Соңғы жылдары барлық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында көш бастап келе жатқан Сырдария ауданы екені бәрімізге мәлім. Әкім болып тағайындалғанына небәрі 3 ай болған аудан басшысы Берік Сәрменбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде 2023 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы БАҚ өкілдеріне баяндады.
Аудан басшысы жеткізген басты қуанышты жаңалықтардың бірі бұл Қалжан Ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов, Шаған елді мекендерін көгілдір отынға қосу үшін республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, газ желілері жүргізілетіндігін айтты.
– Бүгінде Тереңөзек кенті табиғи газбен толық қамтамасыз етілген. Ал ауданға қарасты елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Биыл республикалық бюджеттен құны 298 млн.теңгені құрайтын қаржыға Қалжан ахун ауылына газ желілері жүргізіледі. Ал С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыруға 40 млн. теңге қарастырылды. Сонымен қатар демеушілік есебінен жасалған Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына бюджеттік өтінім ұсынылса, Бесарық, Ақжарма елді мекендерін көгілдір отынмен қамту жобалары қолға алынды, – деді аудан әкімі.
Биыл өз бюджетін 9,6 млрд. теңгеге бекіткен Сырдария ауданы қаржыны ұлғайтып, қазіргі таңда аудан бюджеті 10,7 млрд. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар аудан бюджетінің 63,7 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталған.
Осы жылы Сырдария ауданында өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының өнімі 1,4 пайызға өсті. Ал инвестиция 72,4 пайызға, тұрғын үй 26,9 пайызға және құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 есеге артқан.
– Осы жылдың соңына дейін құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Ал жеңілдетілген несие алу үшін 414 млн теңгені құрайтын 49 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарымен қарастырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға аудан халқы белсенділік танытуда. Бүгінде бағдарлама аясында 3 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаты дайындалып, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылуда, – деді Берік Сәрменбаев.
Сондай-ақ ауданда 3247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Жалпы осы жылдың 6 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.
Сырдария ауданы аграрлы аймақ екенін білеміз. Осы ретте, аудан басшысы егін егу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айта кетті.
– Биыл аудан бойынша егілген егістің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артты. Атап айтқанда, 35732 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары, оның ішінде 23500 гектарға күріш, 12232 гектарға басқа дақылдар егілді. Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы мәселе тудырды. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылы шаруашылықтарға 22 насос алынды. Биыл қосымша 4 насос алынып, бүгінде 32 насоспен егінге су жеткізілуде.
Аудан әкімі атап өткен тағы бір жаңалық бұл елді мекендердегі электр бағаналары мен желілері толық жаңартылып жатқандығы. Нақты айтқанда ауданда электр қуаты мен ауыз су құбыры желілеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткендігі анықталыпты. Осыған байланысты бюджет есебінен 2,8 млрд. теңгеге Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған ауылдарында трансформаторлар толығымен жаңартылып жатқандығын айтты.
Сонымен қатар Берік Сәрменбаев биыл облыс әкімінің бастамасымен «Үздік елді мекендер» байқауы өткізіліп, Н.Ілиясов ауылы бірінші орынды жеңіп алғандығын мақтан етті. Сондай-ақ, бұл Сырдария ауданы үшін жетістік екендігін айта кетті.
Аудан басшысы білім саласына да тоқталып өтті.
– 2022-2023 оқу жылын 471 түлек мектеп бітіріп, олардың 396-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Мектеп бітіруші түлектердің 29-ы «Алтын белгі», 35-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда. Сонымен қатар биыл облыстық бюджеттен 182,4 млн. теңге бөлініп, Іңкәрдәрия, А.Тоқмағамбетов пен Қалжан Ахун елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік бекеттері күрделі жөндеуден өтуде. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 405 млн. теңгеге Н. Ілиясов ауылында жаңа амбулатория құрылысы салынуда.
Брифинг соңында журналистер аудан әкіміне бірнеше сұрақтар қойды. Солардың бірі: Қазалы ауданы брендіміз кәмпит деп жатады, Жаңақорған ауданы қауын, қарбызымыз бренд деп жатады, Арал тұзымен бренд, ал Сырдария ауданының бренді не?
Бұл сұраққа Берік Сәрменбаев ойланбастан Сырдария ауданының бренді ақ күріш деп жауап берді.
Тағы қойылған сұрақтың бірі: Шіркейлі елді мекеніндегі дау мәселесі.
Бұл сұраққа да аудан басшысы заң жүзінде барлығы шешілетінін, тұрғындардың барлық талап-тілектері тыңдалатынын жеткізді.
Мұхаммедшах Маратұлы