.

Ақпанның 6-сында Түркиядағы жер сілкінісінде Сирияның да бірнеше ауданы зардап шеккен.

БАСПАНА ЖАЛДАУҒА 265 ДОЛЛАР

Түркия Президенті Ердоған Ережеп жер сілкінісінен зардап шеккендерге жыл ішінде баспана жалдауға жәрдемақы берілетінін мәлімдеді. Қираған пәтер иелеріне 265 доллар, жалға алушыларға 106 доллардан төленеді.

– “Ондаған провинцияларда біз бір жағынан үйінділерден тазартамыз, екінші жағынан жаңа аудандардан жаңа үйлер салынады. Бізге бір жыл уақыт беріңіздер”, – дейді Түркия Президенті Ердоған.

Бұдан сәл уақыт бұрын Ердоған алғашқы кезекте әрбір зардап шегушінің отбасына 530 доллардан төлем төленетінін жариялаған. Апат зардаптарын жою үшін түрік билігі 5,3 млрд доллар қаржы бөлуге шешім қабылдаған.

МЕКТЕПТЕР ҚИРАДЫ

Сирияда жер сілкінісінен ондаған мектеп қирады, 600-ге тарта мектеп бүлінді. Сондай-ақ 100-ден аса мектеп ғимараты зардап шеккендерге уақытша тұруға берілді.

КІНӘЛІЛЕР КҮДІККЕ ІЛІНДІ

Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан қирап, үйіндіге айналған, мыңдаған адамдардың ажалына себепші болған үйлердің сапасыз құрылысына кінәлі деп танылған 100-ден астам адамды тұтқындауға ордер жазылған. Алды тұтқынға алынып та жатыр.

Бұдан бөлек түрік қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша апат кезінде үйлерді, пәтерлерді тонаған 40-тан астам күдіктілер ұсталған. Олардан мыңдаған долларлар, түрік лирі, мобилді телефондар, тағы да басқа тұрмыстық бұйымдар, тіпті қару-жарақ, қымбат әшекей бұйымдар, банк карталары тәркіленген.

ЖЕР СІЛКІНІСІНІҢ АҚИҚАТЫ ҚАНДАЙ?

Түркияның төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше ақпан айының бас жағында болған жер сілкінісі 500 атом бомбасы түскенмен бірдей.

Апат болғалы бері жұрттың бәрі әралуан болжамдар айтуда. Бірі қолдан жасалған зардап деп Ресейді, енді бірі АҚШ-ты кінәласа, жер сілкінісіне дайын болмады деп Түркия билігін айыптайтындар да бар. Ақиқаты қандай? Ғалымдар не дейді?

Қирап, үйіндіге айналған ғимараттардың барлығы жер сілкінісіне төтеп беру талабы қатаймаған 2000-шы жылдарға дейін салынған. Оның үстіне қирағандардың конструкциясында ақаулар болған. Сейсмологтар қауіпті апат болатыны туралы ескерткен. Бұдан 17 жыл бұрын Стамбул университетінің танымал профессоры 2030-шы жылға дейін елде жер сілкінісі болуы туралы ескерткен. Мамандар үшін апаттың орын алғаны тосын жағдай болмады. Ресей ғылыми академиясы Физика институты бас ғылыми қызметкерінің айтуынша: “ірі жер сілкіністері сирек болады. Қайталану заңына сәйкес дәл осындай ірі жер сілкінісі Түркияда бұған дейін 1939-шы жылы орын алған. Одан бері тұрғындар саны өсті. Бос жерлерге ел қоныстанды. Әрине адамдар табиғатынан әр нәрсені бір-бірімен байланыстыруға, ұқсатуға құмар. 1965 жыл мен 2005-ші жыл аралығында Суматрада жер сілкінгелі бері әлемде 8,5 баллдан жоғары апат болған жоқ. Одан кейін бірінен соң бірі орын алды.

Осы жылғы апатқа байланысты да әралуан жорамалдар айтылуда. Мәселен Техас университеті ғалымдарының бұрын белгісіз болып келген жер жабындысын таптық дегені де отқа тамызық болды. Тіпті, кейбір БАҚ-тар қаңтардың соңында Қытай ғалымдарының планета ядросы баяулады, содан да айналыс векторы өзгерді дегенін де еске салды.

Әр түрлі теориялар көп, бірақ ғалымдар оларды теріске шығаруға да, немесе мақұлдауға да дәрменсіз, өйткені дәлел жетіспейтін көрінеді.

Енді геолого-минералогиялық ғылымдардың кандидатының айтуынша “Сейсмикалық бақылаулар дерегі бойынша жер үсті мен ядроға дейін 12 км, бұл бұрғыланған скважина. Әрбір бірнеше ондаған метр тосын сый жасады – жабындылардың реттілігі бірқалыпты емес, бір жерден су табылды, енді бірінен алтын көрдік.

Біздің ойымызша плиталар қозғалыста, оның үстіне сұйық ядродан ерітілген, ыстық заттың “қаймағы” бөлінуде. Ол жоғарыға көтерілгенде жер қабатына өте жақын келіп, оны жыртып жiберуi мүмкiн. Демек плитаiшiлiк жер сiлкiнiсi”.

Италия Ұлттық геофизика және вулконология институтының дерегінше Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан литосферада 150 километр бөлініс пайда болған, ал Аравия плитасы 3 метрге жылжыған. Ғалымдар бұл плиталар әлі орнықпағандықтан әлі де бірнеше ай бойы шағын жер дүмпулері болады деп отыр.

Түркиядан бөлек, енді қай жерде тағы жер сілкінісі болады дегенде ғалымдар “стансалар тербелісті өлшеп тұр. Алайда мониторинг деректері елдің бәріне бірдей қолжетімді емес. Жапония. Онда баяғыдан бері желі бар, ақпараттарды алып, апаттың жақындап келе жатқан белгілерін анықтай алады. Қазір онда қауіп бар. Жапония үшін бұл аса өзекті” дейді.

2011-ші жылы бұл елде ірі жер сілкінісі орын алған. Алайда, халық тығыз орналаспаған мекен болғандықтан көп зардап шеге қойған жоқ. Ал, қазір апат орын алса, онда цунами толқындары Токиоға ұрады. Апаттан 300 мыңдай адам қаза болуы мүмкін”.

Зерттеушілер жақын арада, таяу жылдары Түркияда тағы жер сілкінісі болады деп болжам жасауда. Онда 15 миллион халқы бар Стамбул зардап шегуі мүмкін.

2021-ші жылы қала мэрі жасаған баяндамада 7,5 балл шамасында 209 мың ғимарат құлайды делінген.

АПАТ ШЫҒЫНЫ – 84 МЛРД ДОЛЛАР

Түркияның кәсіпкерлері мен іскер орта өкілдері Конфедерациясы бағалауынша ақпан айындағы Түркияда болған жер сілкінісінен ел экономикасына 84 млрд доллар, немесе елдің ішкі жалпы өнімінің 10 пайызы көлемінде шығын келген.

Қираған ғимараттар шығыны 70,8 млрд доллар. Одан бөлек ел бюджетінің кіріс бөлігі 10,4 млрд доллар зиян шегіп отыр. Жұмыс күшінің шығыны 2,9 млрд доллар.

Ел Президенті Ердоған Ережеп зардаптарды жоюға 5,3 млрд доллар бөлуге уәде еткен.

ЖЕР ДҮМПИ БЕРЕДІ МЕ?

Ақпан айының 6-сындағы алапат жер сілкінісінен кейін біршама уақыт өткенде, нақтылап айтар болсақ, ақпанның 20-сында Түркия мен Сирия елінде тағы да жер сілкінісі болды.

Осы аптаның дүйсенбісі күні кешке 6,4 пен 5,8 балл шамасындағы дүмпуден Түркияда 6 адам қаза болып, 300 адам зардап шеккен. Ресми емес ақпарат көздерінің дерегі бойынша Сирияда бес адам қаза болып, 500-дей адам зардап шегуде.

Ақпарат көздерінің мәліметінше ауруханаға түскендердің басым дені үрейге бой алдырған, жүрек талмасына ұшыраған, сынған дене жарақттары бар адамдар.

Ақпанның 6-сында қалтырап, сыр берген ғимараттар осы жолы қираған.

Дүйсенбі күнгі дүмпуден кейін Грекия, Египет, Израиль, Ливан елдерінде де жер тербеліп, сілкінгісі келгендей сыр берген.

Ливанда көп жұрт түн бойы көшеде жүрген, үйге кіру қорқынышын баса алмаған. Келесі сейсенбі күні Ливанда Білім министрінің бұйрығымен барлық сабақ тоқтаған, балалар оқитын ғимараттардың барлығына қайтадан инженерлік сараптама жасалған.

Түркия Президентінің айтуынша «апат аймағындағы 1 млн 123 мың ғимаратқа бағалау жүргізілген. 139 мың үй құлаған, немесе бүлінген, сүрілуді қажет етеді.

900 мыңға тарта Түркия азаматы палаткілерде тұрып жатыр. 23,5 мың тұрғын контейнер үйлерге орналастырылған. Жыл ішінде барлығына жаңа баспана беріледі» деп билік уәде етуде.

Толық ақпарат «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған